Қазақстанда 158 дәрігер соққыға жығылды

3465

Ақ халаттыларға қол көтергендерді енді билік аямайды.

Қазақстанда 158 дәрігер соққыға жығылды Фото: Racool_studio / freepik.com

Екі оқиғаны салыстыру біраз жайттан хабар береді.

Бірінші эпизод: бірден екі адамды – ерлі-зайыпты заңгерлер Анна мен Олег Черновтарды соққыға жыққан Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Болат Нұрасылға Жоғарғы сот 2 жылға бостандығын шектеу жазасын кесті. Ол бұрын айыппұлмен құтылған еді, бірақ Черновтардың бұған қарсы шағым келтіріп, қуынуының нәтижесінде жаза шамалы қатайтылды.

Мәжілісменнің ұлы темір торға қамалмады. Оған тек шетелге саяхаттауына, клуб-дискотека, түнгі барларда қыдыруына, ішімдік ішуіне, өзге қылмыстар жасауына шектеу қойылды. Күн сайын сағат 23:00-де үйінде отыруы керек. Бірақ бай баласының ол шектеулерді еркін бұзып жүргені таяуда әшкере болды.

Екінші эпизод: 2024 жылдың қаңтарында Қарағандыдағы шағын аудандардың бірінде Нұрболат Дәкебаев дәрігерлер бригадасымен бірге шақыртуға келген жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлын соққыға жықты. Төбелестен кейін айыпты оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция оны бірнеше күн іздеп, Қарағандыдан 200 шақырым жердегі ауылдан тапты. Өткен аптада, 23 тамызда Нұрболат Дәкебаевты сот кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан айырды, темір торға қамады. Бұған қоса, сотталушы жәбірленушіге 2 700 000 теңге моральдық шығын төлейді.

Сотта Дәкебаев істегенін мойнына алды және өкінетін айтты.

"Құрметті судья, болған оқиға үшін кешірім сұраймын. Мені бас бостандығымнан айырмауыңызды өтінемін! Өйткені мен 3 баланың асыраушысымын.  Мен өзімнің ақымақ әрекеттерімнің салдарын көріп отырмын және қатты өкінемін", – деді соттағы соңғы сөзінде айыпталушы Дәкебаев.

Бірақ өкінуі және қылмысын мойындауы оған көп көмектеспеді. Прокурор Нұрболат Дәкебаевты 3 жылға бас бостандығынан айыруды және одан жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңге өндіруді сұраған. Судья оған Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша, яғни бұзақылық ниетпен жәбірленушінің денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деп айып тақты.

Бұл екі оқиғада қандай ерекшелік бар? Билік халықты алаңдату үшін Дәкебаевтың сотын онлайн трансляциялады. Тұрлыхановтың ұлының соты жабық өтті. Болат Нұрасыл – ішетіні алдында, ішпегені артында, шалқып өмір сүріп жүрген бай баласы, атқамінердің ұлы. Нұрболат Дәкебаев – бай емес, тағдырынан теперіш көрген, бұрын да істі болған, қажыған бұқара өкілі. 20 жасар Болат – бойдақ. Нұрболат – 3 баланың әкесі. Болат екі адамды ұрды, Нұрболат бір адамды ұрды. Онда неге сот үш баланың әкесіне қаталдық танытты?

Нұрболаттың бұрын сотталғаны, мықты адвокаттар тобын жалдай алмағаны сыртында, бұл сауалдың бір жауабы – дәрігерлерді қорғауға қатысты Президенттің өзі қолдаған бастамада жатса керек. Медицина мамандығы қауіпті кәсіптердің қатарына кіреді. Ақ халаттылардың айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына жылына 3–4 рет қауіп төнеді.

Мысалы, 2021 жылы Алматы облысының Қарасай ауданындағы Райымбек ауылына шақыртуға барған фельдшерді науқастың ащы суға сылқия тойып алған жұбайы соққыға жығып, оң қолын сындырған.

"Жедел жәрдем қызметкерлеріне күш көрсету тыйылар емес. Жуырда Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны фельдшерлерді пышақ кезеп, қуалаған. Абырой болғанда, олар көлікке тығылып, аман қалды. Жаға ұстатар мұндай жағдай Алматы облысында соңғы алты айда осымен алтыншы рет тіркеліп отыр", – деді сонда заңгер Тілеужан Кішкенбаев.

Талғар орталық аудандық ауруханасында сырқатты өлтіріп алған ақ халаттыларды марқұмның туыс-туғаны соққыға жыққан. Оқиғадан дәрігерлердің бірі жан сақтау бөліміне түссе, екіншісіне жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының контузиясы, сол жақта самай аймағының жұмсақ тіндерінің контузиясы, мұрын сүйектерінің сынуы диагнозы қойылған. 2022 жылы гастроэнтеролог Юрий Шумовты бұрынғы пациенті басынан атып, өлтіріп кетті. Бұған Қарағанды қаласындағы Дәкебаевтың тірлігі "аккорд" болғандай.

Жекелеген жайттарды жинақтағанда проблема да алапат көрінеді. Осыған байланысты депутаттар және қоғам белсенділері медицина қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндерге аяушылық танытпауды, өзгелерге үлгі ретінде қатаң жазалауды талап ете бастады. Осы дүрбелең аясында Парламент медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттырған заң жобасын қабылдады. Оған сәйкес, енді ақ халаттыларды ұрмақ түгіл, олармен ұрысқан, тіл тигізген қазақстандықтар да жазаланады.

Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойды, заң күшіне енді.

"Медицина қызметкерлері күнделікті қаншама адамдардың өміріне араша болып жатқанда, өздерінің өмірі мен денсаулығына да қауіп қайдан келерін білмейді. Күнделікті өмірдегі қызметтері бір бөлек, елде төтенше жағдайлар орын алғанда да медицина қызметкерлері алдыңғы шепте жүреді. Оған дәлел COVID-19 және "Қанды қаңтар оқиғасы" кезіндегі абзал жандардың өз өміріне қауіп төнсе де басқаның өмірі үшін күрескен қызметтері адал", – дейді сенатор Амангелді Толамисов. Сондықтан, оның айтуынша, адам өмірінің сақшысы саналатын медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Үкімет басшысының әлеуметтік бағытқа жауапты орынбасары Тамара Дүйсенова медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер Қылмыстық кодекс, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексі аясында жаза тартатынын жеткізді.

"Медицина қызметкерлерін қорғауды ары қарай күшейту, сондай-ақ олардың кәсіби міндеттерін құрметтеу мақсатында  Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлерге қызметтік борышын орындау барысында оларға күш көрсетілгені үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу бөлігінде Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуге бастамашылық жасады", – делінген вице-премьер жауабында.

Депутаттар жедел жәрдем көліктерін видеорегистраторлармен жабдықтауды және медициналық мекемелердегі ақ халатты абзал жандардың, емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар қабылдауды ұсынды.

Тамара Дүйсенованың мәліметінше, қазіргі  уақытта  жедел  медициналық  жәрдем  қызметінің 2 450 санитарлық көлігі немесе 98%-ы GPS навигациясымен жабдықталған екен.

Өз кезегінде, Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырушылық,  ақпараттық-түсіндіру, бақылау құрылдарымен жарақтандыру шараларын көздейтін жоспарды әзірлеп шықты. Бейнетіркегіштер қою соның аясында шешілуге тиіс.

Ресми деректер бойынша 2019–2023 жылдар аралығында қызметтік борышын орындау барысында 158 медицина қызметкері зардап шекті: 2019 жылы – 5, 2020 жылы – 5, 2021 жылы – 10, 2022 жылы – 46, 2023 жылы – 80. Яғни, жыл өткен сайын артып келеді. Ақ халаттылармен жағаласқандардың қаталдау жазалануы бұл статистикаға қалай әсер ететінін тәжірибе мен статистика көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу