Елімізде қанша инвестициялық жоба жұмыс істеп тұр?

2045

Ірі инвестициялық жобалар тұтастай алғанда ел экономикасының даму көрсеткіштерінің бірі екендігін мойындауымыз керек.

Елімізде қанша инвестициялық жоба жұмыс істеп тұр? Фото: canva.com

2024 жылы Қазақстанның қай өңірінде қандай жобалар іске қосылды, сондай-ақ, қандай жоба жоспарлануда, оған жұмсалған қаражат пен қанша жұмыс орыны ашылды, осы жөнінде inbusiness.kz сайты шолу жасайды.

Астана

Биыл елордада 4 мыңнан астам жұмыс орнын қамтитын құны 272 миллиард теңгеге бағаланған 55 жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтсақ, олар – лифт құрастыру зауыты, көлік құралдарының корпусын құрастыру ісіне қызмет көрсету орталығы, ішкі және сыртқы қабырға панельдерін өндіру, тігін фабрикасы, заманауи логистикалық орталық, медициналық орталық, фермерлер базары және тағы басқа ірілі-ұсақ жобалар.

Бірінші жартыжылдықта аталған жобалардың 20,3 миллиард теңгені құрайтын 12-сі іске қосылып, тиісінше 361 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Алматы

Алматыда 9 134 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 606,3 миллиард теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба бекітілген. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бүгінде 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Жыл соңына дейін тағы 9 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасына және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларына сәйкес – өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустриялық аймақ секілді экспорттық әлеуеті қазіргі таңда алып шаһардың басым бағыттары болып тұр.

Қалада автомобиль жасау және фармацевтикалық бұйымдар өндіру кластерлері дамып келеді. Нәтижесінде салық пен әлеуметтік төлемдер деңгейі ұлғайған. Инвестициялық жобалар Алматы индустриялық аймағының аумағында іске асырылады.

Ақмола облысы

Шағын және орта бизнес саласын қоса алғанда, барлық салаларда жеке инвестициялар есебінен Ақмола облысында 190 миллиард теңгеге 198 жобаны іске асыру жоспарланған болатын.

Олардың ішіндегі ең ірілері – Аршалы ауданында орналасқан қуаты 15 МВт жел электр станциясы, құрама жем зауыты, Көкшетауда жарма өндіру зауытын салу. Жобаларды іске асыру есебінен 1 763 жұмыс орнын құру көзделген.

Бүгінгі таңда 46 миллиард теңгеге 60 жоба пайдалануға берілді.

Алматы облысы

Бүгінгі таңда өңірде 595 жұмыс орнын құрумен 76,2 миллиард теңге сомасына 5 жоба іске асырылған. Әкімдіктің хабарлауынша, жыл соңына дейін жалпы сомасы 329 миллиард теңгеге тағы 35 жоба іске асырылып, 4 231 жұмыс орны ашылады.

Жетісу облысы

Жаңадан құрылған облыста "Агро-өнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы" шеңберінде 2024-2026 жылдарға жалпы сомасы 33,2 миллиард теңгеге 31 жоба жоспарланған екен.

Олардың қатарында – қайта өңдеу саласы бойынша 3 жоба (4,5 миллиард теңге), мал шаруашылығына қатысты 14 жоба (19,1 миллиард теңге), су үнемдеу технологияларын қалыптастыру үшін 11 жоба (8,26 миллиард теңге), бау-бақша аумағын кеңейтуге байланысты 1 жоба (5 миллион теңге), жылыжай құрлысын соғуға 2 жоба (1,2 миллиард теңге) кезекте тұр.

Биыл жалпы құны 13,1 миллиард теңге болатын 13 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұның ішінде халыққа аса қажетті мал бордақылау алаңы бар сүт өңдеу цехының құрылысы мен суды үнемдеу технологиялары бойынша 7 жоба бар.

Шымкент

Осы жылы Шымкентте жалпы сомасы 67, 2 миллиард теңгеге бағаланған 1 100-ден аса жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Әзірше, тек 2 инвестициялық жоба іске қосылған.

Түркістан облысы

Биылғы жылдың соңына дейін өңірде жаңа 2 408 жұмыс орнын ашуға жоспарланған жалпы сомасы 114,5 миллиард теңгеге тең 62 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінде жалпы сомасы 40,7 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба іске асырылып, 926 жұмыс орны құрылған.

Қызылорда облысы

2024 жылы жалпы сомасы 31,3 миллиард теңгеге 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған болатын. Нәтижесінде, облыста 409 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Қазіргі таңда жалпы сомасы 8,2 миллиард теңгеге 4 жоба іске асырылды. Олар – күріш өңдеу зауыты, 400 орындық мектеп-интернат, энергияны үнемдейтін әйнек өндірісі және халыққа ыңғайлы сауда үйі. Осының нәтижесінде аймақта 130 жұмыс орны құрылған.

Облыста жыл аяғына дейін 279 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 23,1 миллиард теңгені қамтитын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның қатарында – минералды ұнтақ пен асфальтбетон өнімдерін өндіру, көкөніс қоймасы, сауда үйі, күріш зауыты мен нан-тоқаш өнеркәсібі, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешенін салу жөніндегі жобалар бар.

Жамбыл облысы

Ағымдағы жылы өңірде 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары бар. Жыл басынан бері 6 жоба іске қосылған.

Олар – мақсары майын өндіру, СЭС салу, "Жайсаң" кен орнын өнеркәсіптік игеру, Шатыркөл-Жайсаң кластерінде жаңа байыту фабрикасын салу, құмды қиыршық тас өндіретін зауыт салу және "Көксай" туристік базасын құру.

Жыл соңына дейін – ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету орталығы, сүт өнімдерін өңдеу цехы, тұқы өсіру, алкоголь және алкогольсіз өнімдер өндіру цехы, сондай-ақ демалыс аймағын салу секілді 13 жобаны іске асыру күтілуде. Аталмыш жобалардың инвестициялық көлемі 228,4 миллиард теңгені құрайды және 1 432 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Шығыс Қазақстан облысы

Өңірдің инвестициялық жобалар тізіміне – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, энергетика және туризм салаларында 3 602 жұмыс орнын қамтитын 916,6 миллиард теңге сомасындағы 40 жоба енгізілген. Аталған барлық жобаларды 2032 жылға дейін іске асыру жоспарлануда.

2024 жылы 10 инвестициялық жоба іске қосылуға тиіс. Олардың ішінде "Алтай" көтерме-тарату орталығы мен Өскеменде сауда-өндірістік кешен салу құрлысы бар.

Жобаларды іске асыру барысында 400-ге жуық жұмыс орнын құрып, өнім шығару мен бюджетке салықтық түсімдерін ұлғайтуға, туристерге көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Абай облысы

Ағымдағы жылы облысты жалпы сомасы 15,4 миллиард теңгеге 382 жұмыс орнын қамтитын 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгеге бағаланған 4 жоба іске асырылды. Осының еәтижесінде 95 жұмыс орны құрылған.

Сондай-ақ, 2024 жылға арналған "Өңірді дамыту" бюджетінен 290 бюджеттік-инвестициялық жобаны іске асыруға 79,8 миллиард теңге бөлу қабылданған.

Павлодар облысы

Ағымдағы жылы өнеркәсіп саласында 100,2 миллиард теңге сомасына 1 049 жұмыс орнын құруды көздеген 8 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Олардың ішінде бүгінгі таңда құны 4,1 миллиард теңге болатын 3 жоба іске асырылды. Олардың қатарында 3 миллиард теңгеге жылыту радиаторларын (Павлодар) өндіру, 700 миллион теңгеге бағыттамалы бұрмаларға (Екібастұз) арналған пластикалық жиынтықтауыштарды өндіру және 400 миллион теңгеге гиперпресстелген кірпіш өндірісі бар.

Жыл соңына дейін инвестиция сомасы 96,1 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны енгізу жоспарлануда. Олар – 92 миллиард теңгеге ферроқорытпа зауытын салу, 2,5 миллиард теңгеге толық циклді кеңсе және мектеп жиһаздарын өндіру, 600 миллион теңгеге электрмен дәнекерленген түзу тігісті құбырларды шығару зауытын жаңғырту, 600 миллион теңгеге қорғасын-мырыш аккумуляторларын қайта өңдеу, алюминий құймаларын өндіру және 400 миллион теңгеге қорытпалар ісін жандандыру.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында өңірде биыл 10 миллиард теңгелік 9 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

Қостанай облысы

Ауыл шаруашылығы саласында 2024 жылы 300-ге жуық жұмыс орнын құруға бағытталған құны 29,4 миллиард теңгелік 38 жобаны, оның ішінде мал шаруашылығы саласында 14 жобаны, өсімдік шаруашылығында 19 жобаны, сондай-ақ, өнімді қайта өңдеу бойынша 5 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге 10 жоба пайдалануға берілді.

Ұлытау облысы

Биылғы жылы жалпы сомасы 26,5 миллиард теңгеге 900-ден астам жұмыс орнын құру мақсатында 14 жобаны іске қосу жоспарланған болатын.

Жыл басынан бері облыста 1 миллиард теңге сомасына 2 жоба іске асырылды. Бұл "Хан ордасы" қонақ үй кешені мен әрқайсысының құны 500 миллион теңге тұратын асфальтбетон зауытының құрылысы.

Жыл соңына дейін 13 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр. Оның ішінде – "Жаманай-Айбат" кен орны базасында мыс өндіру бойынша Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырумен жаңғырту, құрамында алтын бар кендерді үймелі-сілтілеу технологиясы бойынша "Ашықтас" кенішінде қайта өңдеу кешенін салу, жел станцияларын салу жобалары бар.

Осы жобаларды іске асыру барысында 900-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылып, облыстың негізгі капиталына инвестициялар мен бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуы күтілуде.

Солтүстік Қазақстан облысы

Өңірде жыл басынан бері 2 жоба іске асырылды. Олар – 500 миллион теңге инвестициясы бар "Кирпич СК" ЖШС жұмыс істеп тұрған кірпіш зауытын кеңейту және Есіл ауданында асфальтбетон зауытын салу жобасы. Соңғысының инвестиция көлемі 1 миллиард теңгені құрайды, жобалық қуаттылығы - жылына 150 мың тонна өнім.

Жыл соңына дейін 1 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын қамтитын жалпы сомасы 49,1 миллиард теңгеге 15 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы

Облыста 3,5 мың жұмыс орнын қамтитын 252 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жобаларды толықтай іске қосу жыл аяғына таман жоспарлануда.

Аталған жобалар қатарында – Кремний қорытпаларын өндіру, жел энергетикасы қондырғыларына арналған конустық мұнаралар шығаратын зауыт салу, темірбетон бұйымдары мен кірпіш, түзу тігісті құбырлар, "Howo-Sarantruks" маркалы жүк автомобильдерін құрастыру, металл бұйымдарын ыстық мырыштау зауытын салу сияқты жобалар бар.

Бұл жобаларды іске асыру негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 910,4 миллиард теңгеге дейін және өнеркәсіптік өндіріс көлемін 3,8 триллион теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Батыс Қазақстан облысы

Жыл басынан бері өңірде жалпы құны 6,5 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған. Олар – кірпіш зауыты, мұнай өнімдерін сақтауға арналған резервуар, жол бойындағы сервис кешені, минералды су өндіру цехы және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтар өндірісі.

Бұдан өзге, жыл соңына дейін 102 миллиард теңгеге 17 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында "Рожков" кен орнында көмірсутектерді барлау және өндіру, спорт кешені, қонақ үй құрлысы, асфальтбетон зауыты және 4 сүт фермасын салу бар.

Атырау облысы

Бірінші жартыжылдықта облыста Атырау вагон құрастыру зауыты мен "Іnfinitymall" сауда-ойын-сауық кешені сияқты жалпы сомасы 30 миллиард теңгеге 2 инвестициялық жоба іске қосылған.

Жыл соңына дейін жалпы құны 42,7 миллиард теңге болатын 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бқдан бөлек, машина жасау, ауыл шаруашылығы және химия салаларында өңірдің дамуына ықпал ететін заманауи экспортқа бағдарланған кәсіпорындар құру жоспарлануда.

Маңғыстау облысы

Облыста бүгінгі таңда экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы 15 миллиард теңгеге 5 жеке инвестициялық жоба іске қосылған.

Жыл соңына дейін 350 жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы сомасы 37 миллиард теңгеден асатын 12 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Ақтөбе облысы

2024 жылы облыста бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған болатын.

Олар – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехын жаңғырту, темір кендерін құрғақ магнитті сепарациялау фабрикасын салу, ұсақ бөлшекті бұйымдар өндіру цехын салу, жүнді бастапқы өңдеу және тоқыма емес материалдар дайындау цехын соғу, майлы дақылдарды қайта өңдеуге арналған астық қоймасын салу.

Аталмыш жобаларға шамамен 27,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуды және 300-ге жуық жұмыс орнын құруды көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу