IBA Халықаралық Олимпиада комитетінен шығарылды

1122

IBA бұл шешімге қарсылық білдіріп, Спорттық арбитраждық сотқа шағымданды.

IBA Халықаралық Олимпиада комитетінен шығарылды

Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) шұғыл отырысында Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) мойындау мәртебесінен айыру және боксты 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуді растау туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді ХОК-тың 69 мүшесі қолдап, біреуі қарсы болса, он мүшесі дауыс беруден бас тартты. Осылайша, олимпиадалық спорт түрлерінің тарихында алғаш рет халықаралық спорт федерациясы есептен шығарылды.

ХОК пен IBA (бұрынғы AIBA) арасындағы түсініспеушілік 2017 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада бокстан өткен жарыстардағы бірқатар жанжалдардан кейін басталды. Олимпиада комитеті бокс қауымдастығынан менеджмент, қаржы және төрелік саласында реформалар жүргізуді талап етті. Сондай-ақ өткен жылы ХОК IBA президенті ресейлік Умар Кремлевтің сайлануына, қауымдастықтың Олимпиада комитетінің ресейлік және беларусьтік спортшыларды халықаралық жарыстардан шеттету туралы ұсыныстарын орындаудан бас тартуына наразылығын білдірді.

ХОК-тың соңғы сессиясында IBA мойындауды қалпына келтіру үшін қажетті шарттарды орындамағаны туралы есеп ұсынылды. ХОК басшысы Томас Бах мәселе бокс пен боксшыларда емес, IBA-да екенін айтты. Ал ХОК бас директоры Кристоф Де Куппер жалғыз ақылға қонымды шешім IBA-ны қауымдастық ретінде мойындаудан бас тарту екенін айтты.

IBA ХОК ұсынысына Спорттық арбитраждық сотқа шағымданып, сот өтінішті қабылдады. Бірақ шағым аяқталмайынша, ұсынысқа тыйым салу туралы шешім шығарған жоқ.

Жақында Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Филиппин, Швеция және АҚШ өкілдері "World Boxing" атты жаңа халықаралық бокс ұйымының құрылғанын хабарлады. Енді ХОК-тан уақытша мойындау процесі екі жылға жуық уақытты алады. Қазіргі таңда АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Германия, Нидерланды және Филиппин бокс федерациялары IBA-дан шығып үлгерді. Бірақ әзірге "World Boxing" ұйымына тек АҚШ пен Швейцария федерациялары қосылды.

Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) бұл шешімді тым күрделі әрі саясиландырылған деп есептей отырып, осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

"ХОК-тың іс-әрекеті спорт қауымдастығының, оның ішінде бокс қауымдастығының, спортшылар мен жаттықтырушылар пікірін ескермей, саяси іс-әрекеттерге бағытталған. Шешім Олимпиадалық хартияда бекітілген қағидаттарға қайшы келеді", - делінген IBA хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу