Қазақстанда құрылыс компаниялары жаппай саудаға шығарылды

3558

Үкімет бұл тосын құбылыспен күрестің шараларын қамдап жатыр. 

Қазақстанда құрылыс компаниялары жаппай саудаға шығарылды Фото: inbusiness.kz

Құрылыс компаниясының қожайыны болғыңыз келе ме? Мұның түк қиындығы жоқ. Тек қалтаңызда 650 мың теңге болса, жеткілікті.

Қазақстанда жаңа "бизнес" өрістеп жатыр. Білікті мамандары, тіпті қарапайым құрылысшылары, краны және басқа техникасы жоқ адамдар құрылыс компаниясын тіркетеді, барлық лицензияларына, сондай-ақ аттестаттау куәлігіне де қол жеткізеді. Бірақ баспана немесе басқа құрылыс салуға олардың ниеті жоқ. Құжаттарының толық пакеті қолына тиісімен, ол құрылыс компаниясы саудаға шығарылады.

Сатушылардың айтуынша, бұл заңды бизнес көрінеді. Павлодарлық Вадим есімді делдал мұның заңға қайшы еместігіне сендіреді.

"Бұл іспен былтырдан айналысып келемін. Бірде-бір құзырлы органнан келіп, тексерген емес. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді (ЖШС) сатамын. Құрылыс пен монтаждау жұмыстары бойынша барлық лицензияларға ие. Тұрғын үй дейсіз бе, коммерциялық ғимарат па, әлде әлеуметтік нысан саласыз ба, рұқсат. Бүкіл үш категориядағы ЖШС бар. Фирмалар таза, еш тарихы жоқ. Бағасы 650 мың", – деді ол.

Бірақ бұл – өңірдегісі. Астана мен Алматыда, жер телімдері удай қымбат, әрі ең майшелпек құрылыстар жүргізілетін өңірлерде лицензиялы ЖШС-лар қымбат тұрады. OLX.kz, Satu.kz сияқты жеке хабарландырулар жарияланатын сервистерде орташа бағасы 6 миллион теңге.

Ал дайын бизнес пен коммерциялық активтерді сатумен кәсіби айналысатын делдал фирмаларда баға әлдеқайда жоғары. I санаттағы қолданыстағы құрылыс компаниясы үшін 540 млн теңгеге дейін сұрайды. Салықтық қарыздары жоқ. Баспана, коммерциялық нысандар салу тәжірибесі де жоқ.

Инженер, құрылыс фирмасы басшысының жобалар жөніндегі орынбасары Олжас Нұрғожаев құрылыс салуға рұқсат құжаттарын беру – жемқорлардың табысының бір қайнары деген пікір білдірді.

"Бұл "бизнес" көп жыл бұрын қанат жая бастады. Сонда бұл кесапатқа тосқауыл қою мәселесі "Атамекен" палатасында талай көтерілді. Сол кезде ұлттық палата төрағасының орынбасары болған, бүгінде Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов мұның жолын кесу үшін құрылыс компанияларының республикалық бірыңғай реестрін құруды ұсынды. Онда әрбір компания туралы толыққанды досье, яғни, қандай объектілерді салғаны, қандай материалдық, техникалық базасының бары, аттестатталған мамандарының саны, жеңіп алған тендерлері, басқа ақпараттары ашық жариялануға тиіс еді. Бұл қолында ештеңесі жоқ, бос, сыбай-салтаң, "өтірік" фирмалардың нарықтан шығарылуына ықпал етеді. Себебі, оларға сұраныс болмайды. Алайда бұл бастаманы сол кезде бұрынғы билік бұғаттап тастады. Соған қарағанда, лицензиялы құрылыс компанияларын сату бизнесінің бенефициарлары тым биікте отырса керек", – деп тұспалдады.

Ол мысалы, былтыр Парламент тек тәжірибелі компанияларды ғана үлескерлік құрылыс саласына жіберу туралы норма ұсынғанын еске салды. Қисыны қарапайым: құрылыс салушы өз ақшасына барынша көп шаршы метр баспана не коммерциялық мүлік тұрғызып, іске қосса, ол сенімді, орнықты компания саналады. Демек, соған ғана үлескерлерге арналған тұрғын үй салуға рұқсат ету керек. Бұл бастамаға нарық қатысушыларының көбі үдере қарсы шықты. Дәйектемесі: онда нарықта бірнеше алпауыт компания ғана қалады, сала монополияланады.

Сарапшылардың айтуынша, қолданыстағы заңның солқылдақтығы сонша, құрылыс жүргізуге лицензияны қолында ештеңесі жоқ "қуыс" компаниялар да ала береді. Яғни, лицензия берілуі үшін құрылыс жүргізу тәжірибесінің, сонымен қатар арнайы техникасының, аттестатталған жұмысшылар құрамы мен білікті мамандарының болуы талап етілмейді.

Бүгін бар, ертең жоқ, беделіне бас қатырмайтын мұндай фирмалар түрлі алаяқтық схемаларда пайдаланылуы мүмкін.

Сарапшылар "бұл бизнесті жолға қоюға жергілікті жерлердегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының қатысы бар ма" деп күдіктенеді. Лицензияны солар беретіні мәлім.

Дегенмен, Үкіметтің сарапшылары бұған заңнамадағы кемшілікті айыпты санайды. Сондықтан салалық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасы пысықталып жатыр.

Оның аясында салада реформа жүргізіледі, қолданыстағы мемлекеттік реттеу тетіктері қайта құрылады деп күтілуде.

"Құрылыс секторындағы маңызды, салмақты проблема – лицензиялары мен аккредиттеу туралы куәлікке қол жеткізілген соң құрылыс компанияларының саудаға қойылуы. Хабарландыру сайттары кез келген категориядағы лицензиялары да, аккредиттеу туралы куәліктері де бар жобалау және құрылыс ұйымдарын сату туралы хабарландыруларға толы. Аталған компаниялардың иелігінде не инженерлік құрамы, не өндірістік және материалдық базасы жоқ. Мұндай компаниялардың отандық нарықты жайлауы мемлекет үшін қауіпті. Адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіреді. Өйткені мұндай компаниялардың қажетті ресурстары болмағандықтан, олар өзіне сеніп тапсырылған жобаны сапалы жүзеге асыра алмайды", – деп түсініктеме берді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сарапшылары.

Олардың айтуынша, сорақысы сол, лицензияларды алған субъектілердің ары қарайғы қызметіне ешқандай мемлекеттік не басқа бақылау көзделмеген. Оларды белгілі бір кезеңділікпен тексеріп тұру тетіктері әлі күнге белгіленбеген. Салдарынан, қатаң талап болмағандықтан, субъектілер лицензия алған соң да тиісті материалдық-техникалық жабдықтарды сатып алмайды, мамандарды жалдамайды. Лицензиясын одан әрі сақтайды, содан компания сатылып, қолдан қолға өтеді.

"Техникасы, білікті қызметкерлері, құрылыс жүргізуде жұмыс тәжірибесі жоқ, соған қарамастан, кез-келген санаттағы лицензиялары бар кәсіпорындарды алыпсатудың зиянды тәжірибесі кең таралып кетті. Лицензияларды бүгінде облыстардың, астананың, мегаполистердің және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері береді. Олар өздері үлестірген лицензияларға мониторинг жүргізбейді, олардың жай-күйіне тұрақты талдау да жасамайды. Ал министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тек Лицензиаттардың тізілімін қалыптастырады. Бұл реестр автоматтандырылмаған, қолмен толтырылады және ол нарықтағы компаниялардың белсенділігі туралы мәліметтерді қамтымайды", – деп мәлім етті құрылыс министрлігі.

Жаңа заң жобасында бұған тосқауыл қоюдың бірнеше жолдары қарастырылуда. Біріншіден, билік ұлттық палата аясында мамандар ұсынған бұрынғы бастамаға қайта оралуға ниетті. Ведомство лицензиялаудан бас тартып, Лицензиаттардың республикалық бірыңғай тізіліміне толық көшуді және осы реестрді, бизнес процестерді автоматтандыруды ұсынып отыр.

Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі: оларда құрылыс компаниясы беделді саналуы, тендерлерге жіберілуі үшін тізілімде тұрса және қызметін тұрақты жүзеге асырса, сол да жеткілікті. Тиісінше, егер ұзақ уақыт қызметін жүзеге асырмаса, онда реестрден шығып қалады. 

Министрлік мұның шынайы уақыт режимінде жұмыс істейтін, әр компанияның белгіленген талаптарға сәйкестігін айқындайтын ақпараттық жүйе болатынын жеткізді. Бұл "барлық рұқсаттары бар болғанымен, құрылыс салу үшін емес, саудаға қою үшін құрылған жосықсыз ұйымдарды нарықтан ығыстырып шығаруға, компаниялардың жаппай сатылуын болдырмауға, нарық қатысушыларын тәртіпке келтіріп, жауапкершілігін арттыруға" үлес қосуға тиіс. 

Саладағы реформаның тағы бір қадамы ретінде құрылыс инженерлерін сертификаттауды енгізу, олардың орындалған жұмыстардың сапасы үшін міндетті, ынтымақты және дербес жауапкершілігін қарастыру ұсынылып отыр. Тұрғын үй, ғимарат сапасыз тұрғызылып, қирап қалса, соған жауап берген инженер енді құрылыс салуға жолатылмауы тиіс.

Ресми мәлімет бойынша, бүгінде:

  • құрылыс компанияларына жалпы саны 99 мыңнан астам лицензия берілген, оның ішінде 70 364-і жарамды мәртебесіне ие.
  • жобалау қызметі саласында 14,5 мың жарамды лицензия бар, оның ішінде: І санатта – 1,5 мың, ІІ санатта – 3,6 мың және ІІІ санатта – 9,4 мың.
  • құрылыс-монтаждау жұмыстары саласында – 50,7 мың лицензия таратылған, оның ішінде: І санаттағысы – 3,1 мың, ІІ санаттағысы – 12,1 мың және ІІІ санаттағысы – 35,5 мың.
  • жалпы саны 179 464 инженерлік-техникалық маман аттестатталды. Шын мәнінде құрылыс жүргізетін компанияларда, бір құрылыс алаңында бірнеше инженер тер төгіп, еңбек етуі мүмкін. Демек, аттестатталған мамандар саны жүз мыңға жуық лицензиялы компанияларға шаққанда, жетпейді. Осыдан жосықсыз компаниялардың көптігін байқауға болады. 

Негізі, құрылыс компанияларының қаншасы саудаға қойылғанын билік те білмейді. Елімізде шынында ондаған мың компания құрылыс алаңдарын шаң мен шуға бөлеп, қарқынды салып жатса, онда Қазақстан құрылыста дамыған елдерді басып озар еді. Алайда еліміздің мегаполистерінде де қаншама нысан аяғына жеткізілмей, қалқайып, қаңтарылып тұр.

Министрліктің саланы мемлекеттік реттеуді күшейткені абзал. Онсыз сапа болмайды. Мысалы, бүгінде бір қарағанда, құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрі бар сияқты. Құрылыс секторы субъектілерінің қызметі лицензияланады, олар аккредиттеуден өтіп, куәлік алуы шарт. Бұдан бөлек сәулет-құрылыс бақылауы және қадағалауы жүргізіледі. Құрылыс өнімдері стандартталған. Сондай-ақ сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшылар аттестаттаудан өтеді.

"Дегенмен, қолданыстағы осы реттеу тетіктері қордаланған проблемаларды шеше алмады. Салада лицензиялары, аккредиттеуден өткені туралы куәлігі, аттестаттары бар, құжаттары толық, сонымен бірге біліксіз субъектілер саны тым көп. Соның кесірінен, Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатқан құрылыстың сапасы төмен. Еуропаның озық елдерінде құрылыстың немесе жобалаудың сапасына қатысты мәселе жоқ. Өйткені оларда жіберген өрескел қателіктері үшін аттестатталған архитектор немесе инженер бар беделінен, жеке мүлкінен және кәсіби қызметінің барлық перспективасынан айырылады. Бізде оның бірі жоқ. Жауапсыздық жайлаған", – деді құрылыс министрлігінің мамандары.

Жауапкершілік пен талап болмай, сала ары қарай былыққа бата бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу