InCruises клубы тағы дауға ілікті

7008

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылғы 29 қарашада қаржы пирамидаларының "қара тізімін" жаңартты. 

InCruises клубы тағы дауға ілікті Фото: sportishka.com

Агенттік азаматтардың, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында қызметін алаяқтық жолмен жүзеге асыратын ұйымдар, соның ішінде іс-әрекеттеріне қазақстандықтар тарапынан шағымдар түскен ұйымдар бойынша ақпаратты тұрақты негізде жаңартып отырады.

Сонымен, бүгінде Қазақстандағы "Жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізіміне" 221 ұйым кіреді. Салыстырсақ, биылғы шілдеде осы тізімде 158 фирма болыпты. Былтырғы қазанда, яғни алғаш рет есепке алынғанда олардың саны 121 ғана болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан-ақ құзырлы органдар қанша тырысса да, қаржы пирамидаларының саны азаю орнына, артып бара жатқанын байқауға болады.

Оның үстіне азаматтар қызметінде жұртты жаппай алдау белгілері бар фирмалардың біразын жауапты орган назарға алмай отырғанына шағымданады. Әлеуметтік желіде ондай ұйымдардың артында шенеуніктерден мықты тіректері болуы мүмкін деген де болжамдар айтылып қалды.

Солтүстік көршінің орталық банкі саналатын Ресей банкі 2021 жылғы 17 қарашада InCruises LLC, InCruises (Инкрузес) круиз клубын "Қаржылық нарықта заңсыз қызмет ету белгілері анықталған компаниялардың тізіміне" енгізіп, оның Ресей аумағындағы қызметіне тыйым салды. Бұған қоса Роскомнадзор InCruises ресми сайтын бұғаттап тастады. Қазақстандық қаржылық реттеуші де былтыр бұл компания елімізде қаржылық пирамида деп танылып, оның жұмысына тосқауыл қойылуы мүмкін екенін мәлімдеген.

АҚШ-тың Флорида штатында тіркелген клуб ТМД көлемінде соңғы жылдары белсенді жұмыс істеді. Ал Қазақстанда жұмысын сол баяғыдай емін-еркін жалғастыруда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі InCruises-тің сот тарапынан қаржы пирамидалары қатарына жатқызылмағанын, "Жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізіміне" енгізілмегенін растады. Бұған себеп ретінде круиз клубтың әрекетінен зардап шеккен азаматтардан қаржылық мониторинг қызметіне оған қарсы шағым түспегені алға тартылды.

Шынында халық тарапынан шағымдар бар.

"Қазақстан аумағында InCruises компаниясы ашық әрекет етіп келеді. Ол клуб өз мүшелері арқылы өз қатарына жаңа адамдарды тартуда. Бұл үшін түрлі кездесулер, презентациялар өткізеді. Оның қызметінің қаржы пирамидасынан көп айырмашылығы жоқ: жаңа мүше ақша енгізуі керек, содан соң қаржысын салатын басқа тұлғаларды ертіп әкелуі шарт. Ал анықтама бойынша қаржы пирамидасы деп, жаңа қатысушылардың қаражатын ұдайы тарту арқылы, солардың есебінен өз мүшелерінің табысын қамтамасыз ететін жүйе есептеледі. Көп жағдайда барлық табыстың басты иесі жасырын қалады, оның атынан өзге басқарушылар әрекет етеді. Мұның жолы Қылмыстық кодекстің 217-бабы арқылы кесілуге тиіс еді", – деді кәсіпкер Даулет Төлеуханов.

Оның байламынша, InCruises қызметінде қаржы пирамидаларына тән белгілер бар. Оның мүшелері әлуметтік желіде заңсыз істерін насихаттап, айына миллиондап табыс табатынына мақтанады, жұртты қызықтырады. Сол миллионерлердің неге қомақты салық төлемейтінін тексеріп жатқан салықшылар да көрінбейді.

Халықты алдап, сазға отырғызып, елдегі әлеуметтік кернеуді өршітетін, елдің әл-ауқатын құлдырататын алаяқ компаниялардың табанына тас қою орнына Мәдина Әбілқасымованың командасы шағым түскен жоқ деп, қол қусырып қарап отыр. Сонда Үкіметтің проактивті қызметі қайда?

"Қазақстан азаматтарының құқығын бұзуға жол бермеу үшін сізден InCruises компаниясының қызметінің заңдылығына және негізділігіне тексеріс жүргізуді сұраймын.InCruises тарапынан заңсыз іс-қимыл белгілері анықталған жағдайда, оны Ресейдегі сияқты қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялардың қазақстандық тізіміне қосу бойынша шара қабылдауды сұраймын", – деп жазды өз шағымында Д.Төлеуханов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өтінішті қабылдап алған, бірақ әзірге жауап бермепті. Бірақ шағымның бары тіркелді. Әйтпесе ел игілігі үшін не істеп жатқаны байқалмайтын қаржылық реттеуші келесі жылы да бұл компанияға қатысты шағым түскен жоқ деп аузын қу шөппен сүртуі де мүмкін.

Масқарасы сол, Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) күні кеше Қазақстанда тіпті "қылмыстық әрекеті сотта дәлелденген" қаржы пирамидаларының өзі халықтың қаржысын қайтадан жинап жатқанын және мұндай жағдайлары жиілеп кеткенін жариялап дабыл қақты.

"Олардағы арам пиғылды адамдар бұрынғы жалған инвестициялық қызметтің ойдан шығарылған тұрақтылығын көрсетіп, танымал атауларды, ақша тартудың бірдей әдістерін қолданады. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі "LV Force", "World Business Consulting", "The Finico", "Caspian Crocus", "B2B Jewelry", "ПК Елімай-2019", "Мебельный проект Нур", "Лидер", "Лидер капитал-168", "Нарымбетова", "Hermes-LTD" және басқа да қаржылық пирамидалардың қызметіне тосқауыл қойды. Олар қарапайым мессенджерлерден бастап, білім беру курстары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға дейін әртүрлі қызмет түрлерін ұсынып, азаматтардан ақша алудың қылмыстық схемаларын жүзеге асырды. Халық жинаған қаражатынан айырылып жатқанына қарамастан, кейбір азаматтар сол қылмыскерлердің жарнамалық науқандарына ілініп, ақша салуды жалғастыруда", – деп хабарлады агенттік.

Алаяқтардың бассыз кеткені сонша, қазір кім көрінген өз бетінше пирамида құра беретін болыпты. Таяуда ҚМА-ның Ақмола облысы бойынша департаменті "River Coins Limited" қаржылық пирамидасын құру және басқару бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тек осы жалғыз фирма ғана 2 мыңнан астам ақмолалықты алдап соққан.

"Ұзақ уақыт бойы желілік маркетингпен айналысып келген Г.У.Оралбаева қаржы пирамидасы арқылы жеке тұлғалардан ақша тартып, табыс табу мақсатында компания құруға бел буады. Оралбаеваның "River Coins Limited" қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде облыста 2 мыңнан астам жеке тұлға зардап шеккен. Оларға келтірілген шығын көлемі 18 миллион теңгеден асады. Сот Оралбаеваны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

ҚМА-ның Қарағанды облысы бойынша департаменті де жуырда Қарағанды және Теміртау қалалары аумағында төл пирамидасын құрып, тұзағына көптеген адамды аулай алған алаяқты ұстады. Оның қызметінің ауқымы таңдай қақтырады: сауатсыз жұрт несие алып, ақша тасыған. Тіпті 25 миллионын қиып тапсырғандар бар.

"Азаматша Г.С.Нарымбетова 2020 жылы жалған ақпарат беру арқылы азаматтардан ақша жинай бастаған. Ол қаржы пирамидасы схемасын жүзеге асырып, салым сомасының 10%-ынан 40%-ына дейінгі мөлшерде сыйлықақы төлеуге уәде еткен. Осылайша, жаңа инвесторлардан 200 мыңнан бастап, 25 000 000 теңгеге дейінгі сомада қаражат тартқан. Қылмыстық әрекеттен анықталған жалпы залал 222 миллион теңгеден асты. Оның 131 млн теңгесін сотталушы өз еркімен өтеді. Сот үкімімен Гүлзат Нарымбетоваға 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды", – деп мәлім етті ҚМА.

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың мәліметінше, 2022 жылғы 10 айда 25 қаржы пирамидасы жойылған. Олардан зардап шеккендердің 8,3 миллиард теңгесі өтелген. Қаржы пирамидаларымен күрес аясында заңсыз контенті бар шамамен 8,8 мың сайт пен аккаунт бұғатталды.

Ішкі істер министрлігі хабарланғандай, 2021 жылы 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидаларына 54 миллиард теңгесін өткізіпті. Ал 2022 жылғы жартыжылдықта 27 миллиард теңгеден астам салымын осы алаяқтарға сеніп табыстаған. Жыл қорытындысында былтырғы көрсеткіштен де асып, кезекті рекорд орнауы мүмкін. Егер мұның бәріне тездетіп тосқауыл қоймаса, нақты жұмыс істейтін, алаяқтарды аяусыз жазалайтын, жауапкершіліктен бұлтартпайтын тегеурінді тетіктер іске қосылмаса, республикамыз Әділетті Қазақстан емес, алданғандар еліне айналып шыға келуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу