Илон Маск Украинаны интернеттен ажыратуы мүмкін

388

Әлемдік банктің өткен жылғы есебіне қарағанда, Украинаны қайта құруға шамамен 486 миллиард доллар қажет болуы мүмкін.

Илон Маск Украинаны интернеттен ажыратуы мүмкін Фото: eurointegration.com.ua

Ресей Украинаны қалпына келтіруге шетелдегі 300 млрд долларын жұмсауға келісуі ықтимал. 

Егер Украина өзінің минералдық ресурстарын АҚШ-қа беруден бас тартса, Илон Масктың өмірлік маңызы зор Starlink спутниктік интернетінен ажыратылуы мүмкін. Мұны "Рейтер" агенттігіне осы жағдаймен таныс үш дереккөз хабарлады.

Минералдар мәселесі бейсенбі күні АҚШ-тың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кейт Келлог пен Президент Владимир Зеленский арасындағы келіссөздер барысында тағы да көтерілген.

Айта кетсек, әу-баста Зеленский АҚШ-қа қару-жарақ үшін 500 миллиард доллардың графит, уран, титан, литий тәрізді табиғи ресурстарының 50 пайызын беруден бас тартты. Себебі Вашингтон Украинаға қауіпсіздік кепілдігін ұсынбаған.

Дегенмен, жұма күні мәлім болғандай, Украина мен АҚШ минералдарды қаруға айырбастау жөніндегі өзгертілген келісім жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол құжатқа таяу күндері қол қойылып қалуы мүмкін.

Ресей Украинаның байланыс қызметін қиратқаннан кейін Илон Маск Киевке мыңдаған Starlink терминалын дереу жеткізді. Бірақ содан кейін Илон Маск Киевтің соғыстағы сәтсіздіктерін сынап, бұл мемлекетті бір мәрте өзінің интернет жүйесінен ажыратып тастаған.

"Рейтерге" сұхбат берген дереккөздердің бірінің сөзінше, "Украина Starlink жүйесінің арқасында жұмыс істеп тұр. Украиналықтар бұл интернетті "Поляр жұлдызы" деп атады. Мұндай байланыс құралынан айрылу – Украина үшін үлкен соққы" болады.

Трамп сөзін қайтып алды

АҚШ Президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасап, Украинадағы соғысты Киев емес, Путин бастағанын мойындады. Мұны Fox News Radio басылымына берген сұхбатында айтты.

"Ресей шабуыл жасады, бірақ бұған жол берілмеуі керек еді. Ал Украина Президенті Владимир Зеленский мен сол кездегі АҚШ Президенті Джо Байден соғыстың алдын алу үшін шаралар қабылдамады", – деді ол.

Содан кейін Трамп Ақ үйдегі Сопақ кабинетте тағы да журналистермен тілдесіп, Украинамен "минералдық келісім" мейлінше қысқа мерзім ішінде жасалатынын хабарлады.

Ресей Украинаны қалпына келтіруге шетелде бұғатталған 300 млрд долларын беруі мүмкін

Мұны да "Рейтер" хабарлады. Бірақ, агенттік дерегінше, Мәскеу осы активтердің бір бөлігінің Мәскеу қарамағына өткен территорияларды қайта құруға жұмсалуын талап етуі ғажап емес. Осы тұста айта кетсек, Ресей әскері басып алған аумақтар қазірдің өзінде Ресей жалпы ішкі өнімінің 1 пайызы мен астығының 5 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Путин үш жыл бұрын Украинаға әскер кіргізгеннен кейін АҚШ пен оның одақтастары Ресей Орталық банкі мен Қаржы министрлігінің шетелдегі 300-350 миллиард суверендік активтерін бұғаттады. Сол қаражаттың көбі бүгінде еуропалық банктерде сақтаулы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу