Энергетика министрлігі мұнай кеніштерін игеру аукционының шешімін жойды

6070

Конкурс жеңімпаздары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекстің талаптарын сақтамаған.  

Энергетика министрлігі мұнай кеніштерін игеру аукционының шешімін жойды

Энергетика министрлігі көмірсутек кеніштерін пайдалану құқығын алуға арналған конкурс пен аукционның жеңімпаздары туралы қабылданған шешімнің күші жойылатынын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Әңгіме Атырау облысындағы Забурунье және Сарайшық учаскесі, Қызылорда облысындағы Қоныс учакесі туралы болып отыр. Ведомство жариялаған ресми құжатқа сүйенсек, конкурс жеңімпаздары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекстің талаптарын сақтамаған.

Нақтырақ айтсақ, Атырау облысындағы Забурунье және Сарайшық учаскелеріндегі көмірсутектерді барлау және өндіру жобаларын іске асыру құқығын ұтып алған "Petro Qazaq" ЖШС жоғарыда айтқан кодекстің 100-бабының 5-тармағын орындамаған. Аталмыш тармақта, "Егер аукцион жеңімпазы 20 күннің ішінде қол қою бонусын төлемесе және өз тарапынан қол қойылған, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты құзыретті органға ұсынбаса, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, жер учаскесі қайтадан аукционға шығарылады",– деп жазылған ресми мәліметте

Былтыр 23 желтоқсанда Энергетика министрлігі өткізген алғашқы онлайн-аукционда Сарайшық кеніші 43 миллиардтан астам теңгеге сатылған болатын. Ал Забурунье учаскесінің 16 млрд теңгеден астам бағаға сатылды. Алайда көп өтпей, аталмыш компания қол қою бонусы төлеу уақытын өткізіп алғаны туралы ақпараттар пайда болған еді. Ақыры енді рекордтық баға көрсетіп, бастапқы аукцион бағасынан 1000 есе қымбатқа сатылған кеніш қайта аукционға түсуі мүмкін.

Министрліктің шешімімен Қызылорда облысындағы Қоныс учакесіндегі көмірсутек шикізатын барлау жобасын іске асыру құқығын жеңіп алған "G-Power Group" ЖШС-ні жеңімпаз деп тану туралы шешімнің де күші жойылды. Бұл компания "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекстің 278-бабының 36-тармағының талаптарын орындамағаны үшін жазықты болса керек. Алайда Энергетика министрлігі аталмыш тармақтың нақты қай талабы орындалмағанын атап көрсетпеген. 36- тармақтың бір өзі 15 қосымша тармақшадан тұратынын ескерсек, экс-жеңімпаздың нақты қай талапты орындамағанын болжаудың өзі мүмкін емес.

Ауданы 70,55 шаршы шақырым болатын көмірсутек учаскесі былтыр қараша айында тендер арқылы "G-Power Group" ЖШС-нің игеруіне берілген болатын.

Жалпы көмірсутек кеніштерін аукцион арқылы сату тәжірибесі алғашқы сынақтан сәтті өткендей болған. Бірақ аукционға шығарылған учаскенің бәрі инвесторлар үшін тартымды деуге болмайтын сияқты. 

Олай дейтініміз, бұған дейін аукционға шығарылады деп хабарланған кейбір кеніштер тізімнен алынып жатыр.

Мысалы Энергетика министрлігінің 8 сәуірдегі ақпараты бойынша 4 бірдей нысан аукциондық сатылымнан алынып тасталған. Осылайша 2021 жылдың 23 қаңтарында жарияланған ақпарат ішінара өзгертілді.

"Энергетика министрлігінің сайтында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған электрондық аукционның кейбір учаскелер бойынша өткізілмейтінін жариялайды", – деп жазды министрлік мамандары.

Бұл әрекеттің себебін ведомство өкілдері заң талабымен байланыстырып отыр.

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 99-бабының 1-тармағына сәйкес, 2021 жылғы 23 сәуірге белгіленген аукцион мынадай учаскелер бойынша өткізілмейді" деп жазылған. Кодекстің аталмыш бабында конкурс туралы ақпарат жарияланған күннен бастап екі айдың ішінде  аукционға қатысуға бірде-бір өтініш берілмесе немесе өтініштерді қарау қорытындылары бойынша аукционға қатысуға бірде-бір өтініш иесі жіберілмеген болса, аукционды өткізбеу туралы шешім қабылдайды", – деп жазылған.

Сонымен министрлік шешімімен Ақтөбе облысындағы Ащыбұлақ учаскесі, Атырау облысындағы Прибрежное учаскесі, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы 4-ші Арал учаскесі, Түркістан облысындағы Шақпақ учаскесі аукцион тізімінен түсіп қалды.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу