Қазақстан тағы бір салада көршісіне тәуелді болып қалуы мүмкін

17923

Елімізде нанның қымбаттауы күтіліп отыр.

Қазақстан тағы бір салада көршісіне тәуелді болып қалуы мүмкін Фото: canva.com

Қазақстан 2024 жылдың 10 айының қорытындысында 4 миллиард доллардың азық-түлігін шетелден тасып жеген. Бұл туралы ресми статистикаға жүгініп, Tradereport.kz хабарлады.

"Қазақстанның дайын өнім импортына тәуелділігінің күшеюі жергілікті өндірісті дамытуды және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды талап етеді. Бұған қоса, республиканың бір жеткізушіге шектен тыс тәуелділігі де алаңдатады және импорттық көздерді диверсификациялау қажеттілігі туындағанын байқатады", – деп түсіндірді басылым.

Өйткені өткен жылдың 10 айында қазақстандықтар тұтынған барлық шетелдік тауарлардың жартысына жуығын – 1,9 миллиард доллардың тамағын тек бір мемлекет, Ресей қамтамасыз еткен. Нәтижесінде, солтүстік көрші Қазақстанға азық-түліктің ең басты жеткізушісіне айналып отыр. 

Ресми статистика Қазақстанның шетелден импорттап жейтін азық-түлігінің үлесі жыл сайын ұлғайып бара жатқанын және 2023 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда, былтыр тағы 10%-ға өскенін паш етті.

Қазақстанға азық-түлік жеткізіп отырған елдердің ішінде екінші орынға Қытай шықты. Еліміз шығыс көршісінен 252 миллион доллардың тамағын тасымалдап, тұтынды. Еліміздің азық-түлік импортындағы ҚХР-дың еншісі – 6,2%.

Әрі қарай Өзбекстан (200 миллион доллар немесе 4,9%), Беларусь (182,3 миллион, 4,5%) және Украина (123,1 млн доллар немесе үлесі 3%) тұр.

Қазақстанның азық-түлік тауарларын шетелден импорттауы сегізінші жыл қатарынан өсіп жатқаны белгілі болды.

Осы кезеңде сырттан әкелінген тамақ көлемі долларға шаққанда 2,3 есеге артты. Мысалы, 2016 жылы елімізге шетелден әкелінген азық-түлік өнімдерінің жалпы құны 1,8 миллиард доллар болыпты. Енді бұл көрсеткіш 4 миллиард доллардан асты. Ал, осы 8 жылда физикалық шамада аталған импорт небәрі 7,7%-ға өскен. Бұл импорттық тауарлардың айтарлықтай қымбаттап кеткенін көрсетеді.

Шетелден жеткізілетін негізгі азық-түлік түрлеріне ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар (өткен жылғы 10 айда 276,5 миллион долларға сатып алдық, импорттың жалпы көлеміндегі үлесі 6,8%), шоколад (267,2 млн доллар, 6,6%), қант (227,2 млн доллар, 5,6%), минералды су (182 млн доллар, 4,5%), ірімшік пен сүзбе (149,9 млн доллар, 3,7%), құс еті (147,8 млн доллар немесе 3,7%) және басқасы жатады.

"Россельхознадзор" Қазақстанның ресейлік астықты жеткізуге қойған тыйымын толық жойғанын растады.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр бұл қадамға отандық өндірушілерді қорғау үшін барған болатын. Себебі, Ресей Қазақстанды да, Орталық Азияны да кейінгі жылдарда жинаған рекордтық астығының астында қалдырды.

Өткен жылдың басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Россельхознадзор" өкілдерінің келіссөздері жалғасты. Онлайн форматта жүрген кездесуде қазақстандық тарап 2024 жылғы 1 тамызда енгізген ресейлік бидай импортына тыйымын алып тастағаны туралы хабардар етті.

Осылайша, 2025 жылы Ресей астығының Қазақстан нарығына қайта тасқындайтынына қарамастан, биыл елімізде азық-түлік, соның ішінде нан бағасы да әрі қарай қымбаттайтын түрі бар. Өйткені трейдерлер бүгінгі ең арзан бидай сұрыпының бағасының өзі тоннасына 180 долларға дейін көтеріледі деп болжауда.

"Жаңа жылда Қазақстанның астық нарығының қатысушылары бидайдың маусымдық қымбаттауын күтіп отыр. Мұның себебі ретінде өндірушілердің ішкі нарықтағы бағаларының өсуі, сондай-ақ жүкті теміржол көлігімен жеткізудегі логистикалық шығындардың артуы аталды", – деп жазады "ElDala" аграрлық порталы.

Өткен жылдың соңындағы ақырғы мәмілелерде 3-кластағы бидайдың экспорттық құны әр тоннасы үшін 165 долларды (DAP Сарыағаш) құрайды. Трейдерлер оның биыл 180 долларға дейін жоғарылайтынын тұспалдады. Онсыз бидай өзін-өзі ақтамайды, оны сату мәнсіз болып қалады екен.

Сарапшылар бүгінде Ресейдің ішкі нарығында бидай бағасы Қазақстандағыдан қымбат тұратынына назар аудартты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу