BoxRec.com сайтының мәліметінше, Бектің шаршы алаңға қайта оралуы 24 мамырға жоспарланған. Жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында өтеді. Қарсыласының есімі әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет соңғы жекпе-жегін жуырда өткізді. Ол 6 сәуір күні таңертең Пенсильвания штатының Филадельфия қаласында өткен бокс кешінде костарикалық Энкарнасьон Диасты (20-6, 11 KO) 1-раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.
Бек Нұрмағанбет өзінің кәсіпқой мансабында әлі жеңіліс көрмеген және жоғары нокаут көрсеткішімен танымал.
Халықаралық аренадағы кейбір маңызды жекпе-жектеріне тоқтала кетсек.
- 2021 жылғы 20 қарашада Бек Астана қаласында мексикалық боксшы Бруно Сандовалды 1-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, WBA International белбеуін иеленді.
- 2022 жылы 22 қазанда Мехико қаласында өткен бокс кешінде жергілікті боксшы Лучиано Чапарро Араужоны 3-раундта техникалық нокаутпен жеңді.
- 2023 жылы 6 мамырда Мексиканың Запопан қаласындағы "Эстадио Акрон" стадионында венесуэлалық Аргенис Эспананы 2-раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
Бек қазіргі таңда мексикалық супержұлдыз Сауль "Канело" Альварестің командасы құрамында жұмысын жалғастырып, чемпиондық атақ жолында нық қадамдар жасауда.