Facebook орысшаға емес, енді қазақ тіліне басымдық бере бастады

5376

Қазақстанда YouTube – ерлерге, Instagram – әйелдерге бағдарланған, ал Facebook-те – гендерлік теңдік орнаған.  

Facebook орысшаға емес, енді қазақ тіліне басымдық бере бастады Фото: the-steppe.com

Сарапшылар жыл аяқталар тұста дәстүрлі түрде әлеуметтік желілерге қатысты Үлкен деректерді талдап, жылдың қорытындысын шығаруда.

Әлеуметтік желілер – өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Олар жаңалықтарды бірінші болып білуге, түрлі күту кезінде уақытты қысқартуға, қызықты өткізуге, іштегі шерді, көкірегін кеулеген сезімді, сананы сансыратқан ой мен сын пікірді әлеммен бөлісуге мүмкіндік береді.

Бұқаралық ақпарат құралдары, билік органдары, белгілі тұлғалар мен әйгілі "жұлдыздар" да әлеуметтік желілерге көшіп, ондағы қызықтың көрігін қыздырды. Әлеужеліде кез келген адам көптеген биік лауазымды тұлғаны виртуалды кеңістікте "қолынан шап беріп ұстап алып", көңілін мазалағанды жеткізіп, небір запыранды ойын ашық айта алатын болды. Әрине, мысалы, министр мырза ол "комментарийге" құлақ аса ма, әлде бір мырс етіп, өшіре сала ма, ол басқа әңгіме.

Әйтеуір, әлеужелілер алаң ұсынып, онда бұқара мен билікті табыстырды. Дәл осы әлеуметтік желілердегі қазақстандықтардың қатаң реакциясы, қоғамдық пікірдің резонансы биліктің шешімін, ұстанымын, тіпті саясатын өзгертуге ықпал етті. Сол арқылы қазақстандықтар биыл қаншама әкім мен министрді отставкаға жіберте алды.

Мәселен, Мемлекет басшысының жарлықтарымен және өкімдерімен 5 қыркүйекте – Мұрат Әйтеновтің Шымкент әкімі лауазымынан, 1 қыркүйекте – Зүлфия Сүлейменованың еліміздің бас экологы қызметінен, 16 маусымда – Даниал Ахметовтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі орынтағынан, 12 маусымда – Аружан Саинның Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан, 10 маусымда – Юрий Ильиннің ТЖМ басшылығы тізгінінен, 8 маусымда – Алтай Көлгіновтің вице-премьерліктен айрылуына да осы өрістегі халықтың наразылығы мен үздіксіз сыны салмақты ықпал, елеулі әсер етті деуге болады.

Осы орайда Brand Analytics жариялап отырған "Қазақстандағы әлеуметтік желілер: сандар мен үрдістер" атты есеп ден қоюға тұрарлық. Оның сарапшылары үрдіс-трендтерді жай үнсіз ғана парақтайтын пайдаланушылар емес, белсенді түрде пікір, пост жазып, контент генерациялайтын қазақстандықтар қалыптастыратынына назар аудартады.

"Біз зерттеу кезінде белсенділік танытушы, жазушы аудиторияға назар шоғырландырдық. Себебі, әлеуметтік желі бұқаралық коммуникацияның құралы болса, онда белсенді қимылдаушылар қоғамдық пікірді қалыптастырып, соның бетбұрыстары мен толқыныстарына әсер етеді. Бұл ретте статустағы, "қабырғадағы", топтардағы, комментарийлердегі кез келген ашық, жария пост маңызға ие. Мұндай әрбір автордың өз орны бар. Жеке хат жазысулар немесе "тек қана достар үшін" режиміндегі пікір алмасулар есепке алынбайды", – деп түсіндірді Brand Analytics авторы Василий Черный.

Зерттеу кезінде Telegram-да Ресейге, Украинаға не басқа елдерге емес, тек Қазақстанға тікелей қатысты ашық чаттарға ең құрығанда айына бір рет өз пікірін жазатын авторлар ескеріліпті.

Зерттеу барысында "Қазақстан", "Казахстан", "Kazakhstan" географиясына телінген хабарламалар талданды. Ал географиясын анықтау үшін хабарламалардың қай жерден жазылғанын көрсететін геометкалар, авторлардың профиліндегі мекенжайлық деректері пайдаланылған. 

Сонымен, биыл да Қазақстандағы ең танымал әрі белсенді қолданылатын әлеуметтік платформалар қатарына Instagram, Facebook, Telegram, Youtube, ВКонтакте, Одноклассники кіріп отыр. Олардың ешқайсысы Қазақстанға бағынбайды, бірақ бәрі де Қазақстанның ақпараттық айдынын түзеді.

Айтпақшы, қазақстандық сарапшылар республикамыздың Солтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс өңірлерінің тұрғындары қалпымен ресейлік әлеужелілерде отыр деген байлам айтып жүр.

Дегенмен, зерттеу бұл тұжырымды ішінара жоққа шығарады. Шынында, әсіресе, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары тұрғындарының көбісінің ресейлік әлеужелілерде аккаунты бар. Алайда нағыз белсенділік негізінен, америкалық платформаларда өрбуде екен.

Мысалы, Қазақстанда Instagram-да – 1,05 миллион, Facebook-те – 509 мың, Telegram-да – 503 мың, Youtube-те – 416,3 мың, ВКонтактеде – 288,8, Одноклассникиде – 181,4 мың белсенді автор әрекет етеді. Яғни, ресейлік платформаларда белсенді авторлар саны бірнеше есе аз.

Қазақстандық авторлар бір ай ішінде Instagram-да – 11 миллион, Facebook-те – 3,5 миллион, ал Однокласникиде – тек 2,5 млн пост, хабарлама, пікір басыпты.

Әлеуметтік платформалар арасында Instagram ешкімге дес бермейді. Ол Қазақстандағы белсенді авторларының саны бойынша да, хабарламаларының көлемі бойынша да даусыз көшбасшы. Екінші орынға авторларының саны жөнінен – Facebook, жазбалар көлемі бойынша – ВКонтакте (3,9 млн хабарлама) жайғасты. Авторлардың саны мен хабарламалардың көлемі жөнінен үштікті – Telegram тұйықтады. Ол елдегі ең қарқынды өсуші платформа болып танылды.

Сарапшылардың айтуынша, YouTube пен ВКонтакте – негізінен ерлерге бағдарланған.

  • YouTube авторларының 57%-ы – ерлер, 43%-ы – әйелдер.
  • ВКонтактеде – 67,3%-ы – ерлер, 32,7%-ы – әйелдер.
  • Facebookте – гендерлік теңдікке жақын: 46,9%-ы – ерлер, 53,1%-ы – әйелдер.
  • Instagram дәстүрлі түрде әйелдерге көбірек бүйрек бұрып тұрады – авторларының 24,3%-ы ғана – ерлер, 75,7%-ы – әйелдер.

Тағы бір жайт елең еткізеді. Қазақстанның саяси сахнасына көбірек ықпалы бар Facebook – кілең орта жастағылар жайлап алған алаңға айналып кетіпті. Онда 18 жасқа дейінгі қазақстандықтар тіркелмеген және қызығушылық танытпайды. Жас ұрпақ негізінен қытайлық ТикТокта ырғалады.

Фейсбукта 18-24 жастағы авторлардың үлесі – бар-жоғы 1,8% ғана. 25-34 жастағы авторлардың еншісінде – 14,9%. Ең үлкен үлес жастар санатынан шығып қалған орта жастағыларға тиесілі: 37,9%. Әрі қарай 45-54 жас аралығындағы қазақстандықтар қаптап жүр – 28,5%. Ал егде тартқандар, яғни жасы 55-тен асқандар және зейнеткерлердің үлесі – 16,9%.

Сарапшылар Facebook-тегі ең басым санат, яғни 35-55 жас аралығындағылар – төлем қабілеті ең жоғары адамдар екенін қаперге салды. Байлар да солардың арасында. Бұлар негізінен өмірден өз орнын тапқан, саяси ұстанымдары қалыптасқан адамдар.

Оның үстіне Фейсбуктің қазақстандық аудиториясы мен белсенді авторлары ТМД көлеміндегі ең жасы болып есептеледі. Мысалы, көрші Ресейде америкалық осы платформа авторларының басты, басым санаты 45-54 жас аралығындағылар.

Қазақстандағы орыс тілі үстем әлеужелілер – ресейлік Однокласники және Вконтакте. Олардағы жазбалардың тиісінше 90,2%, 79%-ы – тек орыс тілінде. Қазақша жазбалар 7 пайызға да жетпейді. Қалғаны өзге тілдерде жазылады.

  • Facebook керісінше, негізінен қазақ тілді: авторлардың 43 пайызға жуығы тек қазақ тілінде жазады. Орысшасы – 40,9%.
  • Telegramда 63,2%-ы – орыс тілінде. 6,2 пайызы ғана таза қазақша. Қалғаны аралас немесе өзге этностардың тілінде болып келеді.
  • Instagram да негізінен орысша жүргізіледі – 61%-ға жуық. Мемлекеттік тілдегісі – 11 пайыздай.
  • Youtube-тегі контенттің басым бөлігі немесе 59,3%-ы – орыс тілінде жасалады. Қазақшасы – 10,9%.

Сарапшылар әлеуметтік желілердің қазақша бөлігінде ағылшынша және қырғызша контент жиі көзге түсе бастағанын атап өтті. Сонымен бірге, бұрынғы жылдарға қарағанда орыс тілінің үлесі жыл санап құлдырап келеді екен ("с трендом на снижение"). Бұған бұрын толығымен тек орыс тілінде болатын ресейлік қос желіге қазақ тілінің сыналап еніп, орнын кеңейте бастағаны дәлел.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу