Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, меморгандардың келісімін алуға жолдады. Құжат, аты айтып тұрғандай, осы тәттіге ғана арналған кешенді жоспарды бекітеді. Дегенмен сарапшылар құжатты шикі деп отыр. Салдарынан, олар бұл бағдарлама көзбояушылыққа айналып, Президенттің көңілін аулағанымен, саланы шын өркендетуге пайдасы болмай қала ма деп қауіптенеді.
Премьер Әлихан Смайыловқа түсіндірме жазбасында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл құжат Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаға сәйкес дайындалғанын және ол қант импортына тәуелділікті қысқартуға, республиканы осы өніммен өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшіруге бағытталғанын жазады.
"Жоба түрлі көздерден алынған қаражат есебінен, соның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты шегінде және Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылатын болады. Қаулы жобасын қабылдаудың мақсаты – ішкі нарықты қантпен тұрақты қамтамасыз ету үшін қант қызылшасының егіс алаңдарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ технологиялық жабдықтарды жаңарта және өндірістік қуаттарды кеңейте отырып, қант зауыттарын жаңғырту жолымен отандық шикізаттан қант өндіруді 250 мың тоннаға дейін ұлғайту болып табылады", – деді министр Ербол Қарашөкеев.
Салыстырсақ, экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, бұған дейін қант қызылшасының егістігі 2,5 есеге қысқартылған. Сөйтіп 2022 жылы қант қызылшасы небары 12 мың гектарға егілді. Бұрынғы жылдары отандық қызылшаны өңдеу Қазақстанға ішкі нарығының сұранысын 40%-ға дейін "жабуға" мүмкіндік беретін. Ал 12 мың гектардан алынатын өнім ішкі сұранысты бар-жоғы 28%-ға ғана өтеуге жетеді.
А.Бейсембаевтың пікірінше, мұндай тірліктер диверсияға ұқсайды.
Айтқандай, Президенттің өзін ұялтқан (Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев дүкендерде бұқараның қантқа таласуға мәжбүр болуын "Ұят! Позор!" деп атағаны есте) Қазақстандағы ахуалды шетелдік ақпарат құралдары да жазды. Германияның жетекші Deutsche Welle агенттігінің сарапшылары Қазақстан Үкіметі жағдайға дер кезінде ден қоймай, кешігіп қалғанын еске салады. Өйткені биылғы наурызда Ресей Батыстың санкциялары аясында ішкі нарығын қорғау үшін Еуразиялық одақтың басқа елдеріне дәл осы тауарды экспорттауға уақытша, 31 тамызға дейін тыйым енгізді. Сол кезде-ақ Қазақстанда қант тапшылығының алғашқы көріністері бой көрсете бастады. Әйтсе де, Үкімет те, әкімдер де селт етпеді, тиісті шара қолданбады.
Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылы Қазақстан өзі тұтынатын барлық құмшекердің 55%-ын Ресейден тасыған. Бұдан бөлек, шамалы бөлігі Беларустен импортталды, ол да сәуір айынан бастап, экспортқа мораторий енгізді.
Бұрынғы жылдары Қазақстан қанттың үлкен бөлігін Украина, Бразилия, Үндістан және Мексикадан алғызатын, алайда Еуразиялық одақ аясындағы келісімдерге сәйкес Қазақстан ол импортын барынша азайтты. Ресей мен Беларусь одақ елдеріне, соның ішінде Қазақстанға өз қантын таңды. Өз кезегінде Қазақстан өз сұранысының шамамен 40%-ын ғана төл өндірісімен өтей алды. Сондықтан Мәскеудің экспортты тоқтатуы қазақстандық нарыққа есеңгіретер соққы болды.
Deutsche Welle Қазақстан Үкіметінің атын жасырын ұстауды қалаған экс-мүшесімен сұхбаттасыпты.
"Ол қазіргі шенеуніктердің туындаған проблеманы шешуге қабілеті жететініне күмәнданады. Оның байламынша, билік төтенше күрделі тұйыққа өзін өзі қуып тықты. Қазақстан үшін шетелдік қант құрағын өңдеп, содан қант өндіру ұтымды. Өйткені тіпті қант қызылшасы мол жиналғанымен елдегі климаттық жағдайға байланысты ол ұзақ сақтала алмайды. Қызылша қалпымен ылғалдан тұрады, қыста ол қатып қалады, жібітсе, өңдеуге жарамсыз болады. Оның бәрін жылы қоймада сақтау қант өндірісі үшін қымбатқа түседі. Ал үш жыл бұрын Қазақстан Үкіметінің басшылығы РФ қысымына көніп қойды", – деп жазады Deutsche Welle.
Оның Үкіметтегі дереккөзінің айтуынша, ресейліктер "алыстан қант құрағын импорттаудан бас тартыңдар, біз сіздерді арзан қантымызға қарық қыламыз, еш алаңдамайсыздар" деп үгіттепті. Әйтпесе, одақ аясында шешімдер консенсуспен қабылданатыны мәлім. Қант құрағына баж енгізуге бір ел қарсы болса, шешім қабылданбайды.
"Алайда біздікілер үгітке көне салған. Салдарынан ЕАЭО аясында қант құрағына баж енгізілді, отандық бизнеске қант құрағын тасу тиімсіз болып қалды, барлық логистика Ресейге қайта бағдарланды, соның қантына тәуелділік артты. Қазақстанда қант құрағынан құмшекер өндіру тоқтады. Басқа елдермен арадағы бұрыннан жолға қойылған жеткізілімдер, келісімдер тегіс бұзылды. Ал биылғы наурызда қант экспортына тыйым салған ресейліктер осыдан туындайтын Қазақстанның проблемалары өздерін алаңдатпайтынын ашықтан ашық мәлімдеді. "Ресей сыртында бізге Украина да қант жеткізетін. Бірақ олардың бұған қазір мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп біз Ресей кесірінен қантсыз қалып отырмыз" деп қорытты дереккөзіміз", – деп хабарлады германиялық агенттік.
Еуразиялық одақ аясындағы келісімдерге Сауда және интеграция министрлігі жауап беретіні мәлім.
"Біз қазір импорттық қантқа 90% тәуелдіміз. Әрине, бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімдерге сілтеме жасауға болар еді. Не десек те, бұл Үкіметтің салмақты қателігі: ол мемлекеттің ұстанымын табанды қорғай алмады. Сондықтан мен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа және Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын", – деген еді Үкіметтің таяудағы кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев.
Жалпы АШМ ұсынып отырған "Қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар" қант тапшылығына қатысты жағдайды жедел түзетуді қарастырмайды, негізінен 2023-2025 жылдарға бағдарланған.
Мысалы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге кешенді талдау, ревизия жүргізу, соның негізінде қант қызылшасын егіп, өсіруге жарамды аудандарда пайдаланылмай жатқан жер учаскелерінің тізілімін жасау тек 2022 жылғы желтоқсанға белгіленген. Оның үстіне бұл шара тек Жетісу және Жамбыл облыстарын қамтымақ.
Осы қос облыста "ауыл шаруашылығы жерлеріне іргелес жатқан суару инфрақұрылымының – арналардың, арықтардың, су қоймаларының және басқасының техникалық жай-күйін, құрылыс пен реконструкцияға деген қажеттілігін анықтап, кешенді талдау жүргізу" де жыл соңына қалды.
Жоспарға сәйкес, алда қант зауыттары үлкен көлемде жерге ие болады: өз шикізатымызбен қамтамасыз ету үшін оларға зауыттың айналасында, 150 шақырым радиуста қант қызылшасын өсіруге жарамды, бірақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара 2025 жылға дейін созылмақ.
Сонымен алда Үкімет мақұлдайтын жаңа бағдарлама аясында қант қызылшасының егіс алқаптары ұлғайтылып, 2023 жылы – 16,7 мың гектарды, 2024 жылы – 25,6 мың, 2025 жылы – 31,8 мың, ал 2026 жылы – 38 мың гектарды құрауға тиіс.
"Агроөнеркәсіптік кешендегі қазақстандық іскерлік кеңес" заңды тұлғалар ұйымы басқармасының төрағасы Қанат Әбілмағжанов Үкіметтің қант қызылшасын өсіруді Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарымен шектеп отырғанына қарсы екендерін айтады.
"Қант өндірісін тек қана еліміздің оңтүстігінде шоғырландыру бойынша жүргізіліп отырған саясат ақыры қант зауыттарының жылына тек 2-3 ай ғана жұмыс істеуіне және жалпы қуатының 15-30%-ына ғана жүктелуіне соқтырды. Сонымен бірге қант саласын шикізатпен толыққанды қамту үшін 38 мың емес, ең кемі 120-150 мың гектарға қант қызылшасын егу қажет болады. Бұл ретте небәрі үш облыста осынша үлкен жерді тек бір дақылға бөлу диқандарды табысы жоғары басқа дақылдарды өсіру мүмкіндігінен айырады. Мысалы, жеміс дақылдарын, бақша дақылдарын еліміздің оңтүстігінен басқа өңірлерінде өсіру мүмкін емес, өсіргеннің өзінде күткендей жеміс бермес еді. Ал бұл дақылдардың әр гектары шамамен 9,5 миллион теңгеден кіріс әкеледі. Яғни қант қызылшасына қарағанда тиімдірек", – деді Қанат Әбілмағжанов.
Қызылшаға қарық қыламыз деп жүріп, біліксіз шенділер қазақстандықтарды қарбыз, қауын және басқа бақша дақылдары жөнінен де өзге елдерге тәуелді етіп қоймай ма? Артық қыламын деп тыртық қылып жүрмесін.
Жанат Ардақ