Қала мен ауылды қатар дамыту керек – экономист

15714

Біздің елдегі шағын, орта және ірі бизнестің арасында өзара байланыс жоқ. 

Қала мен ауылды қатар дамыту керек – экономист

Экономист Бейсенбек Зиябеков қала мен ауылды қатар дамыту керек деп есептейді. Яғни, өндіріспен ғана шектелмеу керек. Дұрысы – ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлу. Себебі аталған сала арқылы ауылды да, қаланы да дамытуға мүмкіндік мол.

"Осыдан біраз жыл бұрын ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бастамасы қолға алынды. Алайда оны көтерген министр қызметінен кетті де, орнына келген басшы бастаманы жалғастырған жоқ. Соңы сұйылып кетті, әйтеуір. Дәл осы кооперативтер дала мен қаланы байланыстыратын алтын көпір қызметін атқара алады. Қазір моноқалаларға басымдық беріліп жатыр ғой. Меніңше, моноқалаларды ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы да алға бастыруға болады", – дейді экономист.

Айтуынша, шаһарларға бірден ірі кәсіпорын салудың қажеті шамалы. Бұл уақытты да, қаржыны да талап етеді. Оның нәтижесі де ұзақ күттіреді. Асылы, кішігірім өндірістер мен шағын зауыттарды көбейту.

"Қалаларды олармен іргелес жатқан ауылдардан бөліп алып қарастырудың қажеті жоқ. Бәрі кешенді түрде қамтылуы керек. Мәселен, қалада ашылған сүт зауытына қажетті шикізат іргедегі ауылдардан жиналуы керек. Сол секілді ауылда өндірілген көкөніс, бақша өнімдері қалада өңделуі қажет. Осындай тізбек керек. Сонда ауыл мен қала арасындағы байланыс жанданады", – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Ауыл мен қаланы жеке-жеке дамытудың қисынсыздығы секілді шағын, орта және ірі бизнестердің әрқайсысының өз қазанында ғана қайнауы дұрыс емес. Экономистің пікірінше, оларды бір-біріне қызмет етуге мәжбүрлеу керек. Сонда олар бір-бірін толықтырып, дамудың жолына түсетін болады.

Бейсенбек Зиябеков тілге тиек еткен моноқалаларды дамыту бағдарламасы 2012 жылы басталған. Қазір Қазақстанда 27 моноқала бар. Онда қала халқының 16 пайызы тұрады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, сегіз жылда моноқалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет қазынасынан 38 млрд теңге жұмсалған.

"Қазір экономиканы әртараптандыру туралы жиі айтамыз. Бұл дегеніміз шикізатқа иек артпай, "Қазақстанда жасалған" өнімдерді шығару. Осы орайда салмақтың біраз бөлігі кәсіпкерлікке түседі", – дейді экономист.

Санжар Беркінбай


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу