Қазақстан қорғаныс пен қауіпсіздікке 2 триллион теңге шығындамақ

6028

2023 жылдың бюджеті елең еткізетін жаңалықтарға толы.  

Қазақстан қорғаныс пен қауіпсіздікке 2 триллион теңге шығындамақ

Қаржы министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын жариялады. Тиісті заңды Парламент қабылдаған соң, ол 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

Одан мысалы, еліміздегі қатары 20-ға жеткен өңірлердің қайсысына орталықтан қанша қаржы тиетінін білуге болады. Жалпы алғанда, дотациялы 17 өңірге келесі жылы жалпы сомасы 4 трлн 937,5 млрд теңге сомасында субвенция үлестіріледі.

Әдетте қай өңірдің әкімінің сөзі өтімді, орталыққа сыйлы болса, сол басқаратын өңір көбірек қаржы еншілейтіні жасырын емес. Мысалы, Түркістан облысы лидерлердің қатарында. Әрине, бұған ондағы халықтың көптігі (2 млн 44 мыңнан астам адам) ықпал еткен шығар деп тұспалдауға болады. Бірақ биыл екіге бөлінгенге дейін халқы одан да көп болған (2 млн 108 мың адам) Алматы облысы бәрібір бірнеше есе аз бюджетке қанағат қылып келеді. Келесі жылы да орталықтан Алматы облысына Түркістан облысынан 5 есе аз қаржы бөлінбек. Жалпы Түркістан облысы ел қаржысын шығындаудан жыл сайын рекорд орнатып келе жатқаны жасырын емес. Алда дотация тағы екі есе артады. Оның қалай жұмсалып жатқаны да сарапшыларда көп сұрақ туғызып жүр.

Сондай-ақ келесі жылы донордан дотациялы өңірге айналатын мұнайлы Маңғыстау облысына еліміздегі ең бір шағын облыс – астықты СҚО-дан 2,4 есе аз субвенция бөлінбек.

 

Яғни алдағы жылы республикалық бюджетке қол жайған масыл өңірлер қатары күрт артады. Биылғы 2022 жылғы бюджетте дотациялы 13 өңір ғана болған.

Алдағы жылы айналдырған 3 донордан 487 млрд 169 млн теңге табысы алып қойылады. Осы 2022 жылы 4 өңірден 490 млрд 436,9 млн алынған.

2023 жылы Үкіметтің "сауынды сиыры" бар-жоғы үшеу болмақ. Елдің ең ірі мегаполисі әрі қаржылық орталығы Алматы қаласынан – 238 млрд 729,8 млн; мұнайлы Атырау облысынан – 169 млрд 344,4 млн, ал Нұр-Сұлтан қаласынан – 79 млрд 94,8 млн теңге алынады.   

Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы Алматы қаласы – 211 млрд 516 млн, Атырау облысы – 220 млрд 960,4 млн, Нұр-Сұлтан қаласы – 38 млрд 467 млн, Маңғыстау облысы – 19 млрд 493,4 млн теңге табысын орталыққа беруге мәжбүр болды. Жыл басында толқуларға жол ашқан Маңғыстау өңірі енді өз тапқанын орталыққа бермей, өзіне жұмсау құқығына ие болғанға ұқсайды. Биыл бұл аймақты дамыту туралы жеке бағдарлама әзірленді.

Сонымен 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері 17 трлн 549,5 млрд теңгені құрайды деп болжанып отыр. Мысалы, соның ішінде ойын бизнесінен 12 млрд 589 млн теңге салық жиналмақ. Мемлекет меншігіндегі акциялардың мемлекеттік пакеттерінен 212 миллиард теңгедей дивидендтер түсуге тиіс.

Ұлттық қордан 2 трлн 200 млрд теңге трансферттер алынады.

Ал республикалық бюджеттің шығындары 2023 жылы 21 трлн теңгеден асады деп жоспарланған. Бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2023 жылы – 21 трлн 2,9 млрд, 2024 жылы – 21 трлн 647,3 млрд, 2025 жылы – 22 трлн 660,2 млрд теңгеге жетеді деп жорамалданып отыр.

Президент Әкімшілігіне, соның ішінде Президент қызметін қамтамасыз ету қызметтеріне (9,6 млрд), мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатының стратегиялық аспектілерін болжамды-талдамалық қамтамасыз ету қызметтеріне (1,1 млрд) және басқасына жалпы сомасы 12 млрд 553,5 млн теңге көзделген. Дегенмен Қазақстан Президентiнiң іс басқармасының шығыны 64,7 миллиард теңгеден асады.

"ҚР Тұңғыш Президенті Кеңсесін" ел қаржысы есебінен ұстап тұру 1 млрд 678,6 млн теңгеге түспек. Оның ішінде қызметін қамтамасыз етуге – 709 млн, кітапханасының қызметін қамтамасыз ету қызметтеріне – 969,7 млн теңге қаржы сұратылған.    

Қазақстанның сыртқы саясатының, соның ішінде Сыртқы iстер министрлiгiнің шығыны 91 миллиард теңгеден асады деп күтілуде. Мәселен, дипломаттардың шетелдік іссапарлары 2,7 млрд, ал Қазақстанның халықаралық ұйымдарға, өзге де халықаралық және басқа органдарға қатысуы, жарналары 21 миллиард теңгеден асатын шығынды талап етеді.

Қорғанысқа келесі жылы 1 трлн 29,8 млрд теңге бағытталмақ. Бірақ бұл соманың 185,9 миллиарды – Төтенше жағдайлар министрлiгiнің еншісі. Оның бюджеті біраздан бері өзгеріссіз келеді. Қорғаныс министрлiгi 517 млрд 340,5 млн теңгені қанжығалайды. Қазақстанда отандық қару-жарақ, әскери техника жасаумен қорғаныс ведомствосы емес, азаматтық меморган – Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады. Оған алдағы жылы 326 млрд 610 млн теңге бөлінеді. Бұл сомаға оның қандай соғыс құралдарын жасайтыны белгісіз, құпия.

Бұдан бөлек, келер жылы мемлекетте қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық, сот және қылмыстық-атқару қызметке де 1 трлн 71,9 млрд қаражат жұмсалады. Соның ішінде Ұлттық қауiпсiздiк комитетіне 427 миллиардтан астам теңге түседі.

Жалпы алғанда, күштік құрылымдардың, яғни қорғаныс, құқық қорғау жүйесі, арнайы мемлекеттік органдардың келесі жылғы жалпы бюджеті 2 трлн 217 млрд теңге болады. Биыл 2 трлн 154 млрд теңгеге дейін арттырылғаны мәлім.

Салыстырсақ, 2022 жылы денсаулық сақтау саласына 2 трлн 20,3 млрд, бiлiм беруге 1 трлн 206,1 млрд, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк саласына 196,8 млрд теңге шығын қарастырылмақ.

Тұтастай алғанда, әлеуметтік саланың жалпы бюджеті номиналдық шамада шамалы төмендейді: 2022 жылы – 8 трлн 649 млрд, ал 2023 жылы – 8 трлн 13 млрд. Ал әлеуметтік сала шығынының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі биылғы 9,4%-дан 2023 жылы 6,6%-ға қатты құлдырағалы тұр.  

Шенеуніктер армиясын ұстап тұруға кететін шығыстар, яғни әкімшілік мемлекетттік шығыстар биылғы 779 миллиардтан алдағы жылы 833 миллиард теңгеге дейін өседі.

Мәжіліске жазған түсініктеме жазбасында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын дайындау кезінде базалық сценарий негізге алынғанына назар аудартты. Яғни егер айналадағы және әлемдегі ахуал ушығып кетсе, бюджетті қайта қарап, пессимистік сценарийді іске қосуға тура келмек. Онда өсім емес, рецессия туралы сөз қозғауға мәжбүрленуі мүмкін. Өйткені базалық сценарий әлемдік экономика қалыпты өседі, елдегі іскерлік белсенділік тек артады, сыртқы биржалар аз құбылады, яғни шикізат бағасы шамадан тыс құлдырамайды, экономикалық саясат жаһандық дамудың жаңа ахуалына бейімделеді деп болжайды.

"Нәтижесінде, Қазақстанның ЖІӨ-сінің нақты өсуі 2023-2025 жылдары 4-4,1% деңгейінде болады. Ал 2026 жылы 3,2% ғана болады, себебі кенорындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіруді қысқарту жоспарлануда. Ары қарай – 2027 жылға дейін ЖІӨ 4,2%-ға дейін өседі деп болжанып отыр. Алдағы орта мерзімді кезеңге ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 3,9%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2023 жылы 120,7 трлн теңгеден 2027 жылы 176,6 трлн теңгеге дейін өседі", – деп хабарлады Премьер.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2023 жылғы 13,2 мың доллардан 2027 жылы 18,3 мың долларға дейін ұлғаяды деп жоспарланған.

Бюджет жобасы "орта мерзімді кезеңде мұнайдың бір баррелінің бағасы 85 доллар болады деген неғұрлым консервативті баға" болжамына құрылған. Биыл 100 доллардан асады делінген еді. Бүгінде Brent маркалы қара алтынның құны 101 доллар шамасында. Демек ел Үкімет сол бұрынғыдай, шикізаттың тілеуін тілей беретін болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу