Қазақ мұнайы маусымда Германияға жете алмауы мүмкін

2054

Бұны Ресейдің "Транснефть" компаниясы ескертті.

Қазақ мұнайы маусымда Германияға жете алмауы мүмкін Фото: canva.com

Ресей Қазақстанның Германияға мұнай транзиті маусым айында төлем проблемасына байланысты тоқтауы мүмкін екенін ескертті. Мұны "Рейтер" агенттігі "Транснефть" компаниясына сілтеме жасап бейсенбі күні хабарлады.

Айта кету керек, Қазақстан экспортының көп бөлігі – тәулігіне 1,5 миллион баррель немесе жаһандық жеткізудің 1,5 пайызы – ресейлік әртүрлі құбырлар арқылы өтеді. "Транснефть" тәулігіне 2 миллион баррель мұнай тасымалдауға қабілетті әлемдегі ең ірі құбырлардың бірі "Дружбаны" басқарады. Ресей мен Украина соғысы басталғаннан кейін Еуроодақ ресейлік мұнайды сатып алудан бас тартты. Содан бері "Дружба" арқылы өтетін ағын күрт азайған.

Германиямен Польша, Беларусь арқылы байланысатын "Дружба" жүйесінің солтүстік бөлігі бүгінде Берлинді қажетті отынмен қамтамасыз ететін Шведт мұнай өңдеу зауытына қазақ мұнайын жеткізуге пайдаланылады.

Соңғы апталарда "Транснефть" қазақстандық жеткізушілерге Польшаның мемлекеттік мұнай құбыры операторы PERN-нің маусым айына дейін Польша-Беларусь шекарасындағы "Адамово" базасында газды өлшеу қызметтері үшін ақы төлеуге тиіс екенін ескерткен.

"Рейтердің" мәліметінше, осы мәселе бойынша қолданыстағы қызмет көрсету келісімшарты 5 маусымда аяқталады. Ал жаңа келісімшарттың талаптары мен Ресейдің қанша ақша алғысы келетіні әзірге нақтыланбады.PERN Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын бұзудан қауіптеніп әзірге төлем жасаған жоқ, дейді осы жағдаймен таныс польшалық дереккөздердің бірі.

"Жеткізушілер мен алушылар мүдделі болса, PERN-де Шведтегі мұнай өңдеу зауытына шикі мұнайды тасымалдауға дайындық пен техникалық мүмкіндіктер бар", – дейді PERN компаниясының баспасөз хатшысы Катажина Красинка.

Қазақстан биыл "Дружба" арқылы Германияға 1,2 миллион тонна мұнай жөнелтпек. Ал болашақта бұл экспорт көлемін 2 миллионға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Қазақстандық құбыр операторы "Қазтрансойл" бұл жоспардың өзгеріссіз қалғанын және барлық мүдделі тараптармен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.Chevron, ExxonMobil, италиялық Eni және франциялық Total сияқты көптеген батыс компаниялары Қазақстандағы мұнай-газ жобаларында үлкен үлеске ие.

Шведт негізінен "Дружба" арқылы келетін ресейлік мұнайды өңдеуге арналған, бірақ ол, сонымен бірге, Германияның Росток немесе Польшаның Гданьск порттары арқылы келетін шикізатқа да жүгінеді.

Германияның Экономика министрлігі болса, PERN компаниясына қатысты жағдайға түсініктеме беруден бас тартты. Ал аталған мұнай өңдеу зауыты акцияларының басым бөлігі – 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Германия үкіметінің қамқорлығында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу