Қазақстанда жаңа банктер құруға кедергі болған шектеулер жойылмақ

5363

Банк секторы шектен тыс монополияландырылған. 

Қазақстанда жаңа банктер құруға кедергі болған шектеулер жойылмақ Фото: google.com

Өткен жылы қаржы саласына маманданған бірнеше ақпарат құралы 2023 жылы елімізде жаңа 3 банк құрылатынын жариялады. Әңгіме отандық ірі микроқаржы ұйымдарының жаңа мәртебе алып, банк секторына көшуі жайында болған. Алайда биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталуға таяды, жаңа банктер сол бойы ашылмады.

Оның бір мәнісін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірді. Қысқаша айтқанда, Қазақстанда жаңадан құрылған банктерге бір жыл бойы жеке тұлғалардың депозитін тартуға тыйым салынған. Ал банктер депозиттерді халық пен бизнеске несие түрінде таратып, табыс табатыны мәлім.

Оның үстіне өз қызметін жаңа бастаған, тиісінше, табыс тарихын түзіп үлгермеген жаңа банкке бизнес те, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор да жинағын сеніп тапсырмасы мәлім. Сондықтан жаңа ашылған қаржылық институтқа жабылып тыну қалады.

Содан сарапшылардың мәліметінше, микроқаржы ұйымдары банк ретінде қайта құрылу туралы ниеттерін жариялағандарымен, салалық заңнаманың өзгеруін және жеңілдеуін күтіп отыр.

Банк секторында мұндай проблеманың барын қаржылық реттеуші растады. Агенттік қаржы нарығында қызметін жүзеге асыратын субъектілер және өзіне келісім және басқа да рұқсат құжаттарын алу үшін жүгінетін тұлғалар басыартық әкімшілік кедергілердің көптігіне шағымданатынын жеткізді. 

"Агенттіктің мемлекеттік қызметтер көрсетуі аясында қойылатын талаптардың кемшілігі бар. Сондай-ақ заңнамада өзектілігін жоғалтқан өзге де талаптар жетерлік. Мысалы, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңының 30-бабына сәйкес, жаңадан құрылған банктердің ашылғаннан кейін бір жыл бойы жеке тұлғалардың депозиттерін тартуға құқығы жоқ. Бұл тыйым банктер бірінен соң бірі банкрот болып, депозиторлардың салымдарын қайтармау қаупі жоғары болған кезде, 2008 жылы енгізілді", – деп түсіндірді қаржылық реттеу агенттігінің мамандары.

Сол себепті ведомство алда Мәжіліске енгізілетін, қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы аясында бұл тыйымды жоюды ұсынып отыр.

Агенттіктің дәйектеуінше, бұл санкция бүгінде көп өзекті емес. Өйткені біріншіден, банктерге қатысты талаптар онсыз да күшейтілді. Екіншіден, депозиттердің қайтарылуын кепілдендіру жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр.

"Бүгінде аталған тыйым әкімшілік кедергіге айналды. Себебі,  салада тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізілді, тиісінше, жеке тұлғалардың салымдарын қайтармау тәуекелдері агенттіктің қадағалау құралдарымен залалсыздандырылды. Мәселен, "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" заңына сай, тәуекелге бағдарланған тәсілдің негізгі міндеттері – банктердің, банк конгломераттарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, олардың қызметіндегі тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу үшін ерте араласу және уақтылы қадағалау әрекеттерін қабылдау мақсатында олардың қызметіндегі тәуекелдер мен кемшіліктерді анықтау және алдын алу болып табылады", – деп мәлім етті қаржылық реттеушінің мамандары.

Сонымен қатар салымшы жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау банктердің Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне міндетті түрде қатысуы арқылы қамтамасыз етіледі.

Осыған байланысты Мәдина Әбілқасымованың ведомствосы жаңадан ашылған банктерге де алғашқы күннен бастап халықтың депозитін тартуға рұқсат етуді ілгерілетіп отыр. Оның бұл лоббиін жаңа Парламент қолдаса, мұның болашақта қандай нәтижелерге әкелетінін, нендей салдарларға соқтыратынын уақыт көрсетеді.

Қаржылық реттеу агенттігі бірқатар топ-менеджерлерді өз кандидатурасына келісім алудан босатқалы тұр. Осы арқылы Әбілқасымованың командасы биылғы жыл басында ғана күшіне енген су жаңа заңның нормасын жойғызуға ниетті. 

"ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына Президент Қ.Тоқаев 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған болатын.

Ол бойынша "жанама банк холдингтерінің" (косвенные банковские холдинги) белгілеріне сәйкес келетін ұйымдардың тұлғалары уәкілетті органның тиісті келісімін алуға міндетті.

"Осы жаңа түзету жанама банк холдингтерінің басшы қызметкерлерін бізбен міндетті түрде келісу қажеттілігіне әкелді. Ал бұл орынсыз болып табылады: себебі, банкті жалпы басқаруды банктің немесе тікелей банк холдингінің Қазақстанның заңнамасы бойынша толық жауапкершілікте болатын және бізбен келісілген басшы қызметкерлері жүзеге асырады. Жанама банк холдингі болса, банкті жалпы басқаруға қатыспайды", – деп дәйектеді қаржылық реттеуші.

Заңнамаға талдау жүргізген агенттіктің сарапшылары одан басқа да кінәраттарды тауыпты. Мәселен, банктің, қаржы ұйымдарының агенттікпен келісілген бас бухгалтері жұмыстан шығып кетсе, қызметінен босатылса, уақытша жұмысқа жарамсыз болып қалса, онда оның міндеттерін, өкілеттіктерін оны алмастыратын өзге тұлғаға жүктеу мүмкін емес көрінеді.

Тағы бір мысал: банктің, қаржы ұйымының басшы қызметкері лауазымына үміткер табу күрделі. Ондай лауазымдарға тағайындалатын тұлғадан нақты бекітілген салаларда жұмыс тәжірибесінің болуы талап етіледі. Ал тағайындау үшін қажетті еңбек өтіліне есептелуі мүмкін ұйымдардың, салалардың тізбесі шектеулі.

Агенттік банктердің жұмысын қиындатып отырған басқа да көптеген "басыартық және алып тастауға жататын" талаптарды анықтапты.

Осылайша, ведомство қаржы нарығы субъектілерінің мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін және бизнес-процестерін оңтайландыратын, оңайлататын, басқаша айтқанда, банкирлердің мүддесін ілгерілететін заң жобасын Парламентке енгізбек.

Экономист Марат Ерғозин қаржылық реттеуші мен Парламент арасында тартыс жүріп жатқанын байқапты.

"Мәдина Әбілқасымова банк секторына қатысты заңнаманы либералдандыруды жақтаушылардың қатарында. Ал билік, соның ішінде депутаттардың қолымен заңнаманы тек қатайтумен келеді. Салдарынан, қазақстандық банк секторы шектен тыс монополияландырылды. Біз отандық банк нарығын 5 алпауыт банк астына басып алғанын, елдегі бүкіл банктік активтердің 65% соларға тиесілі екенін бұрыннан айтып келеміз. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Үкімет солардың айтқанын орындауға мәжбүр. Себебі, заңнама талаптарын орындамаса, олардың лицензиясын қайтарып алып, банкрот қыла алмайды. Онда елде дүрбелең басталады, бұқара мен бизнес жинақтарын алып кетіп, сектор күйрейді. Бүгінде алпауыт банктер Үкіметке билігін жүргізіп, мемлекеттің бағдарламалары мен жоспарларына ықпал етеді. Бұдан құтылу үшін жаңа банктердің көптеп ашылуына мүмкіндік беру, олардың алдындағы кедергілерді алып тастау қажет", – деді М.Ерғозин.

Сарапшылар дамыған елдердің тәжірибесі бойынша алпауыт банктерге жеке шектеулер енгізуді ұсынып жүр. Бірақ билік оған барудан аяқ тартып келеді.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, ҰБ, Қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп, жекелеген банктердің саладағы үстем, доминанттық жағдайына қатысты проблеманы шешу мәселелерін қарастыруда. Бұл үшін қаржы нарығындағы бәсекелестік күшейілетін болады. Ол шаралардың бірқатары жүзеге асырылыпты.

Мысалы, Ұлттық банк басшысының мәліметінше, ірі микроқаржы ұйымдарын банкке конвертациялаудың жеңілдетілген тетігі енгізілді. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенде, өз нарығын шетелдік банктер үшін ашуға міндеттеме қабылдаған. Бірақ бұған алдымен өтпелі кезең, бертінде кейбір шектеулер тосқауыл болды. Енді Ғ.Пірматов шетелдік банктердің өз филиалдарын ашу арқылы Қазақстанға кіруіне рұқсат етілгенін хабарлады. 

Бұдан бөлек, Open API және Open Banking технологияларын ендіру ісі жүзеге асырылуда екен. Осы арқылы қаржы нарығының барлық қатысушыларына тең, бәсекелі мүмкіндіктер ұсынылмақ. Коммерциялық қаржылық маркетплейстер құру ісін ынталандыру шаралары жоспарлануда.

Дегенмен, нарығы шағын саналатын Қазақстанға шетелдік банктер көп қызыға бермейді. Ал ынтыққандарын отандық алып банктердің лоббиімен қабылданған ауыр талаптар айнытады.

Ендеше түбегейлі жаңғыруларсыз жүргізілген "косметикалық" түзетулер тиісті нәтиже әпермей, кезекті көзбояушылыққа айналуы да ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу