Қазақстан мен Үндістан бизнес саласында байланысты күшейтуі керек – елші

5096

Бүгінде елімізде 300-ге жуық үндістандық компания жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан мен Үндістан бизнес саласында байланысты күшейтуі керек – елші

Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати қос мемлекет бизнес саласында байланысты күшейту керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен елші Астананың қытымыр қысына үйренгенін атап өтті.

"Елорданың боранына, аязына, қытымыр қысына үйрену оңайға түскен жоқ. Бірақ бұл жағдай қазақстандықтардың күнделікті өміріне, көңіл-күйіне әсер етпейтінін көріп таңқалдым. Мұндағы халық үндістандықтарға құрметпен қарайды, әрі үнді мәдениеті, асханасы, биі, Болливуд фильмдерімен таныс екен. Қазақстанда жұмыс істеп жатқаныма 1 жылдан асты. Өзімді үйде жүргендей жайлы сезінемін", – деді Шубдаршини Трипати.

Оның айтуынша, былтыр қос ел арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жеткен.

"2022 жылғы бірінші тоқсанда (қаңтар-наурыз) Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы 224 млн доллар болды. Оның 133,4 млн доллары Қазақстаннан Үндістанға экспортталған тауарлар, ал 90,9 млн доллар Үндістаннан Қазақстанға импортталған тауарлар болып саналады. Сондай-ақ 2021 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жетті", – деді елші.

Шубдаршини Трипати екі мемлекет бір-бірінен қандай тауарларды сатып алатынына жеке тоқталып:

"Үндістан Қазақстаннан көбінесе мұнай өнімдерін, минералды майлар (1,5 млрд доллар), күміс (36,5 млн доллар), сутектер (25,3 млн доллар), асбест (14,6 млн доллар), ферроқорытпалар (8,8 млн доллар), ал Қазақстан Үндістаннан дәрі-дәрмектер (84,2 млн доллар), телефон аппараттары (40,6 млн доллар), шай (26,5 млн доллар), табиғи тастарды, кенді және басқа да минералды заттарды сұрыптауға, бөлуге және жууға, ұнтақтауға, араластыруға арналған жабдық (25,7 млн доллар) сатып алады", – деп атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Үндістан бизнес саласында байланысты күшейту керегін жеткізді.

"Бүгінде Қазақстанда 287 үндістандық компания жұмыс істеп жатыр. Олар көбінесе сауда, құрылыс, қызмет көрсету салаларында еңбек етуде. 287 компанияның 237-сі шағын және орта бизнесте. Сондай-ақ әлеуеті жоғары салалар да бар: автомобиль, цифрландыру, құрылыс, IT, консалтинг, фармацевтика және тағы басқа. Бұл салаларда байланысты күшейту керек. Қазақстан мен Үндістан арасында бизнестің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Қос мемлекет әлеуеті бар салаларды таңдап, оларды дамытуы шарт", – деді Шубдаршини Трипати.

Ол алдағы аптада Үндістанда үкіметаралық комиссияның отырысы өтінін, онда екі ел арасындағы сауда, бизнес мәселелері қаралатынын атап өтті.

Сонымен қатар елші әлемде үндістандық программистерге сұраныс неге жоғары екеніне қатысты пікір білдірді.

"Менің ойымша, олардың білікті болуы сапалы білім мен өзара бәсекелестіктің жоғары болуынан шығар. Үндістанда техникалық білім беретін сапалы мекемелер мен жоғары оқу орындары бар. Бұл мекемелерге түсу оңай емес, онда бәсекелестік өте жоғары. Университеттердегі оқу бағдарламасы да күрделі. Ондағы болашақ IT-мамандар өз ісінің шебері болғысы келеді. Сондықтан олар әлемдегі беделді IT-компанияларды (Microsoft, Googlе – автор) жұмыс істеп жүр. Үндістандық программистердің білікті болуы сапалы білім мен бәсекелестіктің үйлесуінен деп ойлаймын", – деді Шубдаршини Трипати.

Сөз соңында ол Үндістанға саяхаттағысы келетін қазақстандықтарға кеңес берді.

"Үндістан – үлкен, тарихы бай мемлекет. Сондықтан мен тек осы жерге барыңыз деп кеңес бере алмаймын. Себебі әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар: географиясы, асханасы, мәдениеті және тағы басқаға байланысты. Мысалы, Гоа штатына барсаңыз, әдемі жағажайлар мен шіркеулерді, Керала штатында әсем табиғатты, Уттар-Прадеш штатындағы Агра қаласында Тәж Махалды, Дели қаласында тарихи ескерткіштерді, Раджастан штатында әдемі сарайларды, бекіністерді, фестивальдерді көресіз. Үндістанда туристер үшін әртүрлі турлар қарастырылған: тарихи, медициналық және тағы басқа. Сізді қай өңір қызықтырады, алдымен соны біліп, алу керек. Себебі Үндістандағы әр штатта жыл мезгіліне байланысты ауа райы әртүрлі", – деп сөзін түйіндеді елші.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу