Ескі және жаңа үлгідегі 5000 және 10000 теңгелік банкноталар қашанға дейін айналымда қатар жүреді?

1260

Алдағы уақытта "Сақ стилі" сериясынан номиналы 500, 1000, 2000 теңгелік банкоталар айналымға шығады. 

Ескі және жаңа үлгідегі 5000 және 10000 теңгелік банкноталар қашанға дейін айналымда қатар жүреді? Фото: inbusiness.kz

ҚР Ұлттық Банк Орталық филиалының (Астана қаласы) қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің басшысы Нұргүл Закариянова ескі және жаңа банкноталар қай уақыт аралығына дейін айналымда қатар жүретінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Номиналы 5000 теңге болатын жаңа банкноттар 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енді, жыл бойы айналымдағы 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5000 теңге болатын ұлттық валюта банкноталарымен ауыстырылады. Ескі үлгідегі барлық банкнота бір жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. 2023 жылдың 25 желтоқсанынан 2024 жылдың 24 желтоқсанына дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноталар айналымда қатар жүреді, есеп айырысуға жарамды.

10000 теңгелік жаңа банкноталар айналымда жүрген 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10000 теңгелік купюралармен екі жыл бойы ауыстырылады. Ұлттық Банк ескі үлгідегі барлық банкнота екі жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынатынын хабарлайды. Жаңа және ескі үлгідегі 10000 теңгелік банкноталар 2024 жылдың 28 маусымынан 2026 жылдың 28 маусымына дейін айналымда қатар жүреді.

Айта кету керек, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе Ұлттық Банк бөлімшелеріндегі жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ.

"Қазақтан Республикасы Ұлттық Банкінің қаулысы бойынша "Сақ стилі" сериясынан жаңа дизайндағы номиналы 5 мың теңгелік банкнота 2023 жылдың желтоқсан айынан, ал номиналы 10 мың теңгелік банкноталар 2024 жылдың маусым айынан бастап айналымға шығарыла бастады. Екі жылдың ішінде ескі және жаңа банкноталар айналымда қатар жүретін болады. Яғни жаңа және ескі үлгідегі банкноталар барлық төлем түрі үшін міндетті түрде қабылдануы тиіс. Тиісті уақыт өткеннен кейін барлық банк пен "Қазпошта" ескі үлгідегі банкноталарды тағы үш жыл бойы қабылдайтын болады. Өз кезегінде Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды шектеусіз қабылдайды. Мысалы, егер сіз 10-20 жылдан кейін банкноталарды үйіңізден немесе басқа жерден тауып алсаңыз, Ұлттық Банктің кез келген филиалына барып ол банкноталарды айырбастай аласыз. Ешқандай комиссия алынбайды", - деді Қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің басшысы Нұргүл Закариянова.

Спикер Ұлттық Банк қанша жыл өтсе де ескі үлгідегі банкноталарды шектеусіз қабылдайтынын айтты.

"Жеке тәжірибемде осындай деректер кездесті. Бұрынғы 2006 жылғы банкноталар ауысқан кезде де бірнеше жыл өткеннен кейін адамдар үйлерінде немесе сейфтерінде сақтаған ақшасын келіп айырбастап жатты. Кейбірінің ата-әжелері ақшаны бұрынғы банкнотада сақтайтындықтан, адамдар соларды айырбастауға келіп жатады", - деді ол.

Сөзінше, қазір айналымға шыққан "Сақ стилі" жаңа сериясынан номиналы 5000, 10000 теңгелік банкноталар ерекше дизайнда жасалған. Олардың қорғаныш элементтері өте көп. Мәселен, номиналы 5000 теңгелік жаңа банкнота "Сақ стилі" сериясындағы алғашқы банкнота.

"Банкнотаның түпнұсқалығын оңай тексеруге болады. Елтаңбаның алтын бедерлі бейнесі, қолға жақсы сезілетін шығыңқы элементтер, микрооптикалық үзік-үзік екі түсті қорғаныш жіп, бүркіттің алтын бейнесі бар. Сонымен қатар номиналы 5 мыңдық су тамғы белгісі. Сақ стиліндегі бүркіт бейнесінде түсі өзгермелі спарк элементі, бейнелер ультракүлгін сәуледе жарқырайды", - делінген Ұлттық Банк хабарламасында.

Жаңа 10000 теңгелік банкнотада барыстың жарқыраған алтын бейнесі бедерленген.

"Таулардың алтын шыңдары жарық сәуледе түсін алтыннан көкке өзгертеді. Аузында грифондары бар барыстың басы бейнесіндегі түсі өзгермелі спарк элементі бар. Мұнда да бейнелер ультракүлгін сәуледе жарқырайды", - делінген ақпаратта.

Скочталған, жыртық, ескі банкноталарды Ұлттық Банктің орталық филиалындағы кассаға келіп, айырбастауға болады. Бұл банкнотаға сараптама жүргізіледі. Қатты жыртығы жоқ банкнотаға сараптама жүргізу 5 минуттан 15 минутқа дейінгі уақытты алады. Егер қатты бүлінген банкнота болса, онда сараптама 10 күнге дейін жүргізілуі мүмкін. Қолданысқа жарамды банкнота болған жағдайда Ұлттық Банк бөлімшелері оны қабылдап, орнына жаңа банкнота береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу