Қазақстанда көмір, мыс, боксит, қорғасын, мырыш, хром қоры азайды

13018

1991-2020 жылдар аралығында Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры қалай өзгерді?  

Қазақстанда көмір, мыс, боксит, қорғасын, мырыш, хром қоры азайды

Отыз жыл бойы пайдаланғандықтан, қазба байлық қорларының азаятыны белгілі. Мәселен, Қазақстандағы көмір, мыс, боксит, қорғасын, мырыш, хром секілді бай­лық көздерінің кеміген. Гео­логиялық барлау жұмыстарының оң нәтижесі болар, мұнай, алтын, уран, газ, темір қорлары көбейген.

1991 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес, Қазақстандағы мұнайдың қоры 2 млрд 938,9 млн тоннаны құраса, 2020 жылдың 1 қаңтарында көрсеткіш 4 млрд 486,7 млн тоннаға жеткен.

Жоғарыда жалпылама айтып өт­кеніміздей, Қазақстандағы кө­мір­дің қоры 30 жылда біршама азайды. Мәселен, оның қоры 1991 жылдың қаңтарында 38,6 млрд тоннаны құраса, 2020 жылдың қаңтарында 34,2 млрд тоннаға тең болған. Яғни Тәуелсіздік жылдарында көмірдің қоры 4,4 млрд тоннаға азайған.

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 1991 жы­лы алтынның рас­талған қоры 1 717,6 тоннаны құ­раған. Көрсеткіш 2020 жылдың қаң­тарында 2 439,5 тоннаға жеткен.

Қазақстан уран қоры бойын­ша әлемде екінші орында, ал өнді­ру бойынша бірінші орында тұр. Дүниежүзілік ядролық қауым­дас­тықтың (World Nuclear Association) 2017 жылғы дерегінде осылай деп көрсетілген. Уран қоры бойынша Аустра­лия – бірінші орында. Әлемдік қор­дың 30 пайызы (1,8 млн тонна) осы елге тиесілі. Екінші орындағы Қазақ­тан­ның үлесі – 14 пайыз немесе 842 200 тонна. Осы орайда, әлемдегі уранның 22 пайызын (2019 жылғы дерек) "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы өндіріп отырғанын атап өткен жөн. Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтарында біздің ел­дегі уранның қоры 957,2 тон­наға бағаланған. Бұл 1993 жылғы көр­сеткіштен (893,8 мың тонна) әлде­қайда жоғары.

Қазақстандағы мыстың қо­ры 39,5 млн тоннаға (2020 жыл­­дың қаңтары) бағаланып отыр. Көрсеткіш 1991 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,6 млн тоннаға азайған.

Алюминий алы­натын шикізат – бокситтің қоры айтарлықтай азайған. Оның қоры 1991 жылдың қаңтарында 405,5 млн тонна болса, 2020 жылдың қаңтарында 291,6 млн тонна деп көрсетілген. Шамамен 114 млн тоннаға кеміген. Кемитіндей жөні бар. Өйткені Қазақстан бертінге дейін алюминийді терең өңдеуге басымдық берген жоқ. Бұл металл негізінен шетелге дайын шикізат ретінде экспортталуда. Ал одан жа­салған өнімдер өзімізге бір­неше есе қымбат бағамен қайта импортталады.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу