Елорда орталығын автокөліктер үшін жабу керек – Асхат Сәдуов

26330

Қала адамды жаяу жүруге ынталандыруға тиіс.  

Елорда орталығын автокөліктер үшін жабу керек – Асхат Сәдуов

Елордадағы "Атырау" жаяу жүргіншілер көпірінің авторы, "Урбанистика орталығының" жетекшісі, урбанист, сәулетші Асхат Сәдуов астанамыздың келбеті қалай өзгеретінін, велоспиед жолдары, LRT және жекеменшік үйлердің ауласында бизнес ашу туралы inbusiness.kz-ке әңгімелеп берді.  

– Біз қазір 2030 жылға дейінгі аймақтық дамудың "Жайлы қала" мастер-жоспарын жасап жатырмыз. Мастер-жоспар биыл дайын болады. Бұл құжат жай құжат емес, жоспарлау бойынша озық технологияларды қолданатын әдістемелік нұсқаулық ретінде ұсынылады. Онда қаланы өмір сүруге жайлы ету, дарынды адамдарды шақыру, экономиканы тұрақтандыру жолдары қарастырылады. 

Қаланы өлшеуге, талдауға арналған цифрлық құралдар жасалып, сапалы жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаланы жаяу жүргіншілерге, қоғамдық көліктерге қолайлы мекенге айналдыру қолға алынады. Сонымен қатар, елорда экономикасының нәтижелі дамуына не қажет екені де белгілі болады. Шеткері аймақтар мен орталықтың байланысы жақсарады. Қала бақылаусыз өсе бермейді.

– Қала көшелерінде көлік кептелісі жиі болады. Әсіресе, қарбалас уақытта көліктердің жүруі өте қиын. Осы мәселені шешуде қандай-да бір жаңа әдіс-тәсіл бар ма?

– Біріншіден, талдау жасау арқылы қаланың негізі экономикалық орталықтарын анықтадық. Ол жерлер ең алдымен адамдар көп жұмыс істейтін аймақтар. Осы аудандардың бір-бірімен байланысын оңтайландыруымыз қажет. Келесі мәселе, Есіл өзенінен өтетін тар өткелдер бар. Сол себепті, көлік қатынасын жақсарту үшін көбірек көпір салу керек. Үшіншіден, бүгінгі күні "Нұржол" бульвары, тарихи орталық және "Еуразия" СҮ маңайы экономикалық орталыққа айналды. Қазір осы үш ауданнан көлік нөпірі қаланың барлық бағытына толассыз ағылуда. Осы аудандар арасындағы көлік қозғалысын жеңілдету керек.

– Құжатта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаланың қолайлы болуына көңіл бөлдіңіздер ме?

– Бүгінгі күні қаланың инклюзивтігі жағынан бірқатар мәселе бар. Ғимараттар бойынша да, көшеден өту жөнінде де ұсыныстар әзірлеп жатырмыз. Ғимараттың іші де, сырты да мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жайлы болуға міндетті. Көшелер ең алдымен жаяу жүргіншілерге арналуы тиіс. Содан кейін ғана көлікке қолайлы жағдай жасауды ойластырған дұрыс. Яғни, басымдық жаяу жүргіншіге беріледі, автокөлік екінші кезекте. Жаяужолдардың автомобиль жолымен қилысатын жері кеңейтіліп, биігірек көтерілуі тиіс.

– Қала келбетін бірізділендіру жоспарда бар ма? Әсіресе жекеменшік үйлерге арнайы талап қойыла ма?

– Жекеменшік үй иелері баспанасы мен жер учаскесінің дизайны қандай болатынын өздері шешеді. Алайда мастер-жоспар аясында үй иесі өзінің жер телімінің инвесторы болуына мүмкіндік қарастырылады. Мысал ретінде Еуропа елдерінің тәжірибесіне көз жүгіртсек, үйлердің қоршауының орнына салынған коммерциялық нысандарды көптеп байқауға болады. Ауладағы бос жерден табыс табу үшін үй иесі өз қаражатын пайдаланады немесе инвестордың көмегіне жүгінеді. Сол себепті, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тетіктері қарастырылуы мүмкін. Мысалы, әкімдік ол жер учаскесіне су, кәріз жүйесін, электр қуатын тартады, ал үй иесі нысанның қасбетінің биіктігіне, материалына қойылатын талаптарға сай болуы қажет. Егер бұндай тәжірибе іске асса, тек Нұр-Сұлтан ғана емес, еліміздің басқа да қалаларына үлгі болар еді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордада көшелер мен ғимараттардың ортақ үйлесімді стилі жоқ екенін айтқан еді. Жасап жатқан жобаларыңыз осы мәселеге көңіл аудара ма?

– Дизайн-код құжатын мәслихат қабылдады. Мастер-жобадағы барлық шешімдер сол құжатқа кірігеді. Жалпы, ғимараттардың бірінші қабатының дизайнына ерекше талап қойылатын болады деп ойлаймын. Әсіресе, ретсіз орналасқан, жинақы емес жарнамаларды құжаттағы талаптарға сай болуын қадағалаймыз. Бүгінгі күні халықтың пікірін, ақыл-кеңесін жинаудамыз. Халықтың пікірін телефон арқылы немесе электронды поштаға үш ай бойы жинаймыз.

– Мастер-жоспар бойынша қалада алып ғимараттардың құрылысын салу қарастырылған ба?

– Әдістемені негізінен қала аумағының дамуына қатысты жасадық. Көше экономикасының жұмыс істеуіне ерекше мән бердік. Құжатта көше экономикасын дамытуды коммерциялық тұрғыдан қарастырудамыз. Бүгінгі күні көшелердің 20%-ы коммерцияның 80%-ын қамтамасыз етуде. Өкінішке қарай, қазір көшелер тек көліктік инфрақұрылым ретінде ғана қарастырылуда.

– Қала орталығында автотұрақтар жетіспейді. Автотұрақ мәселесі қалай шешіледі?

– Қалада әрдайым жекеменшік автокөліктерді пайдалану инфрақұрылымын дамыта алмаймыз. Өйткені көліктерге жақсы жағдай жасалған сайын, саны да артып, көбейе береді. Қала орталығын автокөліктер үшін жабу керек. Орталыққа бару үшін тек қоғамдық көліктерді ғана пайдаланған дұрыс. Қалада негізінен қоғамдық көлік жүйесін дамытқан абзал. 

– Велосипед жолдары көбейе ме?

– Елордада 130 шақырым велосипед жолын салу бағдарламасы бар. Жыл сайын велосипедпен жүрушілер саны артып келеді. Күн райы суық болсын, жылы болсын, қала адамды жаяу немесе велосипедпен жүруге ынталандыруы тиіс. Бұл қала ахуалын жақсартады. Денсаулыққа да пайдалы. Автокөлігі көп қалада экология жақсы болмайды.

– LRT жүйесінің екінші тармағы салына ма? Қай бағытқа тартылады?

– LRT жүйесінің екінші тармағы әлі әзірленуде. Ол туралы шешім қабылданған жоқ. LRT жүйесінің екінші тармағы Нұр-Сұлтан-1 темір жол вокзалын қазіргі салынып жатқан желіге қосуға тиіс болған. Барлық үлкен мегаполистерде аэропорт пен орталықтың арасында жылдам қатынайтын қоғамдық көлік түрі бар. Жалпы, осындай көлік түрі бізге керек. 
Қалада барлық қозғалысты жаяу жүргіншілердің төңірегінде дамытамыз. Кез келген мегаполистегі тәрізді ең алдымен жаяу адамдар және қоғамдық көлік басымдылыққа ие болуы керек. 

– Рахмет!

Жазып алған Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу