Халық баспанадан бұрын көлік алуға құмарта бастады

1099

Кейінгі жылдары автокөлік тізгіндеген қазақстандықтар саны тоқтаусыз артып жатыр. 

Халық баспанадан бұрын көлік алуға құмарта бастады Фото: lada.kz

Жыл басында елде 5,7 млн автомобиль бары мәлім болды, яғни, орта есеппен әр төртінші отандасамыз жаяу жүрмейді. Дегенмен бұл құбылыстың астарында үлкен экономикалық дүмпу жатқанын ескермегендейміз. Жұртшылық үйлі болуды емес, көлік алып, нәпақа табуды мақсат етуде.

4 пайызбен тұлпарын түгендегендер

Сонымен, Қазақстанда автонесиеге сұраныс ипотекадан асып түсті. Қаржы ұйымдарының мәліметінше, банктер берген тұтынушылық несиелердің ішінде автонесие үлесі рекордтық деңгейге жеткен. Жалпы несие беру көлемі қаңтармен салыстырғанда 1,7%-ға өсті.

Ұлттық банктің  наурыздағы мәліметінше, банк секторы 36,0 трлн теңге несие берген, оның ішінде бизнеске – 14,9 трлн, ал халыққа берілген несие көлемі 21,1 трлн теңгені құраған. Бизнес алған қаржы халықтың несие рәсімдеуіне ілесе алмай жатыр. Тіпті, жұртшылық баспанадан гөрі автомобиль мінуге асық.

Автонесие қалай бумға айналып отыр. Ақпанда автокөлік сатып алуға берілген несие 36,1%-ға өсіп, 121 млрд теңгеден 165 млрд теңгеге жетті. Бұл – өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 28,8%-ға көп. Қаңтардағы құлдыраудан кейін нарық қалпына келіп қана қоймай, жаңа рекордтарға бет алды. Ал осы уақытта ипотека 0,2 пайызға құлдырап, 152,8 млрд теңге болыпты.

Несиеге автокөлік алудың бірнеше тиімді тұсы болып тұрғаны жасырын емес. 7 жылға дейін, яғни, ұзақ уақытта беріледі. Оның үстіне банк шарттарының ішінде дәл осы несие түрі қолайлы. Жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 4 пайыздық автонесие халыққа үлкен мүмкіндік беріп қойды. Осы жеңіл несиені беру басталғалы автосалондарда кезек пайда болды. Бір ғана ақпанның айында 15 963 көлік жеңілдетілген бағдарлама аясында сатылған. Танымал көлік маркалары клиент тарту мақсатында небір жарнамаларды ұсынуда.

Ал халыққа берілген тұтынушылық несиелердің орташа пайызы – 19,1, ипотека – 11,4 пайыз аралығында болған. Баспанаға қарағанда көлік алу оңай, ипотекаға қарағанда автонесиеге аз құжат сұрайды, талабы қарапайым. Бірақ келешек мәселесі жағынан келгенде көлік жай ғана күнделікті қажеттілік екенін ешкім жасырмайды. Демек, қаржылық сауаттың бұл тақырыпқа қатысы бардай.

Автонесие – жан бағуға мүмкіндік

Ипотека айтарлықтай өсім көрсетпей, өз шыңынан тайып жатқанын айттық. Бір емес, екі ай қатарынан төмендеуде. Әйткенмен бұны маусымдық факторға балап жатқандар жетерлік, әр жылдың басында тұрғын үй нарығы бәсеңдейтін әдет бар. Қазақстандықтардың ипотекалық қарыз мөлшері 6,7 трлн теңгеге жақындады. Бұл сома 634 мың несие келісімшарты бойынша 606 мың азаматтың мойнында.

Дегенмен автонесиенің бұлайша рекордқа жетуі тектен-тек емес. Ипотека жыл сайын шартының ауырлығымен көзге түсіп келеді.

Біріншіден, пәтер бағасы үздіксіз көтерілуде, ескі үйлер де құнын жоғалтпай жатыр.

Екіншіден, банктер қатаң талап қоюда. Бастапқы жарна сұрайды, тұрақты табыс дәлелдеу керек әрі ұзақмерзімді төлем қабілеттілігін растауды міндеттейді.

Үшіншіден, ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Ал жеңілдетілген ипотека шектеумен ғана берілетінін білеміз. Ақыры кейінгі 11 айда автонесие ипотекадан қайта озды. Айырмашылық 12,3 млрд теңге, оның алдындағы жағдайда 8,8 млрд еді.

Қалай алғанда да, қай кредит түрінің болса да өсуі халықтың әл-ауқатының төмендігін көрсетуде. Бұған дейін Бірінші кредиттік бюро бас директоры Руслан Омаров халық жан бағу үшін автонесие алады деген сарында пікір айтты.

– Неге бізде автонесиелеу артып келеді? Себебі халықта ақша жоқ. Халық автонесие алып, такси қызметін көрсетіп, қосымша табыс таба алады. Автонесие мен такси агреаторлары халыққа табыс табуға көбірек мүмкіндік жасап отыр. Жұртшылық осы автонесиенің арқасында отбасын бағып, сол арқылы қарыздарын төлейді. Азаматтар автокөлікті жеке қолданыс үшін емес, табыс табудың жолы деп қабылдайды, – деді.

Бюро директорының сөзі орынды. Әйтпесе жалпы халыққа берілетін несие көлемі тоқтаусыз артып келеді. Ақпан айында халыққа берілген несие көлемі 21,1 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 22,7 пайыз өскенін айттық. Соның кесірінен жағымсыз үрдістер де туындауда.

Несие алу мүмкіндігі артып, оның шарттары жеңілдеген сайын халықтың қаржылық сауаттылығының жетіспеушілігі бұл жағдайды қиындатуы мүмкін. Онсыз да банкроттыққа өтініш бергендер саны артуда. 2023 жылы – 77 мың, 2024 жылы – 83 мың, биыл алғашқы 3 айда тағы 38 мың адам жағдайы мүшкіл екенін дәлелдеуге тырысты.

Екінші жағынан қарасақ, қаржылық ұйымдардың өздері де қауіп-қатерге барып отыр. Несиелер төленбей, кешіге берген жағдайда банктердің ахуалы мен экономиканың тұрақтылығы теңселеді. Бұған қоса, олар жоғары пайыздар қоюға бейілді. Халық қажет кезінде алар, бірақ көп өтпей қарызды қайтаруда сарсаңға түседі.

Бір сөзбен айтқанда, автонесиенің артуын толыққанды оң үрдіске жатқыза алмаймыз. Себебі көпшілік тек несиеге бас ұрып, қаржылық қиындықтарға ұшырап, экономикалық тәуелді жандарға айнала бастайды. Оның бәрі әлеуметтік көңіл-күйдің құбылуына алып келері даусыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу