Халықаралық сарапшылар Қазақстанға күдікпен қарайды

10384

Халықаралық сарапшылар "ұжымдық Батыстың енгізген санкцияларын бұзуға Қазақстан атсалысуы мүмкін" деп жиі қауіп білдіре бастады. Ресми Астана мұны жоққа шығарып отыр.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанға күдікпен қарайды

Еуропа көрші Ресейге қарсы санкциялардың алты пакетін енгізді. Қазіргі кезде аса қуатты жетінші топтамасын әзірлеуде.

Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның Ресей алдындағы одақтастық міндеттемелерінен бас тартпайтынын, сонымен бірге Мәскеумен өзара ынтымақтастық бұдан былай санкциялық режим аясында құрылатынын мәлімдеді.

Тоқаевтың айтуынша, республикамыз әлемдік қоғамдастықтың Ресейге енгізген барлық шектеулерін сақтайды.

"Санкцияның аты санкция, біз оны бұзбауға міндеттіміз. Оның үстіне біз тиісті хабарлама-ескертулерді алып жатырмыз. Онда егер антиресейлік санкцияларды бұзар болсақ, біздің экономикаға Батыс қайталама санкциялар салатыны айтылған", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы "Россия 24" телеарнасына сұхбатында.

Ал халықаралық сарапшылар Қазақстанға бәрібір күдікпен қарайды.

Осы орайда таяуда Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та санкцияларды елдің қатаң сақтайтынын жеткізіп, отандық кәсіпкерлерді құлағдар етті. Оның айтуынша, Ресей мен Беларуське қарсы санкциялар күшейген сайын кәсіпкерлер көптеген кедергіге тап болып, Үкіметке қаптаған сұрақ пен шағым жолдауда. Олар Ресейге қандай өнімін сатса, қайталама санкция енгізілетінін білгісі келеді.

Өзге бағыттарда да сансыз сауал кәсіпкерлеріміздің санасын сансыратыпты. Сондықтан ел Үкіметі осыған арнап, жеке портал ашуға ұйғарды.

"Біз бүкіл әлеммен еркін сауда жасаймыз. Бұл ретте ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік аймағы аясында тауарлар ағыны барынша жеңілдетілген. Сондай-ақ Қазақстан арқылы Ресей мен Беларусь елдеріне бағытталған тауарлар көп. Ендігі міндетіміз – реэкспорт қаупіне байланысты санкция салған елдердің "ерекше назарына" түсіп қалмау. Сол себепті кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін Премьер-Министрдің төрағалығымен Жедел штаб бизнеске арналған "нұсқаулықты" құру туралы шешім қабылдады. Sanction2022.kz атты сайтты ашып, онда Ресей Федерациясы мен Беларуське экспорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың толық тізімін жинадық", – деп хабарлады министр Бақыт Сұлтанов.

Дегенмен ізінше кәсіпкерлер ол сайттың істемейтініне шағымдана бастады.

"Министрдің өзі Үкіметтің штабы арнайы сайт құрғанын, сол арқылы антиресейлік санкцияларға қатысты барлық ақпаратты қадағалап отыруға болатынын мәлімдеді. Бұл аса қажет әрі құнды ақпарат. Бірақ қазіргі уақытта ол сайты істемей тұр. "Service unavailable" деп шығады. Скриншот жасап қойдым. Мұнысының астарында не бар?", – деп алаңдап, хат жазды бизнес-кеңесші Ануар Жұман.

Сауда министрлігі олқылықтың жедел түзетілгенін мәлімдеді: оның орнына жаңа сайт жасалыпты.

"Бүгінде sanction2022.kz ақпараттық ресурсы жаңа атауға ие болды. Оны traderadar.kz мекенжайынан табуға болады. Атап өтетін жайт, бұл ресурста ұжымдық Батыстың Ресей және Беларуське қарсы қолданып жатқан санкциялары туралы мәліметтер қордаланды. Ресурс Қазақстанның экспорттаушыларына ыңғайлы болуы үшін тек ақпараттандыру сипатында ғана қызмет етеді", – деді Б.Сұлтанов. 

Ведомство Батыс және оның серіктестері біздің "одақтастарға" қатысты жаңа санкциялық пакеттерді енгізген сайын, "Трейдрадардағы" мәліметтерді де уақытылы жаңартып отыруға уәде етті.

Сонымен қатар сайтта "геосаяси сын-қатер, тәуекелдердің жоғары екенін" ескере отырып, Ресей нарығын тастап шығуға шешім қабылдаған халықаралық компаниялардың тізімі жарияланған.

Мысалы, онда қазір "РФ мен БР-ге қатысты санкциялардың барлық түрлері", "ЕО, АҚШ немесе Ұлыбритания тарапынан РФ-ға экспортқа және РФ-дан импортқа түсетін санкциялар" бөлімдері бар. Сондай-ақ "Ресей Федерациясының нарығынан кетуге шешім қабылдаған компаниялардың тізімі", "АҚШ-тан РФ-ға сәнді тауарларды экспорттауға тыйым салу, АҚШ-тан тыйым салынған тауарлардың тізімі" берілген. Белгілі бір өнімнің санкцияға жататын-жатпайтынын білу үшін "іздеу жүйесі" енгізілген.

Тек сайтта Батыс елдерінің санкциясына ұшыраған жеке тұлғалардың тізімін таппайсыз.

Қ.Тоқаев Петербор форумында Мәскеудің кіжінісіне қарамастан, жоғары еңбек біліктілігі және дайын бизнесі бар, қалтасы қалың ресейлік эмигранттарды Қазақстан қабылдай беретінін білдірген еді.

Бақыт Сұлтанов та ресейлік немесе бұған дейін Ресейде өнім өндірген шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жасырмады.

"Оларға келсек, бизнес ашу және жүргізу үшін Қазақстанда посткеңестік кеңістіктегі ең қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл өз кезегінде нақты секторда инвестициялардың өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етеді. Ал бұл Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі! Сондықтан Қазақстанда өз өндірісін ашқысы келетін кез келген компания бізде инвесторлар үшін қолжетімді жеңілдіктердің толық көлемін пайдалана алады", – деген еді Сауда министрі.

Бірақ аталған ресурстағы ақпарат тым шектеулі әрі кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап бермейді. Онда ең көп қойылатын сауалдар жауабы да қарастырылмаған.

"Біздің әріптесіміз – ресейлік компанияға бұған дейін литвалық компания халықаралық тасымалды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетіп келген болатын. Ресейге қарсы санкциялар енгізілгелі ресейлік компания литвалық серіктесіне қызметінің ақысын төлей алмай қалды. Сондықтан ол енді біздің ЖШС-ға жүгініп, Литвадағы компанияға ақша аударуды сұрайды. Ол қаржыны ол бізге қызмет көрсету арқылы өтемек. Біз бұдан қорқасоқтап отырмыз. Мұнысы санкцияны айналып өтуге жатқызылмай ма? Себебі біз салық декларациясында, есебімізде мұны ашып көрсетеміз", – дейді кәсіпкер Әзіз Аласанов.

Қалай болғанда, біздің биліктегілер ақпарат құралдары арқылы "Батыс санкцияларын сақтаймыз!" деп жария мәлімдеме жасаумен шектелмей, отандық бизнеске қайталама санкцияға ілігіп, сорлап қалмаудың жолын, жөнін нақты көрсетсе дұрыс. Әйтпесе, сұрақ ауқымы таудан құлаған қар жентегіндей ұлғаюда, оған дер кезінде әрі білікті жауап беретін орган жоқ. Контенті көп өзгермейтін, кері байланысы жоқ мағынасыз сайт емес, тұрақты істейтін қауырт желі, Call-center құрса да артық болмас еді. Өйткені Украинадағы соғыс ұзайтын түрі бар. Ендеше еуразиялық одақтастарға қатысты санкциялар да келесі жылға ұзайтын сыңайлы. Оған дейін қаншама отандық кәсіпкер-компания талаптарды бұзып, Қазақстан тұтасымен қайталама санкцияға тап болмаса, игі.

Әзірге Смайылов Үкіметінің бұған шын мәнінде бас қатырғаны байқалмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу