ERG мен Қазақстанның ТҮҚЖБ аймақтағы кәсіпорын қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске асыра бастады

21320

Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы бірқатар кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген қызметкерлер баспананы ипотекаға бастапқы жарнасыз ала алады. Еуразиялық Топ пен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) арасында осындай келісім шартқа қол қойылды.  

ERG мен Қазақстанның ТҮҚЖБ аймақтағы кәсіпорын қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске асыра бастады

ERG қызметкерлері үшін арнайы жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы әзірленген. Оның аясында ERG-дің Тұрғын үй бағдарламасы бойынша Павлодар, Ақсу, Екібастұз бен Қарағанды қалаларында салынған үйлерден баспана алуға болады.

– ERG  үшін әлеуметтік қамсыздандыру, соның ішінде қызметкерлерімізге, біздің "туған" қалаларымыздың тұрғындарына деген қамқорлық әрдайым негізгі басымдық,- деп атап айтты Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Халыққа қажетті осындай бағдарламаларды жүзеге асыру бастамасында бізді қолдаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшылығына алғыс айтамыз.

Осылайша, "Қазақстан алюминийі" АҚ, "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ, "Шұбаркөл көмір" АҚ, "Қазхром"ТҰК" АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты мен "ЕЭК" АҚ "Шығыс" кенішінің қызметкерлері арнайы шартпен жеңілдетілген несие ала алады. ERG кәсіпорындарының қызметкерлерінен бастапқы жарна талап етілмейді.

– ТҮҚЖБ бүгінде қызметкерлері Қазақстандағы 60 000 отбасыны асырап отырған алып компаниялар тобымен тығыз әріптестік орнатқанына қуанышты. Осы орайда, біз ERG қызметкерлері тек бұл бағдарламамен шектелмей, бастапқы және бұрын қолданыста болған баспананы сатып алуда "Нұрлы Жер", "Өз үйім", "5-10-20" сынды Тұрғын үй құрылыс банкінің басқа да бағдарламаларын белсенді пайдаланады деген үміттеміз. ERG қызметкерлеріне барынша сапалы қызмет көрсетіп, алғашқы күннен біздің видеобанкімізді, интернет-банк пен ТҮҚЖБ24 қосымшаларын пайдалана бастауды ұсынамыз,- деді ТҮҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бағдарлама шарттарына сай, егер тұрғын үй әлі салынып бетпеген болса, қызметкер "ТҮҚЖБ" АҚ-ында депозит ашып, қазірден бастап өзі қалайтын баспананың 30%-ын жинай бастауына болады. Ал, үй пайдалануға берілген болса, ол бірден баспаналы болып, үш жыл бойы өзінің депозитінде пәтерінің 30% көлемінде бастапқы жарна жинақтауы керек. Депозитіне 30% жиналған сәттен бастап, ол пәтердің меншік иесі атанбақ. Оның үстіне, бұл сомаға сыйақы мен мемлекеттік сыйақы қатар қосылып отырады. Қызметкер депозитте баспана алуға қажетті қаражаттың 30%-ын жинаған соң, қалған соманы несиеге ала алады. Жинақ пәтер құнының  50% жеткенде, берешектің үстемесі төмендейді. Несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Қызметкерлерін баспанамен қамту – ERG-дің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі.

ERG-дің Тұрғын үй бағдарламасының арқасында 2006 жылдан бері Топ кәсіпорындарының Ақтөбе облысы (Ақтөбе мен Хромтау қ.), Қарағанды облысы (Қарағанды қ.), Қостанай облысы (Рудный қ.) және Павлодар облысындағы (Павлодар, Ақсу мен Екібастұз қ.) 3 мыңға тарта қызметкері баспана жағдайын жақсарта алды.

ERG мен "Бәйтерек" холдингінің арасындағы сенімді серіктестік тәжірибесі бұрыннан бар. Осыған дейін "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ-мен әріптестік аясында ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлерде 9 тұрғын үй салынып, жалпы саны 700-ден астам пәтер берілді. Бағдарлама 2018 жылы табысты аяқталған болатын.

Одан соң да ERG тұрғын үй құрылысын жалғастырып, 4 баспана салынды. 467 отбасы қоныс тойын тойлаған. Тағы екі үйдің құрылысы бүгінде аяқталуға жақын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу