Енді әрбір адам өз дуалынан электр қуатын өндіре алады

1316

Дамыған елдер ғимараттар мен үйлерді жай қоршамай, оны турбина-дуалға ауыстыра бастады.

Енді әрбір адам өз дуалынан электр қуатын өндіре алады Фото: canva.com

Жаһандық климаттық кризиспен күрес аясында "жасыл" энергетикаға жаппай көшіп жатқан өркениетті әлем үшін жаңғыратын энергия көздері (ЖЭК) жай сәнді тренд емес, нағыз қажеттілікке айналды.

Осы орайда тіпті инфрақұрылым объектілерін қуатпен қамтуға көмектесуге қауқары жететін жаңа өнертабыс өмірге жолдама алды. Ол жел турбиналары түріндегі дуал сипатында болып келеді.

Бұл өнертабысты Doucet компаниясы иеленді. Компания мамандандырылған жабдықтарды жобалаумен, өндірумен, автоматтандырумен және интеграциялаумен айналысады.

Doucet бұл инновациясына Airiva деген атау берді. Airiva – жай ғана қоршау емес, энергия генерациялауға арналған модульдік интеллектуалды жүйе. Ол тік орналастырылған, сол күйде айналатын шағын жел турбиналарынан құралған.

Airiva жүйесі 8 турбинасы бар екі конструкциядан тұрады. Әрбір турбинаның көлемі: 2,1 x 2,1 x 1,05 метр.

Компанияның есептеуінше, жүйе орташа көлемдегі бір үйді 100% электр энергиясымен жабдықтауы үшін осындай 5 блокты орнатса жетеді.

Әрине, бұл жобаның жел энергетикасына жататынын ұмытпаған жөн. Ендеше бұл сектордың кез келген жобасы сияқты бұл жел турбиналары да тымық күндері жұмыс істемейді. Жоба аясында жабдықтар сынақ түрінде орналастырылыпты. Тұтынушыларға бірінші жеткізілімдер 2025 жылы басталмақ.

Стартап 2021 жылы басталған екен. Оның инженерлері тік-вертикалды орналасқан 25 турбинадан жасалған қабырға тұрғызып, оны генераторға қосқан. Олардың өндіретін ортақ қуаты өкпек жел соққан күні, шырқау шегінде сағатына 240 киловаттқа жеткен. Яғни, күннен сонша энергия өндіре алады.

Бірақ тәуелсіз сарапшылар мұндай дуал өмірде тек дәстүрлі энергетикаға көмекші болатынына, оны толық ауыстыра алмайтынына назар аудартты. Өйткені әлем елдерінің көп елді мекенінде қатты жел жиі кездеспейді. Сондай-ақ көлденең өсті моделдерге қарағанда, тік білікті турбиналардың тиімділігі аздау көрінеді.

Дегенмен, Airiva басқа жағынан ұтады: ол жеке жер телімін талап етпейді, дуал-қоршауды ауыстырады. Қолдануға қарапайым. Сыртқы көрінісі де көркем.

Сонымен қатар, өндірушілердің презентациясында айтылғандай, бір-бірімен тізбектеле қосылған бірнеше жүйені автомагистралдердің бойында, көпірлерде пайдалануға да болады.

Технологияны сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық объектілерде қолдануға мүмкіндік бар екен. Мысалға, сынақ ретінде әуежайларда, кеме айлақтарында, теміржол станцияларында орнатылуда.

Жасыл энергетикаға көштен көрші Қытай да қалыспады. Күн панельдерін жасау жөнінен әлемдік доминант болып табылатын Қытай тағы бір істе көшбасшыға айналды: өз аумағында дүниежүзіндегі кезекті ең ірі күн электр станциясын тұрғызды.

Оның қуаты тұтас бір елді немесе жыл бойы 2 миллион электромобильді қуаттандыруға жетеді.

Reuters хабарлауынша, ірі күн электр станциясы (КЭС) Шыңжаңның солтүстік-батысында, Үрімші қаласының жанында іске қосылды. Жобаға мемлекеттік China Green Electricity Investment of Tianjin компаниясы жауапты болған.

Жобаға 15,45 млрд юань (ҚР Ұлттық банктің бүгінгі бағамы бойынша 989 миллиард теңге) құйылды.

PV Magazine мәліметінше, Midong КЭС жалпы ауданы 133,5 шаршы шақырымдық алқапты алып жатыр.

Станция 5,26 миллион монокристалды, екі жақты күн панелдерінен құралған.  

Ол тұсқа 208 шақырым электр сымы тартылды. Сондай-ақ 5 подстанция тұрғызылды.

Күн фермасы жылына шамамен 6,09 миллиард кВт/сағат қуат өндіре алады. Осынша энергия мысалы, 9 миллион тұрғыны бар Папуа-Жаңа Гвинея сияқты тұтас елді бір жыл бойы энергиямен қамтамасыз етуге жетер еді.

Нәтижесінде, бүгінде әлемдегі аса ірі 3 күн фермасы Қытайда орналасты. Midong КЭС-і сияқты алып кешендер бұған дейін шығыс көршінің батысында бой көтерді.

Жаңа ғаламат күн фермасы – жел мен күннен мейлінше мол қуат жинауға бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі болып табылады.

ҚХР билігі 2030 жылға қарай көмірқышқыл газын шығарудың шырқау шегіне жетіп, ары қарай төмендетуге кірісуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде, 2060 жылға қарай Қытай көміртек бейтараптылығына қол жеткізбек.

Осы мақсатта таяуда ханзу елі әлемдегі аса қуатты жел генераторларының бірін өзінде іске қосты. Орасан зор турбина елдің оңтүстігінде тұрғызылды. Диаметрі 260 метрді құрайтын алып ротор бір өзі 18 МВт қуат беретін көрінеді. Бұл ондаған мың ғимараттың тұрғындарын жарықпен жабдықтауға жетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу