Еуропа нарығы қытайлық көліктерден қорғана бастады

2154

Брюссель электромобильдерге баж салығын көтергеннен кейін Бейжің Еуропалық Одақтан кек алу жолдарын қарастыруы мүмкін.

Еуропа нарығы қытайлық көліктерден қорғана бастады Фото: AP

Еуропалық Одақ Қытайдан әкелінетін электромобильдерге кедендік баж салығын күрт арттырып жатыр. Бұл шешім бүгін күшіне енеді. Екі  жақ арасындағы сауда дауына тоқталсақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей.

Еуропалық одақ не істеді?

Еуропалық Одақтың атқарушы органы Еуропалық комиссия сегіз айлық тергеуден кейін Қытайда электромобиль шығаратын компаниялар үкіметтің ауқымды көмегінен пайда көретінін анықтады.

Бұл жәрдем бәсекелестер өндірген көліктің бағасын төмендетіп, нарықтың үлкен үлесін Қытайға беріп, еуропалық жұмыс орындарына қауіп төндіріп отыр.

Көтерлген баж салығы маусымның 12-де жарияланды. Бұл заң өз күшіне шілденің 5-де енеді. Бірақ Қытай оны қарашаның 2-не дейін, яғни, Еуропалық одақ үкіметтері жаңа тарифті мақұлдағанға дейін төлеуге міндетті емес. Мұндай жеңілдік тараптарға келіссөз жүргізуге уақыт беру үшін қабылданып отыр.

Егер баж салығы туралы норма одақта толық қолдауға ие болса, BYD компаниясының машиналарына салық 17,4 пайызға, Geely автомобильдеріне 19,9 пайызға, Қытайдың мемлекеттік компаниясы SAIC экспорттайтын көліктерге 37,6 пайызға дейін өседі.

Айта кетсек, Geely концерні Polestar мен шведтің Volvo-сына иелік етеді. SAIC болса, Еуропада үлкен сұранысқа ие электромобильдерді шығаратын  британдық MG-ты өз қарамағына алған. Қытайда электромобиль өндретін өзге компаниялар, солардың ішінде Volkswagen, BMW, Tesla үшін баж салығы 20,8 пайызға дейін көтерілмек.

Еурокомиссия неге шара қолданды?

Қытайда жасалған электромобильдер 2020 жылы ЕО электромобильдер нарығының 3,9 пайызын иеленсе, 2023 жылдың қыркүйегінде бұл көрсеткіш  25 пайызға дейін өскен.

Мұндай қарқынды өсім нәтижесінде қытайлық көліктер ЕО-ның климаттық өзгеріспен күреске қажетті экологиялық таза технология өндіру мүмкіндігіне ғана емес, автомобиль индустриясындағы 2.5 миллион жұмыс орнына да қауіп төндіріп отыр.  

Еуропалық одақтың тарифтері Құрама Штаттардікінен жоғары ма?

Жоқ. Байден әкімшілігі қытайлық электромобильдерге тарифті қазіргі 25 пайыздан 100 пайызға дейін көтеріп жатыр. Демек, алдағы уақытта АҚШ Қытайдан экологиялық таза көлікті импорттай алмауы мүмкін.

ЕО өз алдына әзірге мұндай мақсат қойып отырған жоқ.

Қытайлық электромобильдер қаншалықты арзан?

Қытайлық көлік өндірушілер әлемдегі ең үлкен автонарықтағы қатал баға бәсекелестігі жағдайында арзан электромобиль жасауды үйренді.

Rhodium Group мәліметтеріне жүгінсек, BYD компаниясының Seal U Comfort моделі Қытайда 21 769 еуроға, ал Еуропада 41 990 еуроға сатылады.

Қытай қалай жауап беруі мүмкін?

Бейжің баж салығының күрт өсуін қатты сынға алып, бұл шешімді "протекционизмнің жалаңаш әрекеті" деп атады.

Бейсенбіде Қытай Сауда министрлігінің өкілі Хэ Ядун екі жақтың бірнеше рет техникалық консультациялар өткізгенін және ЕО-ның салықты өсіру туралы шешімі төрт ай бойы қабылданбайтынын атап өтті.

Қытай кек қайтару мақсатында шошқа еті немесе брендтік импорт сияқты еуропалық өнімдер мен еуропалық сәнді автокөлік импортына қарсы шара қолдануы ықтимал.

Бұған қоса, ұзақ мерзімдік перспективада қытайлық автокөлік өндірушілер Еуропада автомобиль жасау арқылы жоғары тарифтен құтылуы мүмкін. Мәселен, қазірдің өзінде BYD Венгрияда зауыт салып жатыр, ал Испанияның Каталония аймағында Chery-дің көлік жасайтын бірлескен кәсіпорны бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу