Қатты қуаңшылық аясында биылғы орақ науқаны қалай өтуде?

3535

Мемлекет құрғақшылықтан зардап шеккен диқандарға қомақты көмек пен қолдау көрсетіп жатыр. 

 Қатты қуаңшылық аясында биылғы орақ науқаны қалай өтуде?

Қазақстанның оңтүстігі мен батысында жаңа егінді жинау науқаны қызды.

Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, Жетісу ауданында шілде айының соңындағы жағдай бойынша 46,3 мың гектардан 85,7 мың тонна бидай орылған. Әзірге орташа шығымдылық әр гектардан 18,5 центнерден айналып отыр. Бұл былтырғыдан төмен болғанымен, бәрібір жақсы көрсеткіш саналады. Бұған күрделі климат та ықпал етіп отыр: жергілікті диқандардың айтуынша, күннің қатты қызуынан жауған жаңбыр, түскен ылғал тез құрғап қалады екен.

Басқарманың нақтылауынша, өңірдегі бидай егілген егістік алқабының жалпы көлемі 325,2 мың гектарды құрайды. Жетісулық аграршылар негізінен, бидай, арпа және жүгері екті. Миллион тоннадан артық өнім алуы мүмкін.

Ал Түркістан облысында орақ науқаны кейбір аудандарда аяқталуға таяды. Бұл өңірдегі фермерлер де өткен жылға қарағанда астықтың өнімділігі төмен екенін жеткізді. Өңірде қуаңшылық байқалады. Бірақ агротехнологияларды сақтаған егіншілер қапы қалмайды. Мысалы, шаруа қожалықтарының біразы биыл ерте екті. Өңір алдағы апталарда егін жинау науқанының алдын ала қорытындысын шығарады деп күтілуде.

Бұл ретте Сайрам ауданында қырмандағы тірлік енді ғана өрістесе, ал Сарыағаш ауданында бұл жұмыстар тәмамдалып та қалды.

"Бидайдың өнімділігі орта есеппен әр гектардан 15,7 центнерден, арпа бойынша 14 центнерден келіп отыр. 2022 жылмен салыстырғанда біршама төмен: былтыр әр гектардан 18-20 центнерден айналған. Бірақ қорытынды толық жиналып болған соң ғана белгілі болады", – деді жергілікті басқарма мамандары.

Себебі, мысалы, Сарыағаш ауданында диқандар орташа алғанда әр гектардан 20-25 центнерге дейін өнім алыпты. Яғни, толық көрсеткіштер алда жақсаруы ғажап емес. Түркістандық аграршылар егін оруды тамыздың ортасына қарай аяқтауды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, 2023 жылы жалпы көлемі 16 миллион тонна бидай жиналуы мүмкін. Бұл жоспар орындалса, сонша көлем еліміздің ішкі қажеттілігін толығымен өтеуге де, экспортқа шығаруға да жетеді.

Ел Үкіметі жаңа астықты жаңбыр астында шірітпей, қар астында қалдырмай, қамбаға құйып алу үшін қазірден іс-қимылға кірісіп, шаралар қабылдауда. Мысалы, отандық элеваторларға жаңа егінді іркіліссіз қабылдау үшін тәулік бойғы жүктеуді ұйымдастыруға және ішкі нарықтағы тұтынушылар мен шетелдік экспортқа тиеп жөнелту көлемін өсіруге ұсыным берілді. Биылғы шілде ортасындағы жағдай бойынша, элеваторларда 3 млн 310 мың тонна бидай сақтаулы тұр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері "Қазақстан темір жолымен" бірлесіп, жаңа егінді тасымалдау мәселелерін ұдайы пысықтауда. Осының арқасында Inbusiness.kz жазғандай, 2022–2023 маркетингтік жылдың тоғыз айында ҚТЖ желілері бойынша бидай тасымалы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, бірден 29%-ға, 9,8 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Соның ішінде сыртқа шыққан экспорт 33%-ға артып, 8 миллион тоннадан асқан.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы жүргізген ғарыштық мониторинг деректеріне жүгінсек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқаптардың шамамен 40%-ы – нашар жағдайда.

Тұтастай алғанда, мамандар сапасына қарай егіс алқаптарын келесідей бөлді:

  • Өте жақсы – 1 059 681,15 гектар немесе жалпы ауданының 6,4%;
  • Жақсы – 2 052 346 гектар немесе 12,4%;
  • Қанағаттанарлық – 6 910 060,5 гектар немесе 41,9%;
  • Нашар – 4 333 005,2 гектар немесе 26,3%;
  • Өте нашар – 2 129 328,2 гектар немесе 13%.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының 70%-ға жуығы жақсы. 14,4%-ы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық дәнді дақылдардың 8,3 млн гектары жақсы жағдайда, бұл бүкіл ауыл шаруашылығы дақылдарының 50,2%-ы, ал 7,2 млн гектары, яғни, 43,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдар сәл көбірек зардап шекті: жақсы жағдайдағылары 43,6% немесе 1,4 млн гектар. Қанағаттанарлығы – 47,7% немесе 1,5 млн гектар.

Сөйтіп, бір жақсысы, Үкімет жауырды жаба тоқып, ахуалдың күрделі екенін жасырып отырған жоқ. Нәтижесінде, проблеманы шешуге бағытталған лайықты шаралар қабылдануда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің байламынша, дақылдарды сақтандыру – құрғақшылықтан болатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, қуаңшылықтан сақтандырылған аграршылар бүгінде 1,5 млрд теңге өтемақы алып үлгерді.

"Биыл қазақстандық фермерлер топырақ ылғалдылығының тапшылығын индекстік сақтандыру бойынша 111 шарт жасасты. Жалпы алғанда, Қазақстанның 8 өңірінде құрғақшылық қаупінен 236 мың гектар жер сақтандырылған. Сыйлықақы сомасы шамамен 1,5 миллиард теңгені құрады. Оның 1,2 миллиарды мемлекет тарапынан субсидияланды", – деп хабарлады АШМ.

Ведомствоның түсіндіруінше, АӨК-ті сақтандыру операторы – "Аграрлық несие корпорациясы" болып табылады. Фермерлер www.kezekte.kz сайттындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесінде шарттар жасай алады. Шарт жасасудан бастап, сақтандыру төлемдеріне дейінгі барлық рәсімдер онлайн, электрондық платформада жүргізіледі. Сақтандыру жағдайының басталу, яғни қуаңшылықтың туындау фактісін жүйе спутниктік деректерге сүйене отырып, автоматты түрде тіркейді. Бұл төлем механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Ылғал тапшылығы тәуекелдерін индекстік сақтандыру үш фазаны қамтиды. Бірінші кезең: 15 мамырдан 14 маусымға дейін. Екіншісі: 15 маусымнан 14 шілдеге дейін болды. Үшіншісі: 15 шілдеден 14 тамызға дейін жүреді. Фермер өз егістігін қандай кезеңдер бойынша сақтандыратынын, яғни осы мерзім аралықтарын өз бетінше таңдайды. Сақтандыру полисінің мөлшері және одан кейінгі төлемдер фазаға байланысты анықталады. 

Бұл жерде де мемлекет көмекке келіп отыр. Бұл іс аграршыға қосымша шығын келтірмеуі үшін Үкімет сақтандыру өнімдері бойынша сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуде. Соның арқасында фермерлер үшін сақтандыру полисі 80% арзандайды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, өткен жылы Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау қағидаларына түзетулер енгізілді, соған сәйкес сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау нормативі 50%-дан 80%-ға дейін өсті.

Дәнді дақылдарды (бидай, арпа, сұлы, жүгері, қарақұмық, тары, дәнді құмай, тритикале, жаздық қара бидай), бұршақ дақылдарын (бұршақ, жасымық, ноқат) және майлы дақылдарды (күнбағыс, рапс, зығыр, соя, көктемгі зімбір, мақсары, қыша) сақтандыруға болады.

Сақтандыру Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының фермерлері үшін қолжетімді.

Салыстырсақ, 2020–2022 жылдар аралығында осы бағыт бойынша сақтандыру төлемдері 2,5 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте сақтандыру компанияларының сақтандыру сыйлықақысы 1,4 млрд теңге болды. Соның ішінде аграршылар 709,8 млн теңгені солардан алды, тағы 709,8 млн теңгесі мемлекеттік субсидиялар есебінен төледі.

Осылайша, субсидиялауды ескере отырып, құрғақшылықтан сақтандыру тетігі отандық фермерлер үшін айтарлықтай қолдауға айналды. Бұл шығындар үшін өтемақы алуға ғана емес, сонымен қатар шаруашылықтардың жұмысын сақтауға көмектесіп отыр.

Бұдан бөлек, диқандар біржылдық және көпжылдық шөптер егілген жайылымдарын да сақтандыра алады. Сақтандыру 1 мамырдан 30 тамызға дейінгі кезеңді қамтиды. Сақтандыру тарифі 3,2% құрайды. Ол да әлгіндей субсидияланады.

Дегенмен, отандық фермерлер сақтандыру құралын аз пайдаланады. Биылғы көрсеткіш былтырғыдан да төмен болып тұр: 2022 жылы – 171, 2023 жылы – 111 сақтандыру шарты бекітілген.

Биыл барлығы 258,2 мың гектар дәнді және майлы дақылдар, 152 мың бау-бақша ағаштары, 5,4 мың мал (ірі қара, ұсақ мал, жылқы), 428,2 мың құс сақтандырылды. Сақтандыру сыйлықақысы 1,6 млрд теңгені құрады, оның 1,3 млрд теңгесі субсидияланды. Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 млрд теңге қаражаттың тек 2,4 млрд теңгесі ғана игерілді.

Сондықтан Қазақстанның басым бөлігінде климаттың болжамсыздығы өршігенін, қуаңшылықтың жыл сайын күшейгенін ескерсек, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің осы өнімнің де игілігін көру үшін белсенді болғаны абзал. Бұл – дамыған елдердің ізгі үлгісі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу