Еңбек нарығы ішкі және сыртқы факторларға тәуелді

8162

Мұндай тәуелділік нарықтың дамуын тежейді. 

Еңбек нарығы ішкі және сыртқы факторларға тәуелді

Коронавирус пандемиясы жаһандық экономиканы офлайн режімнен онлайн режімге ауысу үдерісін жеделдетті. Ол еңбек нарығындағы өзгерістерге жол ашты. Қалыптасқан жағдай мемлекеттерді қолда бар инфрақұрылымды қысқа мерзімде жаңғыртуға мәжбүр етті. Осылайша, кейбір мамандықтарға сұраныс артты да, кейбіріне деген сұраныс төмендеді. Енді бірі нарықтағы позициясынан мүлдем айырылып қалды. Бұл ретте, Қазақстанның еңбек нарығы ішкі және сыртқы факторларға тәуелді екені бесенеден белгілі. Ал мұндай тәуелділік нарықтың дамуын тежейді. Сондай-ақ әлемдік үрдістермен арадағы теңгерімсіздік сақталады. Бұл Қазақстанда жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қорғау саласында шешілмеген мәселенің көп екенін көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

FinReview.info сарапшыларының пікірінше, мұндай проблеманың бірі – біздің елдегі әлеуметтік төлемдердің төмендігі. Демек, жұмыссыз халық жеткілікті деңгейде қорғалмайды. Төлем төмен болғандықтан, адамдар жұмыспен қамту қызметіне жүгінбейді де. Соның салдарынан жұмыссыздық деңгейіне объективті баға беру қиын. Пандемия кезінде байқалғандай, 2020 жылдың сәуір айында жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға 2,5 млн-нан астам өтініш берілген.

Екінші проблема – Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі жоғары. Көрсеткіш жұмыспен қамтылған халықтың төрттен біріне тең. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың шамамен 40 пайызының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

Үшінші мәселе – еңбек ресурстарының ұтқырлығы төмен. Әңгіме жұмыс күші мол өңірлер пен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар туралы. Біріншісіне оңтүстік өңірлер, екіншісіне солтүстік аймақтар жатады. Олардың арасындағы еңбек көші-қоны тым бәсең. Пандемия кезінде бұл жағдай азаматтардың қозғалысына қойылған шектеулерге байланысты тіпті нашарлай түсті.

Қазақстанның еңбек нарығы үшін 2020 жылдың күрделі кезең болғанын жақсы білеміз. Көптеген кәсіпорындар өз қызметін тоқтатты. Кейбірі локдауннан кейін қалпына келе алмады. Мұны өнеркәсіп өндірісінің, құрылыс секторы мен қызмет көрсету саласының жай-күйін сипаттайтын іскерлік белсенділік индексі де дәлелдеп отыр. Аталған индекс 2020 жылдың екінші тоқсанының басында 37,2 пунктке дейін төмендеді. Мұндай жағдай соңғы рет 2017 жылдың сәуірінде орын алған еді.

Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың саны 3,5 млн адамды құрайды. Оның 75 пайызы білім беру, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларында шоғырланған. Ал бұл экономика құрылымына сәйкес келмейді. Төрт саланың ішінен тек өнеркәсіп қана орташа айлық атаулы жалақыны орташа республикалық мәннен жоғары деңгейде қамтамасыз ете алады.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу