Қазақстандық туристер кездейсоқ Ресейден бір-ақ шыққан

3487

Шығыс Қазақстанның басты туристік объектісінің проблемалары әшкереленді.

Қазақстандық туристер кездейсоқ Ресейден бір-ақ шыққан Фото: canva.com

Егер жақсы жолдар болса және олар үнемі тазаланса, Бұқтырмада саяхатшылар қыста да демалатын еді.

Ресейлік дизайнер Дарья Белякова достарымен бірге Шығыс Қазақстан облысындағы "Алтай Альпісі" санаторийінде демалған екен, өзі куә болған оң және теріс тұстарын термеледі.

"Қыркүйекте демалдым. Қазақстанның табиғаты керемет! Тек әсем көріністі жолай кездесетін кеңестік үлгідегі қалалар, бейберекет салынып, қирап жатқан ауылдық елді мекендер бұзады. Санаторийге асқар тау мен ну орманның ортасынан ойып орын берген екен. Көздің жауын алар көркем көрініс! Керемет ләззат алдым. Тұмса табиғат аясында тынығып, қыдырғаннан жан рахаттанды. Бұл негізі тау-шаңғы курорты екен, сондықтан қыста да келу ойым бар. Емдеу процедуралары ұнады. Байлар пантоемдеуге көп келеді. Жұмыскерлері өз ісіне жауапты қарайтыны байқалды. Персоналы қонақжай. Асханасындағы тамағы да дәмді", – деді Дарья.

Ол ресейліктер арасында Шығыс Қазақстандағы, әсіресе, Алтайдағы демалыс өте танымал екенін айтады. Мұнда оларды арқан жолдар, балық аулау, маралдар жайлауына, тауларға экскурсиялар, түнгі алау жанындағы ән мен би кеші, мүйізбен және басқа табиғи заттармен емдеу, басқасы қызықтырады.

Сонымен қатар Белякова көңіліне кірбің түсірген жайттарға да тоқталды. Ресейлік туристтің айтуынша, турбазада ғимарат, нөмірлер, жиһаздар біраз ескірген екен. Жөндеуді талап етеді. Ескі төсектер, едендер сықырлап, мазаны алатынын қосты. Жарнамалық буклетте болған көңіл көтеру іс-шараларының көбі шындығында жоқ болып шыққан. Велосипед теуіп, атпен шапқысы келетіндердің сұранысы қанағаттандырылмаған. Айналада әртүрлі керек-жарақты, азық-түлікті, ұсақ-түйекті сатып алатын дүкеннің жоқтығы да жабырқатыпты.  

Саяхатшылардың үлкен бір бөлігі сол бұрынғыдай осы өлкедегі турбазаларға апаратын жолдардың нашарлығына шағымданды.

Осы орайда ШҚО кәсіпкерлер палатасының Туризм кеңесінде Бұқтырмада қысқы демалысты ұйымдастыру проблемалары қаралды. Туроператорлар туристік нысандарға бастайтын жолдардың қыс маусымында қардан аршылмайтынына қазірден алаңдаушылық білдіруде.

"Мысалы, өткен жылы Бұқтырма су қоймасына қарай жолдар қыс кезінде мүлдем тазаланбады. Қалың қар, мұз басып жатты. Салдарынан, бизнестің қызметін қиындатты", – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

"Вояж-Алтайский" ЖШС директоры Ирина Клиновицкая сол жолдарды тазарту үшін кәсіпкерлерге мамандандырылған техниканы дүркін-дүркін өз есебінен жалдауға тура келгенін жеткізді.

"Қыста жолдан қарды өзіміз аршыдық. Ал, бұл жолдар мемлекеттің меншігі. Егер олай жасамағанда, туристеріміз демалыс орнына жете алмай қалатын еді. Туроператорлар Бұқтырма су қоймасы, Қатон-Қарағай ауданы, Зайсан сияқты туристік тартымды бағыттарда биылғы қыста жұмыс істей ала ма, белгісіз", – деді Ирина Клиновицкая.

Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко алдағы қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстауға арналған қаражаттар былтырғымен салыстырғанда екі есе көп жоспарланғанын мәлім етті.

"Селезневка-Голубой залив, Жаңа Бұқтырмадан бастап, "Черемушки", "Березка" демалыс базаларына дейін, Шале Бале – Простор, Лаванда жолдарын тазарту қарастырылған. "Мохнатка" демалыс базасының жанындағы жолдар Цемент зауытының иелігінде. Бірақ болашақта оларды Алтай ауданының балансына алу жоспарланған. Соған дейін жолдарға олардың өздері қызмет көрсетеді", – деді Сергей Владимирович.

Охременко туристік объектілердің қожайындарынан жыл он екі ай жұмыс істейтін объектілердің толық тізімін құрып, әкімдікке ұсынуды сұрады. Сонда күш-құралдар қажетті жолдарды күтіп ұстауға ғана бағытталады. Ал, қыста турист бармайтын демалыс базаларына жолды аршу – бюджет қаржысын шашу болмақ.

Бұл ретте Қатон-Қарағай және Зайсан аудандарының әкімдері өздеріндегі туробъектілер республикалық маңызы бар трассалардың бойында орналасқанын, сондықтан тасжолдар тұрақты түрде тазаланатынын мәлімдеді. Қыста жұмыс істеуіне кедергі жоқ көрінеді.

Айтқандай, бұдан бұрын Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко демалыс базалары қожайындарының адал емес тірліктеріне назаланған болатын. Олар бизнесінен астатөк табыс алу үшін мемлекеттен өздеріне барлық жағдай жасауды талап етеді. Өз кезегінде мемлекетке барынша аз салық төлеу үшін статистикалық деректерін бұрмалайды, келушілердің бір бөлігіне қатысты мәліметтерді жасырады, қазынаға тым аз салық төлейді.

"Былтырмен салыстырғанда, біздің демалыс базаларының төсек орындарының толуы ресми статистикалары бойынша тағы 10% кеміді. Шынында оның бұлай емесін бәріміз білеміз. Себебі, демалыс күндері орынды броньдау, үй жалдау мүмкін болмай қалады. Аузы-мұрнынан шыға толады. Бір жыл ішінде берген статистикаларында нөмірлік қор 9 500-ден 9 000-ға кеміп кеткен. Сонда 500 бөлме қайда кетті? Жауап жоқ. Ресми мәліметтері бойынша бір жылдағы табысы небары 634 миллион теңге болыпты-мыс. Шын мәнінде, айналымдары бұдан әлденеше есе көп", – деген еді Сергей Охременко.

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқарма бастығының орынбасары Марат Қабақовтың мәліметінше, әкімдік Бұқтырма жағалауын дамытудың 5 жылдық бас жоспарын әзірледі. Оның аясында су қоймасына жақын аумақтарды қоса абаттандыруға болар еді. Дегенмен, демалыс базаларынан бюджетке қайтарым "жоқтың қасы" болып тұр.

Мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларына республикалық бюджеттен қосымша қаражаттар бөлу үшін өңір туристер санының қарқынды өсімін көрсетуге тиіс. Алайда демалыс базаларының ресми цифрлары өмір шындығынан алыс және өркендеуді емес, кері кетуді паш етеді. Қабақовтың дерегінше, 2023 жылғы жағдай бойынша Бұқтырма су қоймасының жағалауында ресми түрде тек 92 бизнес субъектісі тіркелген. Іс жүзінде бұл курорттық аймақта 500-ден астам субъект жұмыс істеп, өз қызметтерін жарнамалауда.

Бизнестің әкімқараларға да өкпесі, айтар шағымы жетерлік.

Мысалы, турфирмалардың басшылары көтерген бір мәселе де назар аудартады. Олар "Алтайдың алтын таулары" атты бүкіләлемдік мұраның, Алтай тауларының ең биік шыңы – Мұзтауға туристерді апарады. Осы бағытта трекинг-турлар, джип-турлар, жаяу саяхаттар ұйымдастырады. Белсенді демалысты сүйетіндерді тау басына ертіп шығады, арнайы жабдықтармен өрмелетеді.

"Altai pro" турфирмасының басшысы Вячеслав Орлов бастан өткерген хикаясын айтып берді. Ол ұйымдастырған, Мұзтауға шығуға аттанған туртоп қазақстандық ұлттық парктің ресми бекітілген соқпағымен жүріп келе жатқанда, оларды ресейлік шекарашылар ұстап алды. Сөйтсе, олар кездейсоқ Ресей аумағына ішкері еніп кетіпті.

"Бұл – ұлттық парктің төл соқпағы. Мен сонымен жүру құқығын ресми рәсімдедім, тиісті жарнасын төледім. Неге екені белгісіз, сол туристік соқпақ 60-70 метрдей Ресей территориясын басып өтеді екен. Бұл не үшін жасалған? Ол соқпақпен мыңдаған турист қозғалады, өйткені ол маңда басқасы жоқ. Соқпақты оңға қарай 100 метр жылжытып, толығымен Қазақстан жерімен жүретіндей етудің түк қиындығы жоқ. Оның үстіне бұған мемлекеттік бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінген. Ол қаржыға соқпақ бойында бағаналар, бағыттағыштар қойып қойған. Қасымызда Ұлттық парктің инспекторлары да болды", – деді Вячеслав Орлов.

Ресей тарапы "шекараны бұзушылар" ретінде рәсімдеп, кейін соттаған. Содан Орловқа айыппұл салып, 5 жыл бойы Ресейге кіруіне тыйым салып тастады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі кәсіпкерлерге туристік соқпақтардың бүкіл мәселесінің тізімін тізіп, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тапсыруға кеңес берді. Өз кезегінде әкімдік әрбір жағдайды жеке қарап, туристердің қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті ұсыныстар енгізуге уәде етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу