Енді блогерлерге рұқсаты жоқ тұрғын үй кешендерін жарнамалауға тыйым салынбақ

8237

Астана әкімдігі мен Ұлттық экономика министрлігі ұлардай шулаған үлескердің қатарын көбейтпеудің бір амалын ұсынды. 

Енді блогерлерге рұқсаты жоқ тұрғын үй кешендерін жарнамалауға тыйым салынбақ Фото: canva.com

Министрлік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат қолданыстағы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының 23-бабын өзгертеді.

Оған сәйкес, бұдан былай құрылыс салушыларға да, олардың пәтерін сатумен айналысатын уәкілетті компанияларға да жергілікті әкімдіктен үлескерлерден ақша тартуға рұқсат алмаса, көп пәтерлі тұрғын үй кешені жобасын жарнамаға беруге тыйым салынады.

Үлескерлер проблемасы үш мегаполисте ушыққандықтан, заң жобасы да осы үшеуіне қатысты қолданылады деп жоспарланған.

Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларының түсіндіруінше, еш рұқсаты жоқ тұрғын үй кешендерін блогерлердің, пәтер сататын сайттардың, басқаларының тоқтаусыз, қарқынды жарнамалауының белең алғаны сонша, мемлекет сан соққан үлескерлер проблемасын шешпек түгіл, олардың санын көбейтіп алды.

Мысалы, 2023 жыл жабылар тұста, 23 желтоқсанда ақпарат құралдары Алматыда блогер-депутаттың жарнамасына сеніп, қолданысқа берілмеген үйге ақша салып, алданған азаматтар "Дәулет Мұқаев отставкаға кетсін!" деген талаппен Президентке жүгінгенін жазды. Бұл мәселені Atameken Business телеарнасы да талай көтерген болатын. Бұл проблемаға енді билік назар аударып отыр.

Сондықтан "алданған үлескерлер санын қысқарту және жалған жарнама беру жолымен тұтынушыны алдауды болдырмау үшін" жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп отыр. Бірақ ол рұқсат құжаттары жоқ ТК-ларды жарнамалайтын блогерлерді, ақпарат құралдарын жазалауды көздемейді, тек оларға тыйым салады. Тыйым бұзылса, ТК қожайыны саналатын құрылыс компаниясы жазаланады.

"Заңнаманы осылай қатаңдату негiздi. Өйткенi бұзушылықтар статистикасы проблеманың ауқымы артып бара жатқанын және сол үшін салынатын төмен айыппұлдар құрылыс компанияларын заң талаптарын сақтауға ынталандырмайтынын көрсеттi. Атап айтқанда, "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңның қолданыстағы нормалары құрылыс салушыларға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алғанға дейін үлескерлердің ақшасын тартуға ғана тыйым салады. Алайда жосықсыз құрылыс компаниялары өздерінің бизнес-аккаунттары, әлеуметтік желілер және сайттар арқылы жарнама береді. Сөйтіп, заңмен тыйым салынғанына қарамастан, пәтерлерді жасырын сатады және үлескерлердің ақшасын тартады", – деп хабарлады экономика министрлігі.

Рұқсаты жоқ ТК-лардағы баспана үлескерлік құрылыс шартымен сатылмайды. Келісімсымақтар "алдын ала брондау шарты", "резервтеу шарты", "цессия шарты", "инвестициялау шарты", "құқық талаптарын басқаға табыстау шарты" және басқа да атаулармен аталады. Салдарынан, мұндай шарт жарамсыз және үлескерлік құрылыс заңнамасы оны бекіткен адамдарды қорғай алмайды.

Бұл ретте, көзбояу шарттар көмегімен үлескерлерді заңсыз тартқаны үшін айыппұлдар сомасы проблемалы үйлердің үлескерлері шеккен залалға мүлдем сайма-сай емес. Мысалы, бір ғана Астанада 16 мың отбасы ақшасыз және жылжымайтын мүліксіз қалды. Елордалықтарға келтірілген залал 30 миллиард теңгеден асты.

Ал азаматтардың қаражатын заңсыз жинағаны үшін айыппұл сомасы 250 миллион теңгені ғана құрады. Оның үстіне бұл соманы елордалық 300-ге жуық компанияға төледі, тиісінше 1 компания 800 мың теңгеден аспайтын айыппұл ғана арқалады.

Проблема әрі қарай өршуде. 2023 жылғы жағдай бойынша Астана қаласының әкімдігі үлескерлердің ақшасын тартуға тиісті рұқсаты болмаса да, тұрғын үй кешендерін ашықтан-ашық жарнамалаған, сол арқылы үлескерлерден бастапқы жарна алып, жанама шарттар жасасу арқылы пәтерлерді сатуды жүзеге асырып жатқан 165 құрылыс компаниясын анықтады.

Ұлттық экономика министрлігі сарапшылары қарапайым логиканы алға тартты: ұсыныс болмаса, сұраныс болмайды. Егер жұрт жарнамаға жолықпаса, жалған баспананы да сатып алуға қызықпайды. Сарапшылардың пікірінше, егер жаңа реттеуді енгізбесе, яғни әкімдіктің келісімінсіз ТК-ны жарнамалауға толық тыйым салмаса, онда алданған үлескерлер саны тек арта береді.

Себебі, заңнамада "құрылыс саласындағы жарнаманы реттеудің басқа тетігі, құралдары жоқ" екен.

Мұның бәрі елдегі әлеуметтік кернеуді арттырып, мемлекетке деген сенімді құлдырататыны дәйекке келтірілді.

"Қазіргі кезде krisha.kz сияқты сайттарда, әлеуметтік желілерде, интернет-ресурстарда 165 құрылыс компаниясы, "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының 23-бабына сілтеме жасап, үлескерлердің ақшасын тартуға тиісті рұқсатсыз, жарнама жасауда. Мысалы, Инстаграмдағы келесі құрылыс салушылардың төл бизнес-аккаунттарында жарнама орналастырғаны анықталды. WTowers, Aqzam ТК: салушысы – Sensata Group. Ол ұсақ әріптермен бұл жарнамасының тек нарықтағы сұранысты зерттеуге бағытталғанын, ал ірі қаріппен – сатылымның 21 желтоқсанда басталатынын көрсетіп қойған. Ұқсас жарнаманы MoyDom; Greentown; Tumar Group; NAK; BIGroup және басқалары берді", – деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігі.

Қалай болғанда, көтеріліп отырған мәселе ауқымды, әлеуметтік маңызды. Мысалы, 2019 жылы Астанада 150-ден астам проблемалық үлестік объектілер болды, салдарынан 16 мың отбасы ақшасыз және баспанасыз қалды. Сол 2019 жалдың жаз айынан бері бюджет қаражатын шығындау арқылы 14 мың отбасының проблемасы шешілді. Тағы 2 мыңы бойынша жұмыстар жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қалған үлестік құрылыс нысандарын кезең-кезеңімен аяқтау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.

Соңғы екі жылда тергеу органдары 20 қылмыстық іс қозғап, 16 адамды соттаған. Бұл құрылысшылар азаматтарға 30 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.

Экономика министрлігі жаңа талап тексерулер санын арттырмайтынына сендірді. Тексеру қашықтан, яғни әлеуметтік желіні, сайттарды шолып, мониторингтеу арқылы жүзеге асырылады.

Оның ұсынысы қабылданса, "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының 23 бабына жаңа норма енгізіледі. Ол бойынша құрылыс компаниясы және уәкілетті компания тек жергілікті атқарушы органнан үлескерлерден ақша тартуға рұқсат алғаннан кейін ғана көп пәтерлі тұрғын үй кешені жобасын жарнамалауға құқылы болады.

"Бұл норма мерзімінен бұрын жарнамалауды болдырмауға мүмкіндік береді. Рұқсат берілмес бұрын құрылыс компаниясының сенімділігіне қатысты тиісті тексерулер жүргізілуге, оның қаржылық көрсеткіштеріне, баға саясатына, қаржыландыру көздеріне, құрылыс көлемі мен құнына талдау жасалуға тиіс. Сондай-ақ рұқсатнамалары және құқық белгілейтін құжаттарының болуы, сот немесе салық дауларының болмауы тексерілуі шарт. Тиісінше, жаңа норма "күмәнді" құрылыс салушылармен үлестік қатысу шарттарын мерзімінен бұрын жасасу және тұтынушыларды алдау фактілерін азайтады", – деген сенімде министрлік сарапшылары.

Заңнамалық түзету қолданыстағы мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібін өзгертпейді және әкімдіктер тексеруді интернет-ресурстарды мониторингтеу арқылы жүргізеді.

Әзірге бұл заңды блогері көп қазіргі Парламенттің қашан қабылдайтыны белгісіз. Тездетсе жөн.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, құрылыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға ынтыққан кәсіпкерлік субъектілердің саны үнемі тоқтаусыз өсіп келеді:

  • 2020 жылы – 3 592 жаңа тұлға тіркелсе, соның ішінде 3 590-ы – шағын кәсіпкерлер;
  • 2021 жылы – 5 659 тіркелді, соның ішінде – 5655-і – шағын;
  • 2022 жылы – 5 554 субъект тіркелді, соның – 5549-ы – шағын;  
  • 2023 жылдың 8 айында – 4 762 жаңа құрылыс салушы компания тіркелген, оның бәрі – шағын кәсіпкерлер болып шықты.

Жарнамаға тыйым салмаса, табыс табуға құныққан блогерлер бұлардың кез келгенінің мақтауын келістіріп, елді алдауын тыймайды. Мұның ар-ұятқа қайшы болғанына қарамайды, заңға қайшы еместігін айтып, бет қаратпайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу