Қазақстанда валюта айырбастау пунктін қалай ашуға болады?

3283

Бұл бизнесті бастау күрделі емес, бірақ оңай деуге де келмейді.

Қазақстанда валюта айырбастау пунктін қалай ашуға болады? Фото: canva.com

90-шы жылдары тіпті ірі базарлардағы контейнерлерде валюта айырбастау жүзеге асырылатын. Бертінде мұндай стихиялы валюта саудасына тыйым салынды, түбірімен жойылды.

Дегенмен, осыдан біраз бұрын аудан-қалаларда көшедегі қарапайым дүңгіршекте жұмыс істейтін айырбастау бекеттері болды. Бүгінде оларды кездестірмейсіз. Егер ұшыраса қалса, ол заңсыз жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені елде бұл кәсіп түріне қатысты талаптар айтарлықтай қатайтылды.

Ең басты талап – қомақты жарғылық капитал енгізу. Ол қаржы Ұлттық банкте сақталатын болады.

Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 4 сәуірдегі №49 қаулысымен бекітілген және содан бері бірнеше рет түзетулер енгізілген "Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына" сәйкес, уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең аз мөлшері:

  • Астана, Алматы және Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың әкімшілік орталықтарында, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін 100 000 000 (бір жүз миллион) теңгені;
  • Өзге жерде орналасқан әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін 50 000 000 (елу миллион) теңгені құрайды.

Яғни, кент-аудандарда, моно және басқа шағын қалаларда айырбастау бекетін ашу үш мегаполис пен облыс орталықтарына қарағанда екі есе "арзанға" түседі. Бірақ ірі қалалардан басқа жерде валюта сатып алатын клиент саны аз. Болса да қалтасы қалың емес.

Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылғы қыркүйек қорытындысында айырбастау пункттерінің доллар бойынша таза саудасы (жұрттың сатып алғаны мен кері тапсырғаны арасындағы айырма) 170 миллиард теңгені құрады. Халық пен бизнес олар арқылы 353 млн доллар артық сатып алған.

Тамыз айында таза саудасы 231 млн доллар болған еді. Бір ай ішінде долларға деген сұраныс 52,8%-ға өсті. Былтырғы қыркүйек айымен салыстырғанда өсім – 42,3%.

Алайда басым көпшілігі – 64 пайызы үш мегаполисте сатылды. Қыркүйек айында долларға деген бөлшек сұраныстағы (көтерме сұраныс биржада жүреді) ең көп үлес немесе 31%-ы – Шымкентке тиесілі. Одан кейін Алматы қаласы (27%), Солтүстік Қазақстан облысы (7%) және Астана (6%) орналасты. Олай болса, айырбастау бекетін Шымкент пен Алматыда аша алсаңыз, көбірек табыс табуыңыз мүмкін.

Жалпы алғанда, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтар 2,9 млрд доллар сатып алған. Бұл былтырғыдан 17,2%-ға көп.

Сонымен, жарғылық капитал үшін шағын қалаларда – 50 миллион, ірі қалаларда – 100 миллион теңге таба алсаңыз, бұл кәсіпке кіруіңізге жол ашылады. Одан кейінгі қадамдар – компания құру, лицензия алу, орынжайды тиісті жабдықтау сияқтылар.

"Қазақстанда айырбастау пункттерін екінші деңгейдегі банктер, "Қазпошта", сондай-ақ банк болып табылмайтын және Ұлттық банктің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы бар қаржы ұйымдар ашуға құқылы. Бұл ретте "банктік емес айырбастау пунктін" ашу рәсімі оңай. Оны ашу "ҚР-да қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларымен" реттеледі", – деп түсіндірді "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының мамандары.

Бірінші қадам – заңды тұлғаны құру

Алдымен, ұйымдық-құқықтық нысаны ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) болатын заңды тұлғаны құру қажет.

Бұл ретте қызмет түрі тек қана қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын жүзеге асыру болғандықтан (айырбастау бекеттеріне банктік қосымшалармен ақша аударуға тыйым салынған), заңды тұлғаға "66.12.2 "Ұлттық қордың активтерін, Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін, зейнетақы активтерін басқарумен байланысты қызметті қоспағанда, бағалы қағаздармен және тауарлармен операциялар бойынша брокерлік қызмет" деген экономикалық қызмет түрінің коды тағайындалады.

Екінші қадам – жарғылық капиталды қалыптастыру

Ұйымның жарғылық капиталы ақша түрінде қалыптастырылады. Оны әлгінде айтылған 50 не 100 миллион теңге көлемінде, айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін өтініш жасауға дейін толығымен енгізу қажет.

Егер компания қосымша айырбастау пунктін ашса, оның ақша түрінде қалыптастырылатын жарғылық капиталы белгіленген талаптарға сәйкес ұлғайтылуға тиіс.

Үшінші қадам – айырбастау пунктін жайластыру

Азаматтар енді айырбастау бекетін даладағы дүңгіршекте аша алмайды, оған арналған үй-жай нақты талаптарға сәйкес келуге тиіс.

Айырбастау пунктінің үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру Ұлттық банк басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы №14 қаулысымен бекітілген "...айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларында" белгіленген талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Талап бойынша айырбастау пункті міндетті түрде бейнебақылау жүйесімен жабдықталуға тиіс. Ол жүйе бейнедеректер архивінің резервтік көшірмесін жасауды және архивті жою мен редакциялаудан қорғауды қамтамасыз ететін техникалық құрылғыларда күнтізбелік 90 күн ішінде айырбастау пунктінің қызметін жүзеге асыру процесінің ақпаратын жазу мен сақтауды қамтамасыз етуі шарт.

Компания айырбастау пунктінің үй-жайына, жабдығына, қызметкерлеріне қойылған талаптардың толық орындалуын қамтамасыз етеді.

Төртінші қадам – лицензияны және оған қосымшаны алу

Лицензияны және оған қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым "Электрондық Үкімет" веб-порталы арқылы келесі құжаттарды жібереді:

  • Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес форма бойынша қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны алуға арналған электрондық өтінішті;
  • Жарғысының электрондық көшірмесін;
  • лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін;
  • екінші деңгейдегі банкте шетел валютасындағы банктік шотының бары туралы анықтамасының электрондық көшірмесін;
  • лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 күннен ерте емес берілген банк клиентінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірмелердің Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес заңды тұлғаның банк шотына жарғылық капиталына жарна ретіндегі ақшаның есепке жазылуын растайтын электрондық көшірмесін;
  • уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың (қарыз шартының, мүлікті сатып алу-сату шартының, кірістер туралы анықтаманың, уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа құжаттардың) электрондық көшірмесін жібереді.

Құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап лицензия және оған қосымша "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы 20 жұмыс күні ішінде беріледі немесе бас тартылады.

Ұлттық банктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының сарапшылары шетелдік валютаны айырбастайтын пункт ашу үшін заңды тұлғаларға (ЖШС) міндетті түрде тиісті лицензия алу керектігін ескертеді.

"Бұл лицензияны алу үшін заңды тұлға тиісті өтінішін Ұлттық банктің жергілікті филиалына бағыттауы қажет. Мұны "Электрондық Үкімет" порталы немесе "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының кеңселері арқылы жасауға болады. Қызмет 20 жұмыс күні ішінде көрсетіледі", – деді Ұлттық банктің ШҚО филиалының өкілдері.

Лицензия алу үшін жоғарыда келтірілген тізім бойынша құжаттардың электронды көшірмелерінің топтамасын жинап, тапсыру керек. Ұлттық банк филиалының мамандары сол құжаттар пакетін тексере келе, компанияның айырбастау пунктіне қойылатын біліктілік талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін анықтайды.

Ұлттық банк мамандары сондай-ақ, 40 АЕК (2024 жылы – 147 680 теңге) лицензиялық алым төлеу қажеттігін еске салады.

Сөзге тартқан айырбастау бекеттерінің иелері (олар кейде кассада немесе соның жанында отырады) өздерінің қанша табыс табатынын нақты айтпады.

"Ең көп табыс девальвациялар кезінде түсетіні жасырын емес. Кеше арзандау сатып алған доллар мен еуроны ертесіне екі еседей қымбатқа өткізе аласың. Валюта бағамдары тұрақталған кезде түсім азаяды. Бірақ табыс негізінен, қанша валюта сатқаныңа байланысты болады. Біздің "обменник" шағын, айналымы да аздау. Ал, бір клиентіне миллион долларға дейін айырбастап бере алатын ірі пункттер бар. Орта есеппен алғанда, мегаполистердегі орташа айырбастау бекеттерінің күн сайынғы айналымы 200-500 мың доллар арасында. Одан төмен болса, шағын саналады. Бұл таза табысы емес, валютасының жалпы саудасы", – деді елордалық айырбастау бекетінің қожайыны Ерлан есімді бизнесмен.

Дегенмен, өңірлерде капитал айналымы бірнеше есе аз екенін ұмытпаған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу