Елімізде құрылыс материалдары қаншалықты қымбаттады?

1488

Көктем шыға елімізде құрылыс жұмыстары қызу басталады. Осыған орай құрылыс материалдары мен арнайы жабдықтардың, түрлі құрал-саймандардың да бағасы бір күнде шарықтап шыға келеді.

Елімізде құрылыс материалдары қаншалықты қымбаттады? Фото: canva.com

Биыл Қазақстанның әр аймағында болған табиғи апаттар да құрылыс материалдарының бағасын көтеріп жіберді.

Мәселен, ғимараттың беріктігіне кепіл болатын темірбетон өнімінің бағасы жыл басында орта есеппен 1 кубы 15 000-18 000 теңге болса, қазір 20 000-24 000 теңгеге дейін көтерілді. Сол секілді, ауыр құрылысқа қолданылатын арнаулы техника бағасы да жыл басындағы 20 000-30 000 теңгеден 50 000-57 000 теңгеге бір-ақ өсті.

Жылда құрылыс маусымында бағасы шарықтап кететін темір-терсек пен арматура бағасы биыл да өсу динамикасын баяулатпай тұр. Қаңтар айында арматураның тоннасы орта есеппен 140 000-150 000 теңге болса, маусым айынан бастап темір-терсек бағасы 210 000-220 000 теңгеге дейін қымбаттады. Ал, топырақ пен құмқайыр бағасы тоннаға шаққанда қыстағы 8 000-9 000 мың теңгеден 12 000-14 000 теңгеге дейін артты.

Бұдан өзге, құрылыс жұмыстарына аса қажетті құрал-сайман бағасы да едәуір өскендігін байқауға болады. Шеге, бұранда, сым-темір секілді күнделікті керек-жарақтар бағасы барлық жерде тұрақсыз екенін байқауға болады. Әрине, бұл материалдар құрылыс маусымы аяқталған соң біртіндеп арзандайды. Алайда, қара жұмысқа арналған қарапайым күректің бағасы былтыр, яғни, 2023 жылы бір данасы 2 800 теңге болса, биыл бір күректің орташа құны 3 000 теңге болып тұр.

Дегенмен Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс жұмыстарына жарамды тас, топырақ, құмқайыр секілді табиғи шикізаттар бағасы аса қымбаттамаған. Тек жанар-жағармай бағасына байланысты тасымал қызметі үшін ғана кей жерлерде 2 000-3 000 теңге аумағында баға айармашылығы бар. Керісінше бұл өңірлерде құрал-саймандар мен құрылысқа қажетті құрылғылар, өңдеу-жаңарту жұмыстарына арналған жекелеген жабдықтар мен материалдар сұранысқа ие.

Ақтөбе облысында жалпы алғанда құрылыс материалдарының бағасы біршама тұрақтылығы байқалады. Жылдың алғашқы үш айында құрылыс материалдары үшін сұралған баға жаз шыға шамалы арзандаған. Бұл көптеген құрылыс жабдықтары мен материалдардың көршілес Ресей елінен келетіндігімен байланысты болса керек.

Дәл осындай көрсеткіш, яғни, құрылыс материалдарының баға тұрақтылығы мен біршама арзандауын Павлодар облысынан да көруге болады. Аталмыш өңірлерде көбіне есік-терезе, әйнек, бояу мен сыр секілді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына арналған құрылыс материалдарына сұраныс басым.

Атырау облысында құрылыс материалдарына қатысты еш өңірге ұқсамайтын ерекше нарық бағамы қалыптасқан. Облыста қыс айларының өзінде ескі және жаңа құрылыс материалдары мен жабдықтары үшін бірден қымбат баға сұралады. Ол көрсеткіш жаз айларында шыңырау шегіне дейін шарықтай көтеріледі.

Алайда, көктемгі су тасқынынан кейін баға күрт төмендеп, жаппай арзандау тенденциясы байқалды. Бірақ керісінше, құрылыс материалдары арзандағанымен, құрылыс-жөндеу жұмыстарының бағасы өскен. Құрылыс жұмысына аса қажетті құрал-саймандар бағасы мен олардың жалға беру қызметі де жоғарылаған.

Қостанай облысында құрылыс материалдары мен жабдықтардың бағасында жыл басынан бері ерекше өсу немесе құлдырау байқалмады. Жаңа материалдар мен ескі жабдықтардың нарықтағы бағасы бар-жоғы 3 000-5 000 теңге айырмашылығын ғана құрайды. Қостанай жерінде құрал-саймандарға деген сұраныс басым. Сонымен қатар өңір бойынша сантехникалық құрылғылар мен жылыту жүйесіне арналған жабдықтар көп саудалануда.

Еліміз бойынша құрылыс материалдары мен жабдықтарының бағасы былтырдан бері өзгермеген жалғыз аймақ, ол – Солтүстік Қазақстан облысы. 2023 жылдың көктемінен бері өңірде құрылыс және жөндеу жұмыстарына арналған керек-жарақтар бағасы болмашы ғана көтеріліп, басылды. Баға өзгерісі тұтынушыларға білінбеді десе де болады. Дегенмен, бұл өңір үшін де ең сұранысқа ие тауар – жылыту жабдықтары мен қосалқы бөлшектер боп тұр.

Жалпы алғанда еліміз бойынша құрылыс материалдарының нарықтағы бағасы әр өңірде әр түрлі. Бәрі де халықтың сұранысына байланысты. Ерекше көңіл аудартатыны, қазір елімізде жаппай құрылыс пен жөндеу жұмыстарына арналған техникалар мен құрал-саймандарға, арнайы құрылғылар мен олардың қосалқы бөлшектеріне деген сұраныс артқан. Соңғы жылдары халықтың басым көпшілігі өз шаңырағын табиғи апаттар мен климаттық қатерлерге төтеп бере алатындай етіп жабдықтауға көшкен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу