Фермерлер субсидия атаулыдан толық арылуды ұсынады

5907

Өйткені бюджеттің мол қаржысы бәрібір қолдарына тимей, жемқорларға жем болуда. Дегенмен мемлекет субсидиялаудан бас тартпай, керісінше оған қатысушылар санын кеңейтуді жоспарлауда.  

Фермерлер субсидия атаулыдан толық арылуды ұсынады

Елдегі тәртіпсіздіктер аясында былтырғы "субсидия дауы" ұмытылып қалғандай сезім қалыптасты. 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын жайлаған жемқорларды шетінен шыңғыртып ұстай бастаған антикоррупциялық орган 2022 жылы бейберекетсіздікке қатысты тергеулермен, қаражатты миллиардтап қылғытқан олигархтар мәселелерімен болып кетті. Шаруалар болса, субсидия саласында тәртіп орнамағанын, сол бойы былығып жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Батысқазақстандық Нарғыз Мусина ауыл шаруашылығымен шұғылданатын кәсіпкер ағасы өткен жылы субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне өтініш бере алмай қалғанын айтады.

"Оған оның айыбы да жоқ. Бір мезгілде өте көп адам өтініш бергендіктен, портал бәрін өңдеуге қабілет-қуаты жетпей, ілініп тұрып қалды. Оның үстіне бар шаруамыз ауылмен байланысты болғандықтан біз ауылда тұрамыз. Бізде интернеттің жылдамдығы тым шабан. Мобильді интернетке қосылу үшін үнемі шатырға шығып жүреміз. Өтініштерді қабылдау былтырғы 20-30 желтоқсан аралығында қосымша жүзеге асырылғанын енді ғана біліп отырмыз. Ол туралы ешкім де хабардар етпеді. Біз желтоқсан бойы күн сайын сайтты қарап, өтініш беруге тырысумен болдық. Алайда әрдайым экранда "өтініш беру мерзімі аяқталды" деген ескертпе шығып тұрды", – деп қапаланады ол.

Оның айтуынша, порталға кіре алмай, өкініштен бармақ шайнаған ауыл кәсіпкерлері облыста көп. Олар өткен жылға көзделген субсидияларын кешіктіріп болса да, биыл беруді өтінеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына" сәйкес, бюджеттік субсидиялар әр өңірде жеке, яғни жергілікті бюджетте тиісті қаржы жылына көзделген қаражат есебінен және соның шегінде ғана беріледі. Ол қаражат тез таусылып қалады. Жаңадан қаржы пайда болса, жергілікті әкімдік қайтадан өтініш қабылдауы мүмкін.

"Сондай-ақ өтінімдер жергілікті атқарушы органның қаулысымен бекітілген бағыттарға қарастырылған қаражаттар шегінде ғана қабылданады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия алуға жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей өтінім тапсырулары тиіс. Ал субсидияға қосымша қаражат бөлу мәселесін Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы қарауға тиіс", – деп түсіндірді АШМ.  

Ведомствоның хабарлауынша, 2022 жылы "өтінімді беру мерзімі 20 қаңтардан 20 желтоқсанға дейін созылады".

"Ауылға арналған құрал ауыл жағдайына сай болса"

Ауыл кәсіпкері Санжар Мұсаев та мұндай проблеманың барын растады.

"Біздің Казталов ауданында көптеген шаруа қожалықтары 2021 жылдың субсидиясын ала алмай отырмыз. Себебі жүйе 20 желтоқсан күні, 1 күнге ашылды да, оған бәріміз өтінім беріп үлгірмедік. Біздің тұрғылықты жеріміз облыс, аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан интернет жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды. Көп жер мүлдем интернетпен қамтамасыз етілмеген. Жыл бойы адал еңбегімізбен өсіріп отырған малымызды қыстан аман алып шығу үшін мал азығымен қамту аса маңызды. Субсидия арқылы жем, шөптерімізді алып отыратынбыз. Сондықтан билік бізге, адал жұмыс істеп отырған өндірушілерге қосымша қаражат бөлсе екен дейміз", – дейді С. Мұсаев.

Фермерлер өз шағымдарында қалада тұрмайтынын, ауылда жұмыс істейтінін, ал ауылдық елді мекендерде интернет нашар екенін алға тартады. Ауыл шаруашылығына арналған жүйелердің бәрі ұшқыр интернетті талап етеді. Кім сол арқылы жүйеге тез еніп, құжаттарын жүктеп үлгерсе, субсидия да соған тиеді. Ауылда шабан интернетте отырған ауыл кәсіпкері кезектен шет қалады.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Антикордың қатаң сын-ескертпесінен кейін елде болған 47 субсидияның 27-сін жоюға кірісті. Соның ішінде мысалы, мал шаруашылығы үшін тек 2 субсидия түрі қалады деп жоспарлануда. Аграршылардың бір бөлігі бұған келіспей, наразылығын білдіруде. Ал екінші бөлігі бюджеттік демеуқаржыны бәрібір таңдаулылар тобы ғана алып отырғанына қынжылып, қалған ауыл кәсіпкерлеріне тек ауыртпалық түсіретіндіктен, субсидия атаулыны жоюды ұсынды.

Фермерлердің ұсыныс-пікірлері ескерілуге тиіс

ElDala.kz мамандандырылған порталына сұхбатында Қостанай облысындағы мал шаруашылығының қожайыны, жергілікті беделді кәсіпкер Мереке Исмағұлов екінші "лагердегілерді" жақтайтынын айтты.

"Субсидиялар айналасында қандай схемалар құрып алғанын білсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Бұрынғы замандарда оларды сол үшін атып тастар ма еді. Мысалы, жергілікті шенеуніктің әйелі асыл тұқымды мал шаруашылығын ашып алған. Бұған қоса, тағы бір туысының атына ИП ашады да, әлгі фермадан асыл тұқымды бұқалар мен сиырларды соған "сатылады". Бірақ бәрі тек қағаз жүзінде жүреді. Нәтижесінде, шенеуніктің асыл тұқымды мал "өткізген" әйелі де субсидия алады, оны "сатып алған" туысы да мол субсидияға қол жеткізеді. Азғантай мал болса, қорасында қалады. Оны кейін сырғасын ауыстырып, қайта "сатуға" болады. Мұндай субсидиялардан, ел қаржысын шашудан елге, ауыл шаруашылығына қандай пайда, қайтарым болады? Ешқандай! Бұлар зиянкес қана емес, нағыз тонаушылар", – деп ренжиді фермер.

Айтпақшы, БАҚ арқылы пікірін білдіргеннен кейін Мереке Исмағұлов әріптестерінің қатаң сынының астында қалыпты. Олар субсидияны жоюға қарсы көрінеді. Әрине, субсидияны жою – ашынғандықтан айтылған сөз болуы да мүмкін. Субсидияға қол жеткізе алған адал өндірушілер соның арқасында өнімінің өзіндік құнын арзандатып, бәсекеге қабілеттігін көтеріп, шетелдік нарыққа экспортқа шығып жүр.

Дегенмен қарсы лагердегі ауыл кәсіпкерлері мемлекеттік субсидия арқасында ауыл шаруашылығының технологиялық тұрғыдан озып кеткені шамалы дейді. Сонымен бірге мемлекетпен байланыспауды жөн көрген көптеген ұсақ және орта шаруа қожалықтары ешқандай субсидиясыз ісін дөңгелетуде. Олар тек мемлекеттен ауыл шаруашылығы үшін пайызсыз кредиттер бөлінсе дейді. Сонда қаржы да қайтарымды болады, әрі кәсіпкерге де пайдасы көбірек. Жемқорлардың көбі одан бас тартары сөзсіз.

1 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізген Президент субсидия саласын былықтан тазарту мәселесі ұмыт қалмағанын, оны ұмыттырмайтынын байқатты. Ол соңғы 5 жылда мемлекеттің аграршыларды қолдауға 2 триллион теңгеден астам қаражат шығындағанын, осы уақыт ішінде субсидияға қатысты қаншама коррупциялық схема табылғанын, 960 қылмыс тіркеліп, 450 тұлға қылмыстық жазаланғанын хабарлады. Мәселен, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы басқа жаққа кетіп, сайда саны, құмда ізі қалмаған. 

Ел Үкіметі бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіруге кірісті. Жаңа өзгерістер нәтижесінде алда ол қаржыға ұсақ және орта кәсіпкерлердің қол жеткізу мүмкіндіктері артуға, сондай-ақ қорасында мал ұстайтын ауылдықтар – жеке қосалқы шаруашылықтар үшін де субсидиялар қолжетімді болуға тиіс.

АШМ дерегінше, бұл жүйені реформа күтіп тұр. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Себебі ведомствоның мойындауынша, қолданыстағы мемқолдау механизмдерінде сыбайлас жемқорлыққа, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдаланып, талан-тараж етуге жол берген салмақты кемшіліктер табылды. Бақылаушы органдардың тексерістері де, антикоррупциялық орган жүргізген кешенді талдау да осыны дәлелдеген. Бүгінде АШМ осы әшкереленген олқылықтарды жоюға күш салуда.

Сондай-ақ министр Ербол Қарашүкеевтің өзі төрағалық ететін АӨК-ті мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылып, іске кірісті. Оның құрамына салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, мүдделі меморгандардың, әкімдіктердің өкілдері және Сенат пен Мәжіліс депутаттары кірген. Топ әзірлеп жатқан "ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдемелеріне" көптеген фермер үлкен үмітпен қарайды.

Жұмыс тобы субсидияларды бөлу жүйесін түбегейлі қайта қарайды, оны беру тетіктерін жеңілдетуге, субсидия түрлерін оңтайландыруға, оған АӨК-тің барлық субъектісінің тең қол жеткізуіне және транспаренттілікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды пысықтайды.

Жұмыс тобы фермерлер көтеріп отырған мәселелерді де назарға алмақ. Атап айтқанда, демеуқаржының әділ бөлінуін қарастыратын, барлық субсидияларды бір ақпараттық жүйенің базасында беруді қамтамасыз ететін "Мемлекеттік субсидиялаудың ақпараттық жүйесін" ендіру жоспарлануда.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу