Қазақстанда Wildberries-ге қатысты дау туындады

5743

Ресейлік маркетплейске қандай шағымдар айтылуда? 

Қазақстанда Wildberries-ге қатысты дау туындады

Биылғы 15 тамызда атауын орысшаландырып, "Ягодкиге" ауыстырып, артынша одан бас тартқан Wildberries айналасында түрлі жанжалдар туып жатады. Өткен тамыз айында ресейлік ақпарат құралдары ресейлік маркетплейстен клиенттердің құнды, құпия деректері сыртқа тарап кеткенін хабарлады. Осыған байланысты Роскомнадзор бұл компаниядан клиенттерінің банктік мәліметтері сияқты маңызды дербес деректерінің бөгде адамдарға ықтимал жария болуына қатысты ақпарат сұратты. Әлеуметтік желіде ол деректердің интернет арқылы сатылып жатқаны туралы хабарламалар пайда болды.

"Роскомнадзор Wildberries-ге сұрау жолдап, аталған сервис клиенттерінің дербес деректерінің сыртқа тарап кетуі туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуды талап етті", – деп жазды ТАСС меморганның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Telegram-арналардың мәліметінше, мамандандырылған форумда Wildberries базасы 300 доллардан сатылған. Сатушының түсіндіруінше, ол деректер базасын маркетплейстің қызметкерлерінен сатып алыпты. Базада әр клиенттің аты-жөні, банктік картасының нөмірі, e-mail, соңғы саудалары туралы ақпарат және сатып алуларының сомасы көрсетілген екен. Бұған қоса, барлық саудагерлердің деректері де ұсынылыпты. Ресейлік журналистер заңсыз сатылған сол базада келтірілген бірнеше сатып алушыны кездейсоқ таңдап алған, содан соң телефон соғып, деректердің растығына көз жеткізген.   

Бұл ақпарат қазақстандықтарды да тіксінтті. Себебі қазір Қазақстан халқы да осы ресейлік электронды базар қызметіне жүгінеді. Мысалы, пандемия кезінде жұрт арзан бетпердені, дәрі-дәрмек пен дәрумендерді содан сатып алды. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер де өз тауарларын сол арқылы саудалап жүр. Олардың деректерінің бәрі қаскүнемдер қолына түссе, алаяқтыққа қосымша өріс ашылмақ. Бұл қылмыс онсыз да өршіп тұр. Егер алаяқтар 2020 жылы Қазақстан азаматтарын 29,8 млрд теңгеге алдап соқса, былтыр бұл сома 50 миллиардқа жуықтаған.

Әрине, Wildberries өз деректер базасының ұрланғанын фейк деп атады.  

"Кейбір басылымсымақтарда "жанр дағдарысы" туындаса болды, деректер базасының сыртқа тарап кеткені туралы ақпараттар пайда бола бастайды. Wildberries-де пайдаланушылардың деректері қолды болған жоқ, біздің IТ-жүйелер арқылы сенімді қорғалған. Telegram-арнаның жалған ақапарат таратқаны өкінішті", – деп түсініктеме берген маркетплейс баспасөз қызметі.

Бұл жүйенің қазақстандық бөлігінде де ғаламат ақаулар болып тұрады екен. Бұл туралы таяуда Премьердің орынбасары–Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин хабарлады.

"Wildberries интернет-дүкенінің жұмысында техникалық ақаулар байқалды. Компания негізгі функционалын қалпына келтірді, компанияның ІТ-мамандары ақауларды жою бойынша жұмысты жалғастырды. Биылғы 17 наурызға қарай ақаулар саны 40 есе азайды. Компания дербес және қаржылық ақпарат, оның ішінде банк карталарының деректері зардап шекпегенін және қауіпсіз қоймада екенін атап көрсетеді. Беру пунктері немесе курьерлік қызмет арқылы тиісті сападағы тауарларды қайтару мерзімі ұзартылды. Бұдан басқа, тапсырыстарды беру пункттерінде тауарларды сақтау мерзімі автоматты түрде ұлғайтылды", – деген болатын вице-премьер.

Қарапайым қазақстандықтардың да оған қатысты шағымы көп. Мысалы, елорда тұрғыны Оля Микитенко қазақстандық сатып алушылар тауарды кері қайырса, валюта бағамының айырмасынан өте көп ақша жоғалтатынына назар аудартады. Өйткені ресейлік маркетплейс тауарларды теңгеге сатқанымен РФ валютасын басшылыққа алады.

"Биылғы 22 ақпанда Wildberries қазақстандық сегментінен джинсы сатып алдым. Банк тиісінше 1 рубль = 5,74 теңге бағамымен ақша аударып, оны картамнан шешіп алды. Нәтижесінде, 18 мың теңгеден астам қаражат шықты. Алайда тауар сапасы төмен болып шығып, наурыз айының басында қайтардым. Wildberries-дегі жеке кабинетімде растаушы чекті де алдым. Ақшаны қайтару бір айдан астам уақытқа созылды. Осы аралықта рубль бағамы шамалы қымбаттады. Сәуір айында бас тартылған тауар үшін қаражатым картама қайтарылды. Бірақ небәрі 11 мың теңге ғана оралыпты. Оның мәнісін анықтасам, 3,48 теңге бағамымен есептеліпті. Сөйтіп жоқ жерден, тауарды пайдаланбастан, екі ортада 7 мың теңгеден астам қаржымды жоғалттым! Екі ел ұлттық валютада есеп айырысуға келісті ғой, онда неге азаматтар валюта бағамы айырмасынан тауар құнының 40%-ына жуық шығын шегеді? Мұны тонау деп есептеймін. Ештеңе сатпай-ақ, валюта айырмасынан күреп табыс табуға болады екен", – дейді ресейлік маркетплейстің қазақстандық клиенті.

Ол өзі сияқты жәбірленушілер көптігін, олар әлеуметтік желіде арызданып жүргенін айтады.

Айбат Шәймерден биылғы сәуірде Wildberries.kz интернет дүкені арқылы "Антифриз Nissan, 1 литр" аталымдағы 2 тауарды сатып алыпты. Әрқайсысының құны 7 850 теңгеден.

"Тиісінше, картамнан 15 700 теңге онлайн аудардым. Бірақ есепшотымнан қаражатты сыпырып алған соң, іле-шала бұл интернет дүкенде "Антифриз Nissan, 1 литр" позициясы "қоймада жоқ" мәртебесіне ауысты. Соған қарамастан, ақшаны шешіп алу операциясы доғарылмай, толық жүзеге асырылды. Тауар қайтадан пайда болатын шығар деп ұзақ күттім. Ақыры маусым айына қарай тапсырыстан бас тартуға тура келді. Неге екені белгісіз, картама 15 700 теңге орнынан 7 850 теңге қайтарылды. Wildberries қолдау сервисіне әлденеше рет шағым қалдырдым. Тек сырғытпа жауаптар келеді. Қаржыңызды қайтаруға сұраныс толтырылды деп айта салады. Дегенмен ақшам сол бойы картама түспеді", – дейді А.Шәймерден.

Ол тұтынушы ретінде аяққа тапталған құқығын қорғауды сұрап, Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушы құқығын қорғау комитетіне де шағымданыпты. Комитет арыз иесін қаржылық реттеушіге жолдаған. Банктер мен транзакцияларға жауапты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің не тегеурін танытатыны белгісіз.

Wildberries-дің Қазақстандағы жұмысшыларынан да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шағым түскен. Онда олар жалақының уақытылы төленбейтініне қапаланады.

"Мен мысалы, жалғызбасты анамын. Ұлымды жалғыз қалдырып, түнде жұмыс істедім. Күндіз оны бағып-қағумен айналысу үшін. Wildberries-дің қоймасында қаптаушы болып істедім, сондай-ақ Мезониндегі жұмысқа тартылдым (мезонин – көп деңгейлі сөре-стеллаждық жүйе). Енді маңдай тер, табан ақымен тапқан жалақымызды ала алмай отырмыз. Жалғыз мен ғана емес, өзгелердің жағдайы да осындай. Жұмыс берушілерімізбен алмасқан хат-хабарларымыз бар. Алдарқатады, бірақ ақы төлегісі келмейді. Жатақхана қожайынына баспана ақысын төлеу үшін амалсыз микронесие алуға тура келді. Әйпесе қыс қарсаңында баламмен далада қаламын. Оны төлемеген соң кредит бойынша "просрочкалар" басталды. Балам мектепке жазғы сандалиямен барып жүр. Жеті күн ауырып жатты. Жүрегінің дерті де бар. Билік қайда, неге шара қабылдамайды? Неге қорғамайды?", – деп ашынады елорда тұрғыны Айман.

Мұның бәрі маркетплейс саласына қатысты проблемалар қордаланып жатқанын паш етеді. Ол әлеуметтік кернеу ошағына айналып кетпеуі үшін мемлекет саланы бақылап, мәселелердің шешілуіне мән бергені абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу