"Қазақстан сүтті толығымен сырттан тасып ішуі мүмкін"

5127

Экономика ғылымдарының докторы, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының" басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбековтің байламынша, Қазақстан сүт бойынша 90% импортқа тәуелді болып қалуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстан сүтті толығымен сырттан тасып ішуі мүмкін" Фото: google.com

Салыстырсақ, ресми статистика қазіргі кезде бұл өнім бойынша импортқа тәуелділікті 30% деп бағалайды. Яғни, өңдеуге 1,6 миллион тонна отандық сүт түседі. Тағы 500 мың тоннадан астамын ел шетелден тасымалдайды.  

Дегенмен, сүт неғұрлым тереңірек өңделген сайын елдің импортқа тәуелділігі де соғұрлым арта береді. Мысалы, Қазақстан айран, басқа да қышқыл сүт өнімдерінің 15%-ын, майдың 30%-ын, ірімшік, сүзбе түрлерінің 45%-ын, қоюлатылған сүттің, қаймақтың 55%-ын шетелден әкеледі.

Төлеутай Рақымбеков 2017 жылы ауыл шаруашылығы вице-министрі, ал 2021 жылғы тамыздан 2022 жылғы ақпанға дейін – Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі болды. Өз қызметінде ол сүттің негізгі көлемін өндіретін жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және оларды кооперативтерге біріктіру бағытында ұсыныстар әзірлеумен айналысыпты.

Facebook парақшасындағы постында ол екі жылдан соң, 2024 жылғы 31 желтоқсанда Еуразиялық одақтың шикі сүттің сапасы мен қауіпсіздігінің техникалық регламенттерін енгізуді кейінге қалдыру мерзімінің аяқталатынын еске салды. Мәскеу әзірлеген бұл регламентті кейінге шегеруге Қазақстан 2020 жылы қол жеткізген еді. Сарапшының айтуынша, содан бері бұл мәселеде тұғырлы түрде ештеңе де өзгерген жоқ. Мемлекет уақытты босқа жіберген: жеке қосалқы шаруашылықтар сүті бойынша да, сауу аппараттарының саны, салқындатқыш танктер және басқасы бойынша да сол баяғыдай қатаң талаптарға сәйкес келмейді. Ендеше еліміздің сүт өңдеуші кәсіпорындары таяу арада өзінің шикізат базасының үлкен бөлігінен айырылады.

Ғалымның бағалауынша, сонда қазіргі отандық сүттің 70%-ы шығын болуы мүмкін. Себебі Еуразиялық одақ талабы бойынша олар талапқа сай емес деп танылып, қорасында мал ұстайтын ауылдықтар ол сүтін ел ішінде де сата алмай қалуы мүмкін.

"Шынында, елде сүт бар. Сүт зауыттары өңдеуден өтті деп, статистикада тек 1,6 млн тонна сүтті ғана көрсеткенде, жалған сөйлейді. Мен 2 сүт зауытында 7 жыл істеген адам, әрі АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу департаментінің бұрынғы директоры ретінде мұны бар жауапкершілікпен мәлімдеймін. Шын мәнінде, отандық сүт зауыттары жылына шамамен 4 миллион тонна шикі сүтті өңдейді. Бірақ өңдеуші кәсіпорындар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемеу үшін өз айналымдарының шамамен 60–70%-ын жасырады. Мұны жалғыз сүт зауыттары ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін барлық кәсіпорындар жасайды", – деп сендірді Төлеутай Рақымбеков.

Өйткені Қазақстанда еттің, сүттің, жемістің, көкөністің, картоптың 80–90%-дайы ұсақ шаруа қожалықтарында, жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Ал олар ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуге қойылмаған. Сондықтан ҚҚС төлеудің ауыртпалығы өңдеушілерге түседі. Олар үшін бұл салық бүкіл айналымнан алынатын салыққа айналады. Сондықтан олар өз айналымдарының үлкен бөлігін көлеңкелі экономиканың ығына жасыруға мәжбүр.

Ғалымның ұсынуынша, Үкімет жеке қосалқы шаруашылықты (ЖҚШ) және ұсақ шаруа қожалықтарын қолдауға, оларға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен дайындаудың өркениетті деңгейіне жетуіне көмектесуге көбірек мән беруі керек. Яғни, мал ұстайтын ауылдықтар бірде көл, бірде шөл емес, өнімді кепілдендірілген түрде тұрақты әрі көбірек көлемде жеткізе алуға тиіс.

2017 жылы АШМ Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында ауыл кооперативтерін жаппай құрып, дамытуға, ЖҚШ-ларды қолдауға баса назар аудармақ болған. Онысы көзбояу тірліктермен тынды. Ауыл-аймақта кооперативтердің көбі көркем есеп үшін қағаз жүзінде ғана құрылған, ал іс жүзінде өнім өндірмейтін болып шықты.

Егер кооперативтер жүйесі шынында кең өркен жайғанда, онда олар сүт дайындау желісін жолға қойып, ұсақ фермерлер мен ауылдағы мал ұстайтын отбасыларға ЕАЭО техникалық регламенттеріне сай өнім шығаруға жәрдемдесетін еді. Ал бүгінде көптеген өңірде сүт зауыттары цистернамен мол өнім жеткізушілерге зәру болып отыр.

Ғалым тамаққа пайдаланылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін, өңдеуді және басқасын қосылған құн салығынан босатуды ұсынады. Оның пікірінше, "әзірге мемлекет ҚҚС арқылы сұр дилерлер үшін артықшылықты жағдай жасап, заңға бағынатын сауда және өңдеу кәсіпорындарына қиындық келтіріп отыр".

Сарапшының бағалауынша, бүгінде республикада 5,6 миллион ауыл  тұрғыны сүт сауып, оны өңдеушілерге тапсырудан табыс тауып отыр. Егер Еуразиялық одақ 2024 жылдан соң осы кіріс көзінен айырса, оларға табыс іздеп қалаға ағылудан басқа амал қалмайды. Онда елде әлеуметтік кернеу өршуі де ғажап емес. Бұған қоса, ауылда да қаптаған проблема туындайды, бір жағынан, жұмыссыздық ушығып, екінші жағынан, жұмыс күші қалаларға кетеді. Ал шаһарларымыздың инфрақұрылымы миллиондардың миграциясына әлі күнге дайын емес.

Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин саладағы сан да, сапа да көңілден шықпайтынын ашық айтты.

"Сүт өндіру мен өңдеу саласында бізге бірінші кезекте, статистиканы тәртіпке келтіріп алу қажет болады. Елде сүт жетіспейтінін мойындауға тиіспіз. Ары қарай тұрақты субсидия төлеу үшін тұрақты сүт көлемін анықтап, оның жеткізілімін кепілдендіру керек. Оны өндірушілерге нақты талаптар, құрылымдық шарттар қойған жөн. Саланың белгілі бір чемпиондарын тапқан абзал. Сүт-тауарлық мал шаруашылығын дамытуы үшін ол шаруашылықтардың азықжем базасы болуы қажет. Бұл мақсаттарға біз, әрине, арзан несие бөлеміз және соған дайынбыз. Біз сиыр басын тезірек көбейтуге, сүт-тауарлық өндірісті өрістетуге міндеттіміз. Басқа жол қалған жоқ", – деді вице-премьер.

Ақтөбе облысының сүт өндірушілері мен сүт өнімдері қауымдастығының басшысы Марат Итеғұлов жалпы статистикаға қолында азын-аулақ малы бар ауылдықтардың да өндірген сүтін қосып, Үкімет өзін-өзі алдап отыр деген пікір білдірді. Ондай отбасылардың статистикасын қолындағы сиыр басына шағып, жергілікті әкімдер береді, қосып жазуы да мүмкін. Мұны жіті, жеке тексеру қиын. Мысалы, кеңес кезінде Қазақстан тек колхоз, совхоздар өндірген сүтті санаққа қосатын.

"Жалпы статистикадан жеке қосалқы шаруашылықтарды алып тастайтын уақыт баяғыда жетті. Мұнда тек ұйымдасқан шаруашылықтар ғана қалуы шарт. Бұлар – акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, коммандиттік серіктестіктер, толық серіктестіктер, шаруа қожалықтары, жеке шаруашылықтар және ауыл шаруашылығы кооперативтері. Ал елдің сүтке деген қажеттілігін анықтау үшін халқымыздың санын, яғни 19,6 млн адамды ғылыми негізделген тұтыныс нормасына, 330 литрге көбейту керек. 6,5 млн литр сүт қажет. Қазақстанның сүтке деген жылдық мұқтаждығы осынша көлемде. Біздің өндіріс одан көп қалып келеді. Осы айырмашылыққа қарап, оны тағы қаншаға өрістету керектігін білуге болады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қажетті қарапайым арифметика осы", – деді Март Итегұлов.

Оның байламынша, 1000-нан астам сиыр ұсталатын мегафермалар тұрғызу жолына түсу керек. Сонда тұрақты сүт жеткізілімі, тиісінше, тұрақты субсидия болады. Оны экспортқа шығаруға да жол ашылады.

Қазақтың байлары мыңғыртып мал айдаған ғой.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қарашадағы жағдай бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда шамамен 5,5 млн тонна сүт өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2,1% көп. Тауарлық сүт өндірісінің нақты көлемі 3,4 млн тоннаны құрады, бұл да бір жыл бұрынғыдан 1,3%-ға артық. 

Саланы қымбатшылық жайлауда: соңғы екі жылда ғана өңделген сүттің өзіндік құны орташа есеппен 50 теңгеге артып, 2022 жылғы қарашада әр литрі 197–200 теңгеге дейін өскен. Кәсіпорындардағы сату бағасы 235-тен 300 теңгеге дейін жетті.

АШМ түсіндіруінше, қараша айында қымбаттаудың негізгі себебі – жем бағасының өсуімен байланысты, бұл өзіндік құнның 70%-ын құрайды. Сонымен қатар, импорттық шығын материалдары, соның ішінде қаптамалар, қораптар қымбаттады.

Сонымен қатар, биыл сүт саласын субсидиялауға шамамен 24,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде сүт өндірушілерге 18,6 млрд теңге бағытталды. Бұл мемлекеттік қолдаудың қызығын саланың 467 субъектісі, оның ішінде сүт-тауар фермалары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар пайдаланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу