Қазақстандық студенттерді "асырап отырған" зауыттар дауға қалды

1899

Консерві зауыттары үшін талас-тартыс қызды.

Қазақстандық студенттерді "асырап отырған" зауыттар дауға қалды Фото: canva.com

Қазіргі қазақстандық студенттердің басты асының бірі – "бешбармақ". Бірақ ол дәстүрлі қазақша еттен біршама ерекшеленеді. Біріншіден, әлдеқайда арзанға түседі. Екіншіден, ұзақ піспейді, жарты сағатқа жетпей дайын болады.

Рецепті қарапайым және оны әлеуметтік желіде қазақстандық жастардың өзі бөлісіп жүр (әрине, денсаулыққа пайдасы күмәнді). Дүкендерде сатылатын дайын "ет нанын (мысалы, "Кэмми бешбармақ кеспесі" шамамен 400-600 теңгедей тұрады) 10 минуттай қайнатады да, оны сүзіп алып, табада қуырады, оған "тушенканы" қоса салады. "Студенттік бешбармақ" дайын.

Бір жағынан, бұл ас бір емес, бірден бірнеше адамға жетеді. Екінші жағынан, бағасы арзан, әрі кетсе, 1-1,5 мың теңгеге түседі. Бұл мейрамхананы айтпағанда, қарапайым дәмханадағы бір ғана тағамның құны. Немесе көшедегі дүңгіршекте бұған бір ғана дөнер келеді. Сондықтан да бұл ас түрі барған сайын танымал бола түсуде.

Осы орайда оқушы жастарды, сондай-ақ бюджеті шағын отбасыларды және жалғызбасты адамдарды арзан "тушенкамен" қамтып келген компаниялардың бірі – "Главпродукт" болатын. Оның кейбір консервілері қолданыс мерзімі аяқталып қалғанда тіпті қалбыры үшін 500 теңгеден сатылып жатады.

Би-Би-Си Ресейдегі осы белгілі консерві өндірушінің айналасында талас-тартыс өрбігенін хабарлады.

"Жалпы, "Главпродукт" – ресейлік билік уақытша басқару енгізген бірінші және жалғыз америкалық компания болып табылады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио оның тағдыры Америка мен Ресей арасындағы келіссөздерде талқыланатынын уәде етті. Бірақ ВВС анықтағандай, алып компания билікпен байланысты ірі ресейлік агрохолдингінің басқаруына көшіп кеткен сыңайлы", – деп хабарлады британдық басылым.

Консервілік компанияның қожайыны – АҚШ азаматы Леонид Смирнов құрған америкалық Universal Beverage Company болатын. Бүгінде РФ бас прокуратурасы Смирновтың Ресейдегі бүкіл активін тұтқындауға табандап отыр. Оның өтінішін Мәскеу төрелік соты қарайтын болды.

2025 жылғы 18 сәуірде Мәскеу төрелік сотының алдын ала отырысы өтті. Сонда РФ бас прокуратурасының өкілі қазіргі кезде "Главпродуктты" "Дружба народов" компаниясы басқаратынын мәлімдеді. Бұл жайында ВВС америкалық компанияға жақын дереккөздер біліпті.

"Ткачевтың агроөнеркәсіптік холдингінің құрамына кіретін "Мясокомбинат "Дружба народов" басқарушы компаниясы РФ бас прокуратурасының талапарызы бойынша "Главпродукттың" активтерін тұтқындау туралы істе үшінші тарап ретінде көрсетілген. Мұны Мәскеу арбитражының деректер базасы куәландырады", – дейді ресейлік журналист Ольга Шамина.

"Бізде әзірге "Дружба народовтың" неге осы іске қатысуға тартылғаны туралы ақпарат жоқ. Алдын ала, сот отырысында бас прокуратура өкілінің сөзінен білгеніміз, мемлекет "Дружба народовты" "Главпродукт" компаниялар тобын басқару бойынша мемлекеттік функцияларды орындаушы ретінде тағайындаған. Біз бұл компанияны кім тағайындағанын және бұған не негіз болғанын анықтауға күш саламыз", – деді Би-Би-Сидің "Главпродуктке" жақын дереккөзі.

Ақпарат құралдары олигарх Смирновтың – АҚШ Президенті Дональд Трамптың көп жылғы жақтаушысы екеніне назар аудартады. Ол журналистерге сұхбатында Трамп үшін тіпті үш рет дауыс бергенін айтып, айран-асыр еткен.

Енді өзіне тиесілі ресейлік консерві зауыттары айналасындағы қырықпышақ дауға америкалық биліктің назарын аудартуға тырысып жүр. Соған қол жеткізгендей көрінген.

Өткен наурыз айында америкалық Breitbart басылымының тілшісі Мэтью Бойлге сұхбатында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио "Главпродукт" проблемасы Америка және Ресей арасындағы келіссөздердің бір тармағына айналатынын айтты.

Алайда содан бері бірнеше келіссөз өтті. Журналист Бойл ресейдегі америкалық консерві зауыттарының тағдыры туралы Президент Дональд Трамптан сұрады. Трамп бұл туралы ештеңе естімегенін айтты, бірақ "Путин өте жомарт болатынына сенімді" екенін қосты.

Би-Би-Си түсініктеме сұрап, Кремльге жүгінді.

"Мұндай мәселелермен Үкіметке жүгінген жөн. Бұл біздің құзыретіміздегі шаруа емес. Мұндай мәселелермен Кремль айналыспайды", – деп шорт кесті Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

РФ үкіметінің баспасөз қызметінің басшысы Борис Беляков Би-Би-Сидің сұрауын жауапсыз қалдырыпты.

Өз кезегінде Universal Beverage Company қол қусырып қарап отырмай, 2024 жылдың соңында РФ президентінің әкімшілігіне шағыммен жүгінді. Ресейлік билік өкілдері жағдайға ресми түрде түсініктеме бермеді.

17 сәуірде, яғни, Рубио мен Трамптың келіссөздерден көңілі қалған сыңайдағы мәлімдемелерінен кейін Reuters агенттігі ресми хатқа сілтеме жасап, Ресей жағының "Главпродукт" өнімдерін майданға жеткізілім үшін пайдалануды жоспарлап отырғанын жазды.

Зауыттар қожайыны, АҚШ азаматы, Мәскеудің тумасы, 70-ші жылдары АҚШ-қа қоныс аударған Смирновтың айтуынша, бұған дейін компания өз өнімдерін, консервілерін армияға жеткізбей келді. Оның мәлімдемесіне фактчек жасаған Би-Би-Си де компания мен РФ қорғаныс министрлігі немесе басқа мекемесі арасында бекітілген тиісті контрактілерді таба алмапты.  

Америкалық Universal Beverage Company ресейлік "Промсельхозпродукттің" 100% акцияларына ие. Бұл компания "Главпродуктыны", сондай-ақ "Верховский молочный завод" АҚ-ы мен "Орелпродукт" АҚ-ын басқаратын еді. РФ үкіметі былтырдан бері оны осы кәсіпорындарын басқарудан шеттетті және оның мүлкін, есепшоттарын "Росимущество" иелігіне аударды.

Forbes мәліметінше, бүгінде "Главпродукттің" үш зауыты консервіленген сиыр етін (тушенка), қойытылған сүт (сгущенка), түрлі ботқа-кашалар мен паштеттер шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу