Қазақстан Германияның Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ірі мұнай жеткізушісіне айналды

1497

Жексенбіде неміс канцлері Олаф Шольцтің Қазақстан мен Өзбекстанға сапары басталады.

Қазақстан Германияның Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ірі мұнай жеткізушісіне айналды Фото: inbusiness.kz

Украинада соғыс жүріп жатқанда және Берлиннің жаңа нарықтар мен пайдалы қазбаларға мұқтаждығы күшейген шақта Германия канцлері Олаф Шольц Орталық Азияға алғашқы сапарын бастап, Қазақстан мен Өзбекстанға бармақ.

Ол жасасқан бірнеше маңызды келісім бар. Қазақ мұнайы өткен жылы "Дружба" құбыры арқылы ағып, Берлиндегі "Шведт" мұнай өңдеу зауытына жете бастады. Мұндай шешім Еуроодақ Мәскеуге санкция салып, Ресейден энергетикалық шикізат жеткізу тоқтағаннан кейін қабылданып отыр.

"Бұл екіжақты ынтымақтастық үшін – мүлде жаңа бағыт. Өйткені бұрын осы құбыр арқылы ешқашан қазақстандық мұнай өткен емес", – деп хабарлайды Reuters агенттігі Қазақстан үкіметінің ресми өкіліне сілтеме жасап.

Ресми мәліметтер бойынша, мұнайдан бөлек Қазақстанда екі триллион текше метрден астам табиғи газ қоры бар.

"Ресейдегі бизнесін жапқан көптеген неміс компаниялары бүкіл Орталық Азия аймағында өздерінің кеңселерін ашты", – дейді Германияның Шығыс Бизнес Қауымдастығының Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Эдуард Кинсбрунер.

Оның сөзінше, бүгінде неміс іскерлік топтары химия, білікті жұмыс күші, жаңартылатын энергия көздері, логистика және білім салаларында келісім-шарттар жасау үшін бірқатар келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сол келісім-шарттардың көпшілігіне Шольцтың жексенбіде басталатын сапары кезінде қол қойылмақ.

СУТЕГІНЕ ҮМІТ

Германиядан жеті есе үлкен Қазақстанда энергетикалық жобалар үшін кең жер де, күн де, жел де бар.

Еліміздің оңтүстік-батысындағы Маңғыстау облысында немістің SVEVIND Energy Group компаниясы 40 гигаваттық жаңартылатын қуат өндіретін әлемдегі ең ірі жасыл сутегі жобаларының бірін қолға алып жатыр.

2023 жылы Қазақстан Германияға 8,5 миллион тонна мұнай экспорттады. Бұл – Германияның жалпы мұнай импортының 11,7 пайызы. Ал Украинада  соғыс басталғанға дейін, Германия шетелден сатып алған "қара алтынның" көлемі 6,5 миллион тоннадан сәл асқан.

"Бұл секіріс Қазақстанды Германияның Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ірі жеткізушісіне айналдырды", – дейді Германияның Федералдық статистика басқармасы.

"Kazakh Invest" мемлекеттік мекемесінің мәліметтеріне жүгінсек, Германияның Қазақстанға салған инвестициясы өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда 64%-ға өскен екен.

"Бір кездері Орталық Азияға Германия аса басымдық берген жоқ. Бірақ соғыс бұл динамиканы түбегейлі өзгертті", – дейді Германияның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Стефан Майстер.

2022 жылы ақпанда соғыс басталғаннан кейін, Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Германияның Шығыс Бизнес Қауымдастығының деректеріне сүйенсек, 2022 жылы тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 89,5%-ға артқан.

БОЛАШАҚҚА НАЗАР

"Біз болашаққа назар салсақ, үлкен әлеуетті көреміз. Бізге газ тағы екі онжылдықта қажет болады. Германияда сутегімен жұмыс істейтін жаңа газ электр станцияларына тендерлер аяқталуға жақын. Бұл дегеніміз, олардың барлығына қайдан болса да газ табуымыз қажеттігін білдіреді", – дейді Германия үкіметінің ресми өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Қазақстан өзін Германияға Ресейге балама ретінде ұсынуы мүмкін. Бірақ қазақ мұнайын Берлинге жеткізіп жатқан "Дружба" құбыры Ресей жері арқылы өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу