Қазақстан мен Қытай шекарасында миллиардтаған доллар "із-түзсіз" кеткен

Екі елдің кедендік статистикасындағы айырмашылығы жаңа абсолютті рекорд орнатып отыр. 

Қазақстан мен Қытай шекарасында миллиардтаған доллар "із-түзсіз" кеткен Фото: inbusiness.kz

2024 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Қытайдың кедендік статистикасы 14 миллиард долларды құрап, екі елдің сауда қатынастары тарихындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі саналды. Ал негізгі айырмашылық Қытайдан Қазақстанға импортталатын тауарларға қатысты байқалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қытай кеден қызметінің мәліметінше, былтыр Қазақстанмен тауар айналымы 43,8 миллиард долларға жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,8%-ға көп немесе 2,8 миллиард долларға артқан. Қытайдың негізгі экспорттық тауарлары – машиналар мен жабдықтар, электроника, тоқыма өнімдері және тұтыну тауарлары.

Осылайша, екі ел арасындағы сауда балансы 12,1 миллиард долларды (Қытайдың пайдасына) құрады. Қазақстаннан Қытайға импорт 15,85 миллиард доллар болып, 3%-ға төмендеген, ал Қытайдан Қазақстанға экспорт 27,96 миллиард долларға жетіп, 13,2%-ға артқаны жайлы дерек бар. Қазақстанның Қытаймен сауда тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 8,4 миллиард доллардан 12,1 миллиард долларға дейін ұлғайып, 44,6%-ға өскені де айтылады.

– Қазақстанның технологиялар мен жоғары технологиялық жабдықтарды импорттауды арттыруы ел экономикасын жаңғыртуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2024 жылдың мамыр айында Қытайдан Қазақстанға экспорт көлемі 2,661 миллиард долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,8%-ға өсті. Жалпы, мамыр айына дейінгі экспорт 11,272 миллиард долларды құрап, жылдық есептеуде 31,5%-ға көбейген. Бұл Қытай тауарларының Қазақстанға жеткізілуі айтарлықтай өскенін білдіреді, – дейді Қытай экономикалық және өнеркәсіптік зерттеулер институтының сарапшылары.

Тиісінше, Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы (30,05 миллиард доллар) айтарлықтай төмен. Осылайша, кедендік статистика арасындағы айырмашылық – 13,75 миллиард доллар, оның 93%-ы (12,75 миллиард доллар) Қытай импортына тиесілі болып отыр. 2023 жылы бұл көрсеткіш 11 миллиард доллар болған еді.

"Көлеңкелі айналымға түсуі мүмкін" делінетін үлкен көлемдегі тауарлар ел бюджетіне тікелей шығын әкеледі. Қазақстан Қаржы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы кедендік түсімдер 2,21 триллион теңге болған. Оның 1,6 триллион теңгесі мұнай экспортына салынған баж салығынан түскен. Ал импорттық кедендік баждар мен алымдардан түскен кіріс 52,1 миллиард және 66,2 миллиард теңгеге жетті. Қытай соңғы екі жылдағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады.

Бұрын Қазақстан мен Қытай шекарасындағы заң бұзушылықтар мен контрабанда 2013 жылы атышулы "Қорғас ісіне" әкеліп соққан еді. Бұл іс Қытайдан Қазақстанға "Қорғас", "Қалжат" және "Достық" кеден бекеттері арқылы көлеңкелі тауар тасымалдау схемаларымен байланысты болды. 2011 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік алшақтық 3,6 миллиард доллар болса, 2017 жылға қарай бұл көрсеткіш 7 миллиард долларға дейін ұлғайғаны белгілі.

Арада жеті жыл өткен соң, екі елдің Қытай деректеріне сүйенсек, Қазақстанмен сауданың үштен бірі және елге жеткізілетін барлық қытайлық импорттың жартысы есепке алынбаған тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу