Интернет-жарнамаға арналған Google салығы әділетсіздікке әкеліп соқтырды

7988

Ал Үкімет интернет-жарнама мен онлайн платформаларға қатысты заңнаманы ары қарай күшейтпек. 

Интернет-жарнамаға арналған Google салығы әділетсіздікке әкеліп соқтырды Фото: google.com

Қазақстанда интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы жаңа, жеке заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Алматыда сайт жетекшілерімен және блогерлермен кездескен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

"Бұл заң жобасы аясында интернет пайдаланушылардың жауапкершілігі күшейтіледі. Шетелдік платформалардың қызметі қазақстандық заңнамаға сәйкес реттелетін болады. Әлеуметтік желі иелері өз интерфейсін қазақстандықтар үшін мемлекеттік тілде ұсынуға міндеттеледі. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін де күшейтеді", – деді министр.

Қазақстан соңғы жылдары осы салада бақылауды арттырып жатыр. Мысалы, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап, Салық кодексінің "атышулы" 373-бабы күшіне енді. Оған сәйкес, "Google салығы" енгізілді. Бұл тосын қадам сарапшылар ортасында көп талқыланды, алайда оның мәнісін Парламент депутаттары да, жауапты орган мамандары да толыққанды түсіндіре алмаған.

Оның мәнісін осы салада жұмыс істейтін мамандар да жете ұғына алмапты. Елордалық кәсіпкер Наталья Черепанова осыған түсініктеме беруді сұрап, Мемлекеттік кірістер комитетіне де жүгінген екен.

"Google салығы бойынша Қазақстан аумағында өкілдігі жоқ шетелдік компанияларға, интернет тұғырнамаларға жарнама берген интернет пайдаланушылар 12% ставкасымен қосылған құн салығын (ҚҚС) қосымша төлеуге тиіс. Егер жеке тұлға жарнама ақысын төлесе, оның жарнамасының құнына автоматты түрде 12% ҚҚС үстемеленеді. Алайда егер компания ақы төлесе, ҚҚС есептелмейді. Оны ол өзі есептеп, салық органдарына да өзі төлеуге тиіс. Қазақстанда көптеген адам Facebook парақшасын ілгерілету үшін таргет жалдайды. Әлеуметтік желі белгілі бір ауқымдағы аудиторияны қамтып, сонда постын көрсеткені үшін ақы алады", – деді ол.

Мұнысы жалпақ жұртқа белгілі жайт. Белгісізі, яғни кілтипаны басқада. Былтыр Facebook қожайыны Meta Platforms Inc. компаниясы қазақстандық заңнама талабын ескеріп, Жарнамалық кабинетті құрды. Сонда кез келген қазақстандық пайдаланушы жарнама ақысын төлегенде оның кімнің пайдасына жасалатынын, яғни жеке тұлға немесе компания атынан жүзеге асырылатынын өз бетінше көрсетуге тиісті. 

"Тәжірибеде компаниялар әдетте SММ-маманды жалдайды да, Фейсбук пен Googleдағы жарнамалық кабинетті солар жүргізеді. Бірақ америкалық бұл платформалар жарнама ақысын тек жеке тұлғаның банк картасынан ғана қабылдайды. Сондықтан SММ-маман ол кабинетте көбіне төл банктік картасын тіркеуге мәжбүр. Компания маманның жалақысымен қоса, жарнамалық кабинетті құру ақысын және жарнаманың өзінің құнына арналған ақшаларды соның картасына аударады. Осыдан мәселелер туындап жатыр. Мысалы, Фейсбук пен Google жарнамасы компания мүддесі үшін берілгенімен, оның шығынын, салығын жеке тұлға, яғни SММ-маман өзінің картасынан төлеп тұрады. Ендеше ол ҚҚС бойынша салық органдарына әлдебір есептер беруге, декларациялар тапсыруға тиіс пе? Әлде Фейсбук кабинетінде ҚҚС төлеумен іс біте ме? Жалпы, осыған байланысты айти мамандарға қауіп-қатер төнуі ықтимал, ертең салық декларациясын тапсырмадың деп оларды жаппай қудаламай ма?", – деп алаңдады Н.Черепанова.

2022 жыл үшін салық декларациясын тапсыру науқанының соңғы мерзімі тақап қалды. Содан сұрақтар да көбеюде. Ал Мемкірістер органы Google салығына қатысты барлық қазақстандықтарға арналған қорытынды әрі толымды түсініктеме ұсынбады.

Негізі, заң бойынша жеке тұлғалар ҚҚС төлемейді, бұл көбіне ірі бизнестің міндеттемесі. Google салығы сонысымен де түсінбеушілік туындатып отыр. Мысалы, жарнама жөніндегі маман лауазымына жұмысқа тұрған қатардағы жалдамалы қызметкерлер сыртында, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, осындай қызмет ұсынатын инфлюенсерлер өз картасынан аталған салықты төлеу арқылы да басын бәйгеге тігеді. Содан тіксініп, Фейсбукта таргетпен айналысуды қойып кеткен шағын кәсіпкерлер бар. Себебі, дара кәсіпкерлер заң бойынша негізінен, ҚҚС төлеуші болып табылмайды. Бірақ әлеуметтік парақшасында бір рет жарнама берсе, ҚҚС төлеуге тиіс. Содан олар ҚҚС төлеушілер реестріне кіріп кетемін деп шошып, аяқ тартқан. Жалғыз жарнама үшін бүкіл өнімінен 12 пайыз қосымша салық төлеу ауыртпалығын кім арқалағысы келсін.    

Оның үстіне жеке кәсіпкерлер бұл жағдайда қандай нысандағы есептілікті тапсыратынын да білмейді. Бұл салада сұрақтар көп болып тұрғанын бухгалтер Елена Назарова да растады.

"Біздің компания да Google мен Фейсбуктің осы қызметін тұтынады, яғни олардың платформаларында жарнама орналастырады. Сонда өнімдері туралы жарнамасы әртүрлі сайттардан паш етіледі. ЖШС жарнама шығынын бухгалтерлік есепте шығыс ретінде көрсетіп, шегерімге жатқызғысы келеді. Бірақ америкалық бұл платформалар құжат, түбіртек, чек бермейді, тек скриншот қана жасай аламыз. Ал оны салық органдары құжат ретінде қабылдай ма, жоқ па, ол туралы еш жерде айтылмаған", – дейді есепші маман.

Кезінде Google салығын енгізудің бір бастамашысы болған әрі бүгінде соны жинауға жауапты Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жеке тұлғалардан ҚҚС үшін ешқандай салық декларациясын тапсыру талап етілмейді.

"Салық кодексінің 779-бабына сәйкес, тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырылатын, интернет-алаң арқылы электрондық нысанда қызметтер көрсететін шетелдік компаниялар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші деп танылады. Осылайша, ҚҚС-ты шетелдік компания төлейді, бұл ретте жеке тұлғаларға қатысты сол ҚҚС бойынша салық есептілігін ұсыну міндеттемесі туындамайды", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Ал жарнама шығынын салықтан шегеруге рұқсат етілмеуі мүмкін.

"Салық кодексінің 25-тарауына сәйкес, шетелдік компания, яғни мына жағдайда Facebook ҚҚС төлейді. Себебі, оның жарнамасын сатып алушы – жеке тұлға немесе дара кәсіпкер болып табылады. Осыған байланысты жарнамаға тапсырыс берушінің шетелдік компания төлеген ҚҚС-ты өз шегеріміне жатқызуға құқығы жоқ", – деп мәлім етті Қаржы министрлігі.

Ведомство жеке тұлғаның салық салынатын табыс айналымына ҚҚС сомасы қосылмайтынын ескертті, себебі ол ҚҚС төлеуші болып саналмайды. Ал ҚҚС төлеушілер тізілімінде тұрған заңды тұлғалар, кейбір дара кәсіпкерлер орналасқан жері бойынша салық есептілігін ұсынуы шарт.

Бұл жерде Фейсбук, Google сияқты шетелдік платформаларының қулығына құрық бойламайды: Қазақстаннан қырып табыс тауып жатқан оларға ел Үкіметі былтыр "Google" салығын енгізді. Ал олар бұған еш қарсыласпай келісті де, 12 пайыздық сол салықты қазақстандық клиенттерінің мойнына арта салды. Сөйтіп, ол ҚҚС салығының ауыртпалығын да біздің азаматтар мен компаниялар көтереді. Олар соны өздері төлеген соң, "ҚҚС төлеушілердің тізіліміне кіріп кеттік пе?" деп мазасызданатыны заңды. Оған жауап ретінде салық органы: "Жоқ, ол салықты сіз емес, Google төлеп тұр ғой!" деп таңданған сыңай танытады.

Яғни, құжат жүзінде, де-юре салықты шетелдік платформа, ал іс жүзінде, де-факто қазақстандықтар төлеп жатыр. Ұлан-ғайыр табысы еш ортаймаған жатжұрттық компаниялардың қылы да қисаймады, есесіне отандық кәсіпкерлік пен азаматтар үшін қосымша, жанама салық пайда болды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу