Қазақстанда құмар ойындарға әуестерге несие беру қатаңдатылуы мүмкін

3291

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасында айтылған, деп жазады inbusiness.kz.

Қазақстанда құмар ойындарға әуестерге несие беру қатаңдатылуы мүмкін Фото: complaneta.ru

Енді ойын бизнесіне белсенді қатысатын адамның белгілері бар несие алушының борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары деңгейі 0,25-ті құрайтын болады. Бұдан бөлек соңғы жарты жылда ойын бизнесін ұйымдастырушының есеп шотына 300 мың теңгеден астам сомаға үш реттен аса төлем жасаған азамат ойын бизнесіне белсенді тартылу белгілері бар қарыз алушы деп танылады.

Құжатта банктің несие алушыға ашылған кредиттік желі шеңберінде қарыз (қарыздың бір бөлігін) беруді қоспағанда қарыз алушыға қарыз беру; қарыз алушыға кредиттік желі ашу (кредиттік лимитті белгілеу); оған жасалған банктік қарыз шарты (шарттары) шеңберінде қосымша қарыз беру; қарызды өтеу кестесіне сәйкес осы қарыз бойынша мерзімді төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келетін, қарыз алушының ашық кредиттік желісінің және (немесе) қарызы талаптарының өзгеруі туралы оң шешім қабылдамайтыны да көрсетілген.

Мәртебесі және қызметі қаржы жымқыру/терроризмді қаржыландыру тәуекелін арттыратын клиенттердің қатары да көрсетілген. Бұл тізімде:

- 10 және одан да көп төлем карточкаларын ұстаушылар;

- есірткіні заңсыз өндіру, айналымы және (немесе) транзиті қаупі жоғары елдердің резиденттері;

- соңғы 6 ай ішінде 300 мың теңгеден астам сомаға ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына үш және одан да көп төлемдерді жүзеге асырған клиенттер;

- құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектелген адамдардың тізбесіне енгізілген клиенттер;

- 21 жасқа толмағандар бар.

Бұл тұста енгізілгелі жатқан жаңашылдыққа қатысты inbusiness.kz тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірін білді.

Сарапшы құмар ойынға әуестерге несиенің берілуін шектеу өте дұрыс шешім екенін баса айтты.

"Өйткені қазіргі уақытта еңбекке белсенді жастардың, әсіресе 18 бен 35 жасқа дейінгі азаматтардың құмар ойынға еліктеп кету үрдісі өте жоғары. Бұрынғыдай біз салдарымен ғана күресіп жатырмыз. Мысалы, құмар ойындарға ақша салып, несие алып, туған туысқандарының атынан несие алып, аяғында оның қаншама әлеуметтік мәселеге айналып кетіп жатқаны белгілі. Сол үшін де мысалы 6 айда ойын бизнесін ұйымдастырушылардың шотына 300 мың теңгеден астам соманы 2-3 рет аударса, несие берілмейді деген сияқты нақты талаптар қойылу керек. Бұл жалпы халықаралық тәжірибеде де кең қарастырылған деуге болады. Ең бірінші кезекте біз осы мәселені дұрыс қоюымыз керек. Құмар ойын ойнайтындар істеп жатқандарының ауру процесін тудырып отырғанын білу керек", - деді экономист.

Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, олар тәуелділікке түсіп кеткендігін, бәс тігуге тәуелді болып қалғанын мойындауы тиіс.

"Осыған дейін мұндай өзгерістер неге болмады десек, бүгінгі таңда казинолардың саны шектелсе де, онлайн ойнайтындардың саны көбейіп жатыр. Яғни цифрлық экономикаға көшу кезінде құмар ойынға түсіп кету процестерінің көптігін көріп отырмыз. Дер кезінде заңды тұрғыда шектеу қойылмайтын болса, ол болашақта үлкен мәселеге айналып кетуіне әкеледі", - деп түйіндеді экономист Бауыржан Ысқақов.

Айта кету керек, құжат жобасын көпшілік талқылау "Ашық НҚА" порталында 20 қазанға дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу