Ғалымдар адамзаттың Жер бетінен жойылып кететін жылын анықтады

4154

NASA (Американың аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы) Жапонияның Тохо университетінің ғалымдары тобымен бірлесіп, Жердегі өмірдің бүкіл формаларының жойылуының болжамды датасын айқындады.

Ғалымдар адамзаттың Жер бетінен жойылып кететін жылын анықтады Фото: ru.pinterest.com

Сарапшылардың айтуынша, бұл меже – өмірлік маңызды. Соған дейін әлемдегі үкіметтер, халықаралық жауапты, салалық ұйымдар, тіпті жекелеген ғалымдар ғалам мен ғарышта өмір сүру үшін қолайлы жаңа орынды тауып, отарландырып, соған адамдардың бір бөлігін аттандырып үлгеруі керек.

Бұл жағдайда көшіп үлгерген топтармен бірге адамзаттың жаңа тарихы жаңа жерұйық мекенде жалғасын табады, пенде атаулы Жерде түбегейлі, түп-тұқиянымен бірге құрып кетпейді.   

Сонымен, NASA мен ғалымдардың зерттеуі көрсеткендей, өз эволюциясы барысында Күннің көлемі бірте-бірте ұлғая береді. Бұл процесс бұрыннан белгілі.

Соның салдарынан біздің "Құс жолы" (өзге тілдерде негізінен "Сүт жолы", Milky way) атты алып аумақты спиральді галактикамыздағы осы жұлдызымыз жылу энергиясын барған сайын көп өндіреді. Жерге қарай дүркін-дүркін плазма лақтырып, радиациясын күшейтеді.

Inbusiness.kz бұған дейін Күннен Жерге таралып жатқан күшті геомагниттік дауылдардың 25-ші циклы 2024 және биылғы 2025 жылы шырқау шегіне шыққанын жазды.

"Күндегі тоқтатуға болмайтын бұл қайтымсыз үдерістер біздің ғаламшарымыздағы апат-катастрофалық өзгерістердің каскадына серпін береді. Жаһандық температураның шектен тыс артуы Жер атмосферасының радикалды трансформациясына соқтырады. Адамның, жануарлардың тыныс алуына қажетті оттегі деңгейі төтенше аз деңгейге дейін құлдырайды. Ол тіршілікті сақтап тұруға жетпейді", – деген көңілсіз тұжырымға келді америкалық мамандар мен жапондық ғалымдар.

Математикалық моделдердің есептемелері көрсеткендей, Күннің ұлғаюы Жердегі атмосфераның сапасын жеріне жеткізе нашарлатуы мүмкін. Сонымен қатар ғаламшарымыздағы температура да күрт ысып, жан төзбес күйге жетеді.

Мұның бәрі атмосфераның құрамына әсер етеді және сыртта тірі жан тыныстайтын ауа, ішетін су қалмауы ғажап емес.

Ендеше адамзат, жалпы тіршілік иесі қашан құруы мүмкін?

Суперкомпьютерлерде күрделі компьютерлік модельдерді пайдалана отырып, зерттеушілер есептемелер жүргізді. Сол арқылы Жерде тірі ағза-организмдердің өмір сүруін мүмкін емес ететін өзгерістер жүретін нақты жылды анықтады.

Модельдеу нәтижелеріне сәйкес, біздің планетамыздағы өмір 1 000 002 021 жылы доғарылуы ықтимал.

Басқаша айтқанда, адам баласының өсіп-өнуіне, өмірден ләззат алып, құмарын қандыруына, түрлі мақсатына жетіп марқаюына биылдан бастағанда шамамен 999 999 996 жылы бар.

Бұл ретте ғалымдар адамзаттың қазіргі технологиялық прогресі апокалипстік сценарийдің мерзімін ары жылжытуға, ақырзаманның алдын алуға арналған шешімдерді ұсына алатынына назар аудартты.

Ғылыми-техникалық жетістіктер мысалы, жабық кеңістіктерде ауаны, суды көп көлемде өндіру тәсілдерінің табылуына түрткі болуға тиіс.

Онда қазіргі планетаның 8 миллиардтан астам тұрғынының бәрі болмағанымен, бір бөлігі және кейбір жануарлар жабық кеңістіктерде тіршілігін жалғастыруы мүмкін.

Мысалы, Күн Жерді табадай қуыратын шақ туғанда, адамдардың бір бөлігі қазақтың "Ертөстік" ертегісінде сипатталатындай жерасты қалаларына қоныстана алар еді.

Бірақ қарапайым соғыс пен бейбітшілік мәселесінде бітімге келе алмай жатқан әлемнің ақырзаманның алдын ала алатынына сену оңай емес.

Сондай-ақ, ғалымдар ғаламшарда әлдеқалай ауа қалмай қалса, адамзатты құтқару бағытталған кең ауқымды халықаралық жобалар жоқтың қасы екенін ескертеді.

Айта кетер жайт, осыдан үш күн бұрын Илон Маск өзінің компаниясы құрастырған Starship ғарыш кемесінің Марсқа келесі 2026 жылы ұшатынын жария етті.

Optimus миссиясы табысқа жетсе, адамдар Қызылжұлдызға 2029 жылы жетіп, қона алады. Бірақ Илон Масктың байламынша, бұл планетаға қону 2031 жылы ғана нақты жүзеге асырылуы мүмкін.  

"Starship ғарыш кемесі ішіне адам тәріздес Optimus роботын отырғызып, Марсқа 2026 жылдың соңында жол тартады. Бұл миссия табысты болса, онда алғашқы адамдар Қызылжұлдызға 2029 жылы аяқ басуы да мүмкін. Бірақ мейлінше ықтимал датасы – 2031 жыл болса керек", – деп жазды SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск X әлеуметтік желісінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу