Қазақстандағы ең өтімді шетелдік көліктер рейтингі жарияланды

5381

Ресми дилерлер былтыр 198 686 жаңа көлік сатқан.

Қазақстандағы ең өтімді шетелдік көліктер рейтингі жарияланды Фото: canva.com

"Қазақстан автокөлік одағының" мәлімдеуінше, елімізде жыл басынан бері ресми дилерлер 83 145 жаңа көлік сатқан. Бұл өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 0,1%-ға аз.

Мамыр айында отандық авто-нарықта көлік саудасы біршама саябырсығанымен, есесіне маусым айында 16 688 жеңіл және коммерциялық көлік сатылған.

Утилалым мен алғашқы тіркеу жарнасы секілді түрлі кедергіге қарамастан, Қазақстан авто-базарларында сырттан келетін көліктерді сату қарқыны жоғары. Көптеген жеке кәсіпкерлер мен жаңадан ашылған компаниялар шет елдерден Қазақстанға арзан әрі жаңалау көліктерді жеткізу бойынша қызметтерін жарнамалай ұсынып жатыр.

Былтыр елімізге 345 мың жеңіл көлік авто-тасымалдаумен айналысатын жеке саудагерлердің алып келуімен кіргізілген, яғни, 2023 жылы Қазақстанда сатылған бес көліктің үшеуі ресми емес тұлғалардың тауары. Ал, ресми дилерлер былтыр 198 686 жаңа көлік сатқан.

Салондарда саудаланған жаңа автомобильдерді сараласақ, жартыжылдықта ең көп сатылған көлік құралдары: корейлік Hyundai көлігінің 3 522 данасы, Kia – 2 979, Chevrolet – 1 815, Chery – 1 239, Toyota – 1 130, Jac – 1 128, Changan – 679, Jetour – 664; Haval – 674, қытайлық Geely көлігінің 628 данасы өткен.

ТМД елдерінің нарығына көз жүгіртіп қойсақ, Ресейде өздерінде құрастырылатын Lada танымалдығы мен сатылымы бойынша алдыңғы орынға шықты. Бұған, әрине, Батыстың салған санкциясының үлесі зор. Әлемдік авто-бренд зауыттары Ресейден кеткелі бері, оларда сапасы нашар болса да өз көлігіне қайта отыру үдерісі етек алды. Ол ол ма, енді орыс билігі мемлекет тарапынан өзге елдің көлігі Ресейге кіруіне тағы да қиындықтар ойлап тауып жатыр.

Қазақстанның автомобиль нарығында, керісінше, Hyundai маркалы корейлік көлік тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып тұр. Әсіресе, отандастарымыз Hyundai Tucson-ға көптеп тапсырыс беруде. Бұл модель сатып алушылар арасында танымалдығы бойынша бірінші орынды иеленді. Көктемгі саудада салондарда сатылған 14 197 көліктің 2 010-ы осы Hyundai Tucson.

Екінші орынға шыққан ең өтімді көлік – Chevrolet Cobalt, жыл басынан бері Cobalt-тің 1 322 данасы сатылған.

Сатылым жағынан отандық нарық рейтингісінің үшінші орнына корейлік Kia Sportage ие болды. Көктемгі саудада Kia Sportage-дің 887 данасы саудаланған. Төртінші орында "Қазақтың төл көлігі" аталып кеткен жапонның Toyota-сы. Ресми саудада Toyota төртінші орында тұрғанымен, қара базарда "ең сапалы һәм өтімді көлік" екенінде дау жоқ.

Алдыңғы лекте аталған көлік түрлерінен кейін, елімізде сатылымы жағынан ең өтімді болып тұрғаны – қытайлық көліктер. Сапасы төмен болса да, қытай көлігін отандастарымыз өзара мақтап, жарнамалап алып жатыр. Алайда, шығыс көршіміз құрастырған көліктер қыста – Астананың аязына, жазда – Шымкенттің ыстығына шыдамай жатқанын әлі де ескерер емеспіз.

Қытайдың Changan CS55 Plus, Chery, JAC және Haval маркалары бүгінгі таңда бізде де, Өзбекстанда да өтімді көліктер қатарында. Бір ескеретін жайт, Қытай көліктері салоннан алғаннына жыл толмаса да көлік базарында құнын тез жоғалтады. Көлік саудалайтын автосалон қызметкерлерінің айтуынша, қазірдің өзінде елімізге кіргеніне 3 жыл толмаған қытайлық көліктерді салондар қайта сатып алатын Trade-In жүйесі бойынша арзанырақ бағаға алғысы жоқ. Себебі, қытайлық автолар жылына 25-30% өз бағасын жоғалтады екен.

Сөз соңында айтарымыз, мамандардың болжауынша, күзге қарай Қазақстанда көлік бағасы жедел өсе бастайды-мыс. Өйткені, елімізде утилалым мәселесіне нүкте қойылумен қатар, келешекте Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де ортақ утилалым жүйесі енгізіліп, пайдаланылуы 7 жылдан асқан көліктерді кіргізуге тыйым салынуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу