"Біз 2028 жылға қарай отандық машина жасау өнімдерінің көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетіп жатыр. Өз кезегінде машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің 20 пайыз үлесін алады. Саладағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Халықаралық трендтерге сәйкес, машина жасау саласында ашылған бір жұмыс орны қосалқы салаларда шамамен 7-8 жұмыс орнының пайда болуына әсер етеді", – деді ведомство басшысы.
Сөзінше, машина жасау саласын дамытудың негізгі артықшылықтарының бірі – оның зор мультипликативтік әсері.
"Осы жылдың 9 айында салаға шамамен 124 млрд теңге инвестиция тартылып, оның өсімі 2 есе болды. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгені құрады. Машина жасау саласында ең үлкен үлесті автомобиль (39%), теміржол (13%) және электротехникалық машина жасау (9%) секторлары алады", – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.