Қазақстанда сапасыз тұрғын үй құрылысымен күрес басталады

8163

Құзырлы органдар құрылыс компанияларының алаяқтық схемаларын анықтады.

Қазақстанда сапасыз тұрғын үй құрылысымен күрес басталады

"Әлеуметтік зілзалаға соқтыруы мүмкін"

Ауыл-аймақ түгіл, елорданың өзінде жаңа тұрғын үй сапасы сын көтермейді. Қабырғаларының жұқалығы сонша, кейбір үйде көршілер бір-бірімен қабырға арқылы айғайлап, тілдесе береді. Бұл полицияның да соры: тыныштықты бұзды, ұйқы бермеді деп, көршілер бір-бірімен араздасып, шекісіп, жиі полиция шақыртады. Жыл он екі ай жел соққанда қаладағы заңғар үйлердің қыштақталары күздегі жапырақтай жерге саулап түсіп жатады. Бұл әрине, азаматтардың өміріне қауіпті. 

"Баспанамыздың қабырғасы сөгіле бастады. Тұрғын үй жақында ғана қолданысқа берілген. Мұнысын қалай түсінуге болады. Құрылыс салушы – ірі холдинг адамдарын жіберіп, ақауды тіркегеннен басқа ештеңе жасамайды. Мамандар ғимарат шөге бастаған шығар деп тұспалдады. Қазірден солай болса, бірер жылдан соң не болмақ, жайрап қала ма?!", – деп алаңдайды Нұр-Сұлтан тұрғыны Жазира Сұлтанова.   

Проблеманың барын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитеті растады.

Азаматтардан құрылыс сапасына қатысты шағымдардың артуына байланысты ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп отыр.

Комитет бұл салада түйткілдер тым қаптап кетті деген тоқтамға келді.

"Біріншіден, соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс сапасы көптеген сын тудыруда. Екіншіден, сақалды құрылыс проблемасы өткір күйінде қалып тұр. Құрылыстың тым ұзаққа созылып кетуі – жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бұл ел арасында әлеуметтік шиеленісті тудырады, сақалды құрылыстар бірте-бірте бұзылып, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, сондай-ақ қалалардың келбетін бұзады", – делінген комитеттің талдауында.

Үшіншіден, комитеттің байламынша, саладағы көкейкесті мәселе – адал емес, жосықсыз құрылыс салушылардың үлескерлер ақшасын тартуды, пәтерлер мен коммерциялық алаңдарды рұқсат құжаттарынсыз сатуды жалғастыруы. Құрылыс компанияларының көпшілігі үлескерлердің қаражатын үлестік қатысу туралы шарт арқылы емес, басқа тәсілдермен – алдын ала шарттар, цессия, инвестициялық шарттар секілді көлеңкелі схемалармен тартады.

"Мұндай алаяқтық қарекеттер арқылы құрылыс компаниялары, кооперативтер үлескерлердің мүдделерін қорғауға бағытталған ұлттық заңнаманы айналып өтеді, оған бағынбайды және әдетте салымшылар енгізген қаражатты ұрлайды, талан-тараж етеді. Ресми деректерге сәйкес, 2020 жылы құрылыс компаниялары 14 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсырды, ал биыл 15 млн шаршы метрден астам баспана салуды жоспарлауда. Қазақстанда салынатын, сатылатын тұрғын үй ауқымының орасан зор екенін ескерсек, бұл проблемалар әлеуметтік зілзала ауқымындағы алапат сипатқа ие", – деп түсіндірді Құрылыс істері жөніндегі комитет.

Бұл масқара жағдайға қалай жетті?

Ведомство проблеманың ушығуының негізгі себептерін атады.

Сонымен сарапшылардың байламынша, елдегі құрылыс сапасының төмендігінің негізгі себептеріне – біріншіден, құрылыс мамандықтары бағытындағы білікті қызметкерлердің тапшылығы, екіншіден, әу бастан үйді қолданысқа беруге ниеті болмаған, тек мейлінше көп қаржы жинауды діттеген салушылардың арам пиғылы (олар көз қылып, құрылыс салу үшін ең сапасыз, арзанқол материалдарды пайдаланады), үшіншіден, құрылыстың жобалау технологияларынан ауытқуы, төртіншіден, құрылыста ескірген және ақаулы техниканы қолдану, бесіншіден, реттеуші органдардың тиісті бақылауының болмауы жатады.

Қазіргі қолданыстағы реттеу тетіктері проблеманы шешпейтінін паш етті. Мысалы, саланы өзін-өзі реттеуге жібергенде, Үкімет "құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасы құрылыс қызметі субъектілерін лицензиялау, сәулет-құрылыс органдарының бақылауы мен қадағалауы, құрылыс өнімдерін стандарттау арқылы қамтамасыз етіледі" деп сендірген. Бұл тетіктердің бірде-бірі өзіне жүктелген үмітті ақтамады. Неге?

"Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензияны облыстардың, мегаполистердің және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері береді. Алайда әкімдіктер құрылыс компанияларының қызметі мен олардың орындаған жұмыстардың сапасына жауап бермейді, сол үшін жазаланбайды. Салдарынан, құрылыс компаниясы сапасыз тұрғын үй салса, мәдениет ескерткіштеріне, қоршаған ортаға зиянын тигізсе, олардан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген материалдық шығынды өндірту қиынға соғады", – деп мәлімдеді салалық комитет.

Проблема мұнымен бітпейді. Рұқсатнама құжаттамасы мен лицензияларды беру ісінде ашықтық жоқ, коррупциялық тірліктерді болдырмау тетігі қарастырылмаған. Осының бәрі "құрылыс қызметі субъектілерінің құқықтарына қысым жасалуына, құжаттарды қарау кезінде әуре-сарсаңға салуға, сыбайлас жемқорлық көріністерінің өрістеуіне, елде лицензиялардың заңсыз көбейіп кетуіне соқтырды".

Бұдан бөлек, лицензия алған компаниялардың қызметін одан әрі бақылау көзделмеген. Оларды белгілі бір кезеңділікпен тексеруге арналған тетіктер әлі күнге белгіленбеген.

"Соның кесірінен материалдық-техникалық жабдықталмаған және мамандар штаты жоқ субъектілер лицензия алып алған. Бүгінде құрылыс салғысы келетіндердің ешқандай материалдық-техникалық базасы, білікті қызметкерлері, құрылыстағы тәжірибесі жоқ, есесіне құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша лицензиялары бар кәсіпорындарды сатып алуының сорақы тәжірибесі кең таралды. Салдарынан, жергілікті атқарушы органдар өз аумағындағы үлестік құрылыстың барысына мониторинг жүргізе алмайды", – дейді ИИДМ комитетінің мамандары. 

Бүгінде құрылыс саласындағы лицензияларды әкімдіктер беретіні айтылды. Ал ИИДМ-нің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тек "Лицензиаттардың тізілімін" (Реестр лицензиатов) ғана қалыптастырады екен. Ол реестрде компаниялардың нарықтағы белсенділігі, тұрғын үйді салудың қандай сатысына шыққаны туралы ешбір мәлімет жоқ. Жай ғана тізім.

Реформа аясында не істелмек?

Индустрия министрлігі ұсынып отырған жаңа реформа елдегі шамамен 82 800 бизнес нысаны мен ұйымды (www.elicense.kz порталында осы салада осынша лицензия берілгені көрсетілген), сондай-ақ баспана сатып алған 680 мың қазақстандықты қамтығалы тұр.

Айтқандай, 2018 жылдан бері үлескерлер қаражатын заңсыз тартқаны және рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үй кешенін жарнамалағаны үшін небары 46 құрылыс компаниясы әкімшілік жазаланған, яғни айыппұл төлеумен құтылған.

Реформа аясында меморган лицензиялардың мерзімділігін бекітуді ұсыныпты. Яғни белгілі бір мерзімнен соң құрылыс компанияларының, сала ойыншыларының бәрі қайта тексеруден өтіп, лицензия алуы шарт. Сонда адал емес компаниялар қайта лицензия ала алмайды. Бірақ бұған бизнес қауымдастық қарсы болыпты.

Сондықтан заң жобасында өзін-өзі реттеуді күшейту ұсынылып отыр. Оған сәйкес, әрбір құрылыс компаниясы сәулет, қала салу және құрылыс саласындағы қандай да бір ұйымға мүше болуға міндеттеледі. Тиісінше, теріс әрекеттері үшін ұйым мүшелігінен шығарылса, лицензиясынан да айырылады. Бұл қазіргі нотариус, адвокаттар секілді секторларда қабылданған тәжірибе.

Комитеттің дәйектеуінше, мұндай жағдайда мүліктік жауапкершілік арқалау тәсілі көзделетін болады, ол халықты нарықтың жосықсыз қатысушыларынан қорғауға тиіс. Бұл ретте тұтынушыларға келтірілген мүліктік залалды өтеу мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, ұйымға мүше бір құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтамай, ақшаны алып, тайып тұрса, жобаны ұйымның өзге мүшелері ортақ бөлінген қаражатқа аяқтауы керек. Сол себепті ұйым өз қатарына адал компанияны ғана мүшелікке алуға мүдделі болады.

Сонымен бірге ұйым мүшелерінің өзара, мемлекетпен және тұтынушылармен іс-қимылының тетігі құрылмақ. Қалай болғанда, реформа аясында кезекті сынақ-эксперимент жүзеге асырылғалы тұрғандай. Оның ақыры неге соқтыратыны әзірге белгісіз.

Заң жобасын қарау кезінде Мәжіліс бұл тетіктерді ары қарай пысықтайды деген үміт бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу