Қазақстанда тағы бір жаңа мемлекеттік оператор құрылатын болды

9416

Президент сынынан кейін Үкімет құрылыс саласын былықтан арылту шараларына кірісуде. 

Қазақстанда тағы бір жаңа мемлекеттік оператор құрылатын болды

Қ. Тоқаев Мәжілістің отырысында құрылыс саласын қатаң сынға алғаны мәлім. Оның байламынша, құрылыс олигархтары да "жоғарғы кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, өз жобаларын жүзеге асыру үшін артықшылықты-привилегиялы шарттарға қол жеткізді". Мемлекет басшысы "таңдаулылардың бұл тобына" қандай тұлғалар кіретінін аты-жөніне дейін білетінін айтты. Олардың жобаларына мемлекеттің мол ресурсы бұрылатынын, салдарынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қаражат жетпей қалатынын қынжыла жеткізді.

Шын мәнінде, құрылыс – бюджеттің жүздеген миллиард қаражаты ізім-ғайым жоқ болатын түпсіз тұңғиыққа айналып кетті.

Ірі құрылыс холдингтері тұрғын үй құрылысынан бастап, мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік нысандарды, удай қымбат жолдарды салатын құрылыс компанияларын – еншілес ұйымдарын қаптатып құрып алған. Белгілі құрылыс холдингінің сол арқылы жылына 200-300 нысанның құрылыс жобасын жеңіп алып, өзгеге жол бермейтіні айтылып жүр. Салдарынан құрылыс саласын олигополия жайлаған. Бұл саланы ретке келтіру үшін Үкімет ұсыныстар әзірлеуде.

Сонымен бірге салынған құрылыстың сапасыз екені де қатты сыналады.

Саладағы көп жайт көлеңкеде қалған. Соның кесірінен салаға жемқорлық терең тамыр жайды. Олардың бәрін "күнгейге" шығару үшін ел Үкіметі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін бақылауды автоматтандыруға, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласын цифрландыруға кірісті.

Басшылығы ауысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл жұмыс кешенді түрде жүргізілетінін хабарлады. Мысалы, соның аясында енді ұлттық заңнама өзгертіледі. Соның ішінде құрылыс саласын реттеуге цифрлық технологияларды енгізуге, құрылыс жұмыстарының сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданады.

Шаралардың тағы бір бағыты – үш жылдан бері сөз болып келе жатқан еQurylys құрылыс саласын жүргізу порталы (бұған дейін: Е-Құрылыс ақпараттық жүйесі) өнеркәсіптік пайдалануға енгізіледі.

Бұл істің сұйырқұйымшақтанып кеткенін, сөзбұйдаға салынғанын Мемлекет басшысы 27 қазанда өткен Президент жанындағы Қазақстанда цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында сынға алыпты. Тапсырманың орындалу барысы туралы жауапты тұлғалардың есептерін 2021 жылғы 30 желтоқсанда, Премьер-Министрдің орынбасары (қазір бірінші вице-премьер) Роман Скляр тыңдаған. Нәтижесінде, Үкімет жаңа шешім қабылдады.

Жаңа оператор кім?

Сонымен Үкімет шешімімен, елде жаңа оператор құрылады.

ИИДМ мәліметінше, Министрлер кабинеті еQurylys порталының операторы ретінде "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ын бекітті.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ы құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерді әзірлеумен, өзектілендірумен және цифрландырумен айналысатынын ескеріп, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ына портал операторы өкілеттігін беру мақұлданды. Осыған байланысты, Үкіметтің 2012 жылғы 30 шілдедегі №992 қаулысына толықтыру енгізіліп, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ы қызметінің негізгі мәні ретінде аталған порталды жүргізу функциясы айқындалады", – деп түсініктеме берді Индустрия министрлігі.

100% мемлекет меншігіндегі "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының" тарихы сонау 1931 жылдың 7 қыркүйегінен басталды. Онда ҚазАКСР Халық Комиссарлары Кеңесі техникалық бейіндегі алғашқы институтты – "Құрылыс материалдары және құрылыстардың ғылыми-зерттеу институтын" (ҚМжҚҒЗИ) ұйымдастыру туралы №46 қаулы қабылдады.

Тәуелсіздік алған тұста оның орнына Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің "Қазақ сейсмикаға төзімді құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық институты" (ҚазСҚСҒЗИ) құрылды. Осы кезден бастап, оның қызметі негізінен, сейсмологияға бағдарланды. Бұл институт Алматыдағы және басқа өңірлердегі инженерлік-геологиялық жағдайлары аса күрделі аудандарды зерттеумен, жер сілкіністеріне бейім өңірлердің мәселелерімен айналысатын жалғыз мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымы болып табылады.

Дегенмен 2012 жылғы 30 шілдеде "ҚазСҚСҒЗИ" РМК атауы мен мәртебесі өзгерді. Ол "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамына ("ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ына) айналып, қайта ұйымдастырылды.

Енді оның басты қызмет миссиясы тағы да күрт өзгергелі тұр.

Министрліктің дерегінше, заңнамалық база дайын: "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңына өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидаларды әзірлеу және бекіту құзыреті берілді. ИИДМ ол қағидаларды бекітті.

Қазір міне, уәкілетті оператор ретінде аталған институт анықталып отыр. Ол Қазақстандағы барлық құрылысты жүргізуді "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыруға кірісуі қажет.

"еQurylys" деген не?

"Қағидаларда құрылыс саласын реттеу мақсатында "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыруға арналған порталды құру көзделген. Оның шартты атауы – еQurylys. Бүгінде ИИДМ инвестормен бірлесіп, өтеусіз, тегін негізде ол порталды әзірледі. Алайда бұл портал тиімді жұмыс істеуі және құрылыс саласын жетілдіру үшін қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарлы өзектілендіру және уақытылы өзгеріс енгізу талап етіледі. Бұдан басқа, порталды өрістету жұмыстары дереу қолға алынуы керек. Оны басқа жүйелермен интеграциялау және порталды пайдаланушыларды техникалық қолдау қажет етіледі", – деп алда жаңа операторды күтіп тұрған жұмыс ауқымын белгіледі ведомство.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елдегі бүкіл нысандардың құрылысы бойынша барлық мәлімет Blockchain жүйесінің ашық платформасына енгізілетінін мәлімдеген болатын. Онда барлық деректер, соның ішінде құрылыс материалдары мен жұмыс қарқыны да көрініс табуға тиіс.

"Өңірлердегі тұрғын үй құрылысының барысын білуіміз, өзекті ақпарат алуымыз үшін біз бүкіл елімізде жүріп жатқан барлық құрылысты бақылауымыз керек. Осыны мүмкін ететін бағдарламаны әзірлеуді өтіндік. Қазір бұл жүйе дайын", – деді Қ. Өскенбаев.

ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі комитетінің түсіндіруінше, саланы цифрландыру қадамдары бюрократияны азайтуға, рәсімдерді оңайлатуға, құрылыстағы бизнес-процестердің ашықтығы мен айқындығын арттыруға арналған.

"Бүгінгі таңда не жасалды? Ақпараттық модельдердің мемлекеттік дерекқоры BIM-технологияларын қолдана отырып, құрылыс объектілерін онлайн форматта модельдеуге мүмкіндік береді. "еQurylys" жүйесі қазаншұңқыр-котлован қазудан бастап, ғимаратты пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесінің барлық кезеңдерін онлайн-режимде бақылайды. "Қазреестр" үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін енгізілген. Ол үлескерлердің адал емес құрылыс компаниялардан тұрғын үй сатып алу тәуекелдерін барынша азайтуға тиіс. "Маркетплейс" онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын тікелей өндірушілерден сатып ала алатын болады", – деп хабарлады комитет.

Былтырғы 11 ай қорытындысы бойынша отандық құрылыс материалдарының өндірісі 9,2%-ға өсіп, 820,2 млрд теңгені құрады. 2025 жылға дейін Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіретін 165 жаңа зауыт пен фабрика салу көзделіп отыр.

Салада қордаланған және реттеуді күткен мәселелер жетерлік. Ол жүктің бір бөлігі жаңа операторға артылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу