Еуразиялық одақ отандық кәсіпкерлерді әдбен ығыр етті

3951

Одақтық таңбасы жоқ тауар сатқан кәсіпорындардың қызметі тоқтатылуы да мүмкін.

Еуразиялық одақ отандық кәсіпкерлерді әдбен ығыр етті Фото: Ашық дереккөзден

 

2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы оның тізгінін өз уысында нық ұстаған Ресей өзге мүше елдерге өз бастамаларын таңа бастады. Соның бірі – тауарларды таңбалау (орысша нұсқасы – маркировка товаров) болатын. Әрине, Мәскеу бұл идеясын ізгілікпен бүркемеледі: барлық затты таңбалау контрабандаға, контрафактіге тосқауыл қояды деді. Таңбасы жоқ тауар "жалған" деген сөз. Бірақ контрабандаға да, қолдан жасалған өнімдерге де еш тоқтау болмады.

Ал Украинаға соғыс ашқалы, Мәскеудің өзі Еуразиялық одақ талаптарын бұзып, "параллелді импортты", яғни контрабанданы заңдастырды және өрістетіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

РФ Парламенті қабылдаған заңдар топтамасына сәйкес, ресейлік импорттаушыларға шетелдік, соның ішінде тіпті қазақстандық өнімдерді өндірушінің немесе құқық иегерінің келісімінсіз Ресейге әкелуге рұқсат етілді. Бұл үшін енді ресейлік құзырлы органдар ешкімді қудаламайды, жазаламайды. Солтүстік көрші осы арқылы дамыған елдердің санкцияларын айналып өтуде.

Яғни, осыдан кейін тауарларды маркалаудың еш мәні қалмаған еді. Алайда Қазақстан Үкіметі өз кәсіпкерлеріміздің қарсылығына қарамастан, осы тәжірибені ары қарай ілгерілетіп жатыр.

Мысалы, бүгінде Қазақстанда дәрі-дәрмекті қадағалау жүйесі сынақтан өткізілуде. Бұл туралы еліміздегі Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы – Цифрлық экономиканы дамыту орталығы хабарлады.

"Бірыңғай оператор дәрілік заттардың бірыңғай дистрибьюторы "СҚ-Фармация" компаниясымен бірлесіп, таңбаланған дәрілік заттарды тәжірибелік режимде қабылдауды, жөнелтуді және айналымнан алып тастауды сынақ режимінде жүзеге асыруда. Дәрілік заттарды қадағалау жүйесіндегі сынақтар Алматы және Алматы облысында өткізілді. Бүгінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрландырудың басты проблемасы – медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың қалдығы мен қозғалысы туралы нақты ақпараттың жоқтығы болып отыр. Медұйымдар дәрілердің ағымдағы қалдығы туралы есепті қолмен теріп енгізеді. Ал бұл ақпараттың өзектілігі мен сапасын қамтамасыз ете алмайды. Мәселені шешу үшін өткен 2022 жылдың шілде айынан бастап, Қазақстанда дәрілік заттардың цифрлық таңбалануы және қадағалануы енгізіле бастады", – деп хабарлады оператор.

Бұқара халық былтырдан бері дәрі-дәрмектің қосымша қымбаттағанын байқады. Себебі, препараттардың әрбір қорабын маркалау тегін емес, ақылы. Тиісінше, көтерме жеткізушілер мен дәріханалар оның құнын қарапайым тұтынушылардан, сырқаттардан өндіреді. Осылайша, одақ аясындағы ел Үкіметінің талабы халықтың қалтасын қағып отыр.

Бұл ретте билік ескі әніне басуын қояр емес. Мысалы, бірыңғай оператор да ақпарат құралдарына таратып отырған осы мәлімдемесінде "cандық таңбалаудың мақсаты – цифрлық бақылау технологиялары арқылы көлеңкелі фармацевтикалық нарықты жою" дегенді алға тартты.

"Дәрілік заттарды таңбалауды дәрілік заттардың қаптамасының әрбір бірлігі үшін өндіруші немесе импорттаушы жүргізеді. Осы жүйенің арқасында ешбір өнім сауда тізбегіне жоқ жерден кіре алмайды", – деп мәлім етті Цифрлық экономиканы дамыту орталығы.

Бірақ одақта Ресей шетелдік медикаменттерді де Қазақстан арқылы көлеңкелі жолдармен тасуды өрістетіп жатқанда, көлеңкелі нарық өспесе, кемімесі даусыз.

2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда 90 атау бойынша дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілген болатын. Жалпы, цифрлық таңбалау тон, ішік, бағалы теріден жасалған өнімдерді, зергерлік бұйымдарды, аяқ киімдерді, темекі өнімдерін, алкоголь өнімдерін, қапталған су мен спиртсіз ішімдіктерді, жеңіл өнеркәсіп тауарларын және басқасын қамтитын болады. Алды мәжбүрлі таңбаланып та жатыр. 

РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров болса, Ресейде параллелді импорт кем дегенде 2023 жылдың соңына дейін рұқсат етілгенін жариялады. Бірақ сонымен бірге Ресей де, Еуразиялық одақ та тауарларды таңбалаудан бас тартпады. Сарапшылардың айтуынша, Мәскеу осы арқылы өзіне ұнамайтын елдердің өнімдерін одақ аумағына енгізбей, тежеп отыр.

Қазақстандық оператор таңбалауға қатысты жобалар мен сынақтар қазақстандық кәсіпкерлер мен тұтынушылар тарапынан өткір сыналып жатқанын жоққа шығармады. Тек "қазіргі уақытта эксперимент барысында түскен ұсыныстарға сәйкес тауарларды қадағалау жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп" жатқанын жеткізді.

Отандық бизнес Мәскеудің бұл бастамасынан мүлдем бас тартуды талап етіп келеді. Мәселен, "Атамекен" палатасының қолдауымен отандық бизнес сүт өнімдерін таңбалау жобасын тоқтата алды.

Қазақстанның Тікелей сауда қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова да таңбалаудан бас тарту қажет деп санайды.

"Сәйкестендіру белгілерімен таңбалау – қымбатқа түсетін және қажеттілігі жоқ жоба. Оның тұтынушыларға да, кәсіпкерлерге де, тіпті мемлекетке де пайдасы жоқ. Мысалы, 2020 жылы басталған сүт өнімдерін маркалау жөніндегі пилоттық жоба сүт өнімдерінің құнын тек өндіріс кезеңінде шамамен 30% қымбаттатып жіберді. Аяқ киімдерді таңбалау оны өндірумен және сатумен айналысатын ұсақ, шағын бизнеске қымбатқа түсуде. Бұл дегеніміз қазақстандық шағын бизнес әрдайым ұтылып отырады деген сөз. Бұған қоса, қазақстандық ірі бизнестің өзі ресейлік бизнеспен бәсекелесе алмайтын болады. Идентификациялық белгілермен таңбалау бастапқыда жария етілген мақсаттарына жетпейді. Кәсіпкерлер елде таңбалауды енгізу нәтижелеріне тәуелсіз бағалау жүргізуді сұрап, билікке бірнеше рет жүгінді. Құлақ асатын емес", – деді Анастасия Калашникова.

Оның айтуынша, Қазақстанда одақтық таңбалаусыз-ақ, тауарлық массаны толыққанды қадағалауға мүмкіндік беретін жүйелер жеткілікті.

"Біз бақылаулық сәйкестендіру белгілерімен таңбалау туралы базалық талаптарды шектен шығушылық деп есептейміз. Оның енгізілуі биліктің қателігі болды. Оның үстіне енді Үкімет таңбалауға қатысты шектен тыс талаптарды орындамағандарға санкция енгізгелі отыр. Бұған қарсымыз", – деді кәсіпкерлер өкілі.

Шынында, экономиканы өз иығымен көтеріп келе жатқан отандық кәсіпкерлердің жанайқайына Әділетті Қазақстан құлақ асса, онда таңбалау атаулыны доғарып, оператордың қызметін тоқтатуға тиіс еді. Оның орнына ол ескі биліктің осы ауыр мұрасын ары қарай ауырлатуда.

Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Бұл отандық бизнестің қатты алаңдаушылығын туғызуда. Себебі, жаңа Парламент Үкімет ұсынған заң жобаларын еш қарсылықсыз, жете пысытпай, жедел қабылдай салып жатыр.

Ал мына жаңа заң жобасы қабылданса, билік таңбасы жоқ тауар шығарған қазақстандық кәсіпорынды жауып тастауы да мүмкін.

Құжатқа сәйкес, өндіруші немесе өткізуші компания "бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен немесе материалдық жеткізгіштермен таңбалануға жататын тауарларды заңсыз сатса", алдымен ескерту жасалады. Содан соң жұмысын доғаруы мүмкін.

"Бақылау (сәйкестендіру) белгілері немесе материалдық жеткізгіштері жоқ, бақылау белгілерімен немесе материалдық жеткізгіштермен таңбалануға жататын тауарларды сату ескертуге әкеп соғады. 2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, қызметін тоқтата тұра отырып немесе онсыз айыппұл салуға әкеп соғады", – делінген заң жобасында.

Сауда және интеграция министрлігі бұл Еуразиялық одақтың талабы екенін білдірді. Сондай-ақ көлеңкелі экономикамен күреске қажет-мыс.

"Толықтырулар біріншіден, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2021–2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру мақсатында енгізіледі. Екіншіден, заңнаманың осы талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілейді. Өйткені "Сауда қызметін реттеу туралы" заңының 32-бабы 3-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес, таңбалануға жататын тауарларды бақылау сәйкестендіру белгілерінсіз сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ тауарлардың таңбалануына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету Еуразиялық одақта Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімнің 10-бабының 4-тармағында бекітілді", – делінген министрлік комитетінің түсініктемесінде.

Ведомствоның түсіндіруінше, одақтың осы келісімі таңбалауға жататын тауарлардың айналымына қатысты талаптарды бұзған, оны орындамаған немесе тиісінше орындамаған қазақстандық кәсіпкерлерді жазалауды Қазақстаннан талап етеді. Үкімет одақтың осы талабын орындап, кәсіпкерлерімізге жауапкершілік енгізгелі тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу