Қазақстандықтардың Мысырда демалуына соғыс та кедері емес

1673

Limon Travel компаниясының директоры Алмас Маратұлының айтуынша, осыдан бір ай бұрын Таяу Шығыста басталған соғыс қимылдары Израильдің туризмді дамыту жоспарына орасан нұқсан келтіріп, Мысырдың алаңдаушылығын тудырды.

Қазақстандықтардың Мысырда демалуына соғыс та кедері емес Фото: canva.com

Синай аралында жағдай тұрақты болғанымен, ал Шарм-Эль-Шейх бағытындағы рейстер Израиль мен Палестина үстімен ұшпайтынына қарамастан шетелдік туристер билеттерін өткізіп жатқан көрінеді, бірақ қазақстандықтар арасында ондай дүрбелең байқалмайды. 

Қыс мезгілінде жылы жаққа ұмтылатын қазақстандықтар үшін алдыңғы жылғыдай Таиланд, Вьетнам мен Индонезия басым бағыттар болып қала бермек, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Израиль қазақстандық туристер үшін танымалдылыққа ие бағыт деуге келмейді, бірақ осы жылы қажылық маусымның алдында Иерусалим екі ел арасындағы туристік байланысты нығайту үшін алғашқы қадам жасап, бірер ай бұрын ғана отандық туристік агенттіктермен белсенді жұмысқа кіріскен еді. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты барлық туристер елге қайтарылды, турлар тоқтатылды.  

"Соңғы жылдары Израиль пакеттік турлар жасап, чартерлі рейстер ашты, қазақстандық туроператорлар арқылы Қазақстанға турларды сатып бастаған болатын, тіпті, биыл біздің трэвел-блогерлерді шақырып, үлкен таныстырылым турын ұйымдастырды. Осыдан екі-үш ай бұрын ғана, соғыстың алдында блогерлер Иерусалим, Палестина аймқатарына сапар шеккен еді. Жарнама іске қосылып, туроператорлар енді жолдамаларды сатып бастаған кезде бәрі бір мезетте тоқтап қалды. Маркетинг, жарнамаға кеткен ақша зая болып, қазір израильдік туризмге орасан нұқсан келді. Қазір барлық рейстер тоқтатылып, тур ұйымдастыру тоқтатылды", – деді Алмас Маратұлы.

Сарапшының айтуынша, соғыс жағдайы Израильге ғана емес, жақын маңдағы елдерге де әсер еткен, мысалы, Мысырға баратын шетелдік туристердің саны азайған, бірақ Қазақстанда сұраныс тұрақты деңгейде қалды. 

"Енді Израильдің көршісі, қазақстандықтар жиі демалатын Мысырға қатысты айтар болсақ, бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай мәселе туындаған жоқ. Жақында ғана бір отбасына сол жаққа еш кедергісіз жібердік. ЖІӨ төмен, тек туризммен күн көретін Мысыр қыстық маусымға барынша дайындалып, Палестинадан келетін босқындармен шекарасын жабу арқылы күресіп жатыр. Дегенмен шет елден келетін туристер арасында сенімсіздік басым, бірақ қазақстандықтар арасында дүрбелең байқамадым", – деді сарапшы.

Ал "Бархатный сезон" компаниялар тобының басшысы Нұрия Башированың айтуынша, соғыс туралы хабар шыққан бойда Қазақстанда Мысырға деген сұраныс бірден 25-30%-ға түскен.

"Соғыс басталды деген ақпарат тараған бойда қазақстандықтардың Мысыр бағытындағы турларға деген сұранысы 25-30%-ға төмендеді. Туроператорлар ешқандай мәселе жоқ, туристердің демалысына кедергі келмейді деп сендіріп жатқанына қарамастан, адамдар жаңалықты естіп, шошып қалған. Әйтсе де Мысырға турлардың құны төмендеген жоқ, бірақ жолаушылар азайғандықтан, рейстер қысқарды", – деп атап өтті Нұрия Баширова.

Есесіне басқа бағыттарға сұраныс артты – негізінен қазақстандықтар Таиланд, Вьетнам, Үндістан сияқты Азия елдеріне саяхаттағанды ұнатады. Сондай-ақ БАӘ-ге сұраныс төмендеген жоқ, қазақстандықтар араб түбегіне сол баяғы қарқынмен ұшып жатыр.

"Қыс келіп, аяз қысқанда адамдар бірінші кезекте жылы жақты аңсайды, соған қарай туристік агенттіктер Оңтүстік-Шығыс Азия, Араб түбегі елдеріне турларды көбірек ұйымдастырады. Дәл бүгін, қараша айында ең ыңғайлы бағыт – Біріккен Араб Әмірліктері, өйткені онда қазір қатты ыстық емес, бірақ судың температурасы шомылуға жеткілікті. Ал қаңтар, ақпан айларында демалысты Шығыс Азия елдерінде – Таиланд, Вьетнам, Индонезия, т.б. жоспарлаған дұрыс. Мысырға жаз мезгілінен басқа уақытта бара беруге болады. Түркия маусымы мамырдан бастап, қазан айының ортасына дейін жалғасады. Отбасылық демалыс үшін таптырмас орын", – деп түсіндірді Алмас Маратұлы. 

Қазақстандық туристік қауымдастық жүргізген сауалнама нәтижелеріне назар аударсақ, біздің туристердің басым көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 35%-ы отбасымен, бала-шағасымен, қалған 25%-ы жұбайымен демалғанды жөн көреді. Отбасылық демалыстың ойдағыдай өтуі үшін сарапшы мамандардың көмегіне жүгініп, all inclusive пакетін таңдауға кеңес береді.

"Отбасымен демалыс тіптен бөлек. Менің берер кеңесім – балалармен демаламын десеңіз, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген жөн және all inclusive пакетін таңдаған дұрыс. Иә, оның бағасы қарапайым турлардан әлдеқайда жоғары, бірақ оның ішіне жататын орын, үш мезгіл тамақ, трансфер, ұшу билеттері, тіпті, кейде қосымша гид қызметі кіретінін ескеру керек. Біріншіден, сіз алдын-ала қанша қаражат жұмсайтыңызды білесіз, екіншіден, артық шығына батпайсыз, себебі турсыз шыққан кезде сол тамақтың өзіне біраз ақшаңыз кетуі мүмкін, оған қоса қонақ үйлердегі жатын орны қарапайым туристерге қымбат бағамен сатылады. Әрине хостелдерге орналасып, ақша үнемдеуге болады, бірақ балалармен жүргенде солардың ыңғайына қарай көсілесіз. Енді бағыттарға келер болсақ, қазір all inclusive ұсынатын елдер көп емес, арзандары – Түркия мен Мысыр, ал Араб әмірліктері қымбатырақ болады. Қазақстанда all inclusive жүйесімен жұмыс істейтін қонақ үйлер Ақтау (Rixos Water World Aktau, Holiday inn Aktau), Түркістан (Rixos Turkistan) мен Бурабайда (Rixos Borovoe) бар", – деп түйіндеді сарапшы. 

Жалпы кейінгі кездері шетел асып, демалысын өзге елде өткізетін қазақстандықтардың саны артты. Оған Ұлттық статистика бюросының деректері дәлел болып отыр. 2023 жылдың І тоқсанында шетелге 1,4 миллион қазақстандық шықты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66 пайызға артық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу