Қазақстанға электромобиль тасудың қыр-сыры анықталды

3726

Шетелден электрмен жүретін көлік әкелгендер баж алымын да, бірқатар өзге салықты да төлемейді. Бірақ гәп-ньюанс бар. 

Қазақстанға электромобиль тасудың қыр-сыры анықталды Фото: kapital.kz

Елімізде 1 шілдеден бастап автогаз жаппай қымбаттайды. Себебі сұйытылған мұнай газының шекті құны бірден 20% көтеріледі: әрбір тоннасы қазіргі 33 600 теңгеден 40 320 теңгеге дейін өседі. Бұған қосылған құн салығы да үстемеленеді. Осының алдында 5 өңірде автогаз (СМГ) бағасы күрт көтерілді. Осылайша, биылдан бастап газбен жүретін көліктерді пайдалану шығыны артады.

Бұған қоса, жыл басынан бері бензин 10%-дан астамға, ал дизель – 20% қымбаттап шыға келді. Үкіметтегілер мұндай қадам ішкі отын нарығын тұрақтандыру және Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмашылығын төмендету үшін қажет деп шешті. Тиісінше, республикада бензин мен дизельді отын көмегімен қозғалатын автомобилдер де қожайынының қалтасын қағады.

Нәтижесінде электромобильдер қалады. Электр қуаты көптеген өңірде жеке тұлғалар үшін салыстырмалы түрде алғанда арзандау күйде қалып тұр. Ал заманауи электрлі көліктерді қарапайым розеткалы электрлік ұзартқышпен (пилотпен) де қуаттандыра салуға болады. Ол үшін арнайы қуаттандырғыш станцияларды сабыла іздеп жүру қажет емес.

Алматылық студент және банк қызметкері Ерлан Райым қазіргі сәнді трендтерден қалыспай, заманмен бірге адымдауды жөн санайтынын айтады. Қызмет орнына велосипедпен, электросамокатпен баруды жөн санайды.    

"Дос қызым жақында элетромобиль иелерінің думан-тусовкасына ертіп барды. Содан бері көліктің осы түріне ауысуды ойластырып жүрмін. Таза көлік, табиғатты ластайтын эмиссиясы – нөл. Әрі шетінен әдемі. Ақша үнемдеуден де кетәрі емеспін, жанар-жағармай тоқтаусыз өсуде. Жаңа таныстарым шетелден қалаған электромобильді айдап әкелетін кісілердің байланыс нөмірлерін берді. Хабарласып, каталогын алдым. Енді пікір жинап, таңдаймын. Егер үлгерсем, бұл көлік түрі үшін баж бен көлік салығын да төлемеймін", – дейді Ерлан.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің маманы Мақсат Ақмұратов кеденде электромобильді тегін рәсімдеуге болатынын растады.

Оның айтуынша, бұл үшін біріншіден, ол адам Қазақстан азаматы болуға, екіншіден, елімізде тұрақты тұруға тиіс. Сонда азаматқа өмірінде 1 электромобильді жеке пайдалану үшін әкелуіне рұқсат етіледі: бұл үшін ол кедендік баждарды және салықтарды төлеуден босатылады.

Бұл мүмкіндік Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы "Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты жекелеген мәселелер туралы" №107 шешімінің 3-қосымшасының 9-тармағында қарастырылған.

Мүмкіндікті қалай пайдалануға болады?

"Кедендік рәсімдеуден өту үшін Қазақстан азаматы кеден бекетінің инспекторына жүгінуі керек. Ол Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжатын, көлікке меншік және қолдану құқығын растайтын құжатын ұсынуға тиіс. Сондай-ақ ол аталған тауарға ілеспе құжаттарды, соның ішінде CMR, тауар-көлік жүкқұжатын, инвойсты, көлік құралының паспортын көрсетуі қажет. Азамат жолаушылардың кеден декларациясын өз қолымен толтырады. Бұл ретте декларация бланкісін алуға және декларацияны толтырып, тапсыруға да ешқандай ақшалай төлем жасау қажет емес", – деді маман.

Ол электромобилді тегін рәсімдеген азаматтарға 1 шектеу енгізілетінін еске салды: кедендік тазарту уақытынан бастап 3 жыл ішінде осы көлікті Ресей азаматтарына немесе Ресейде тұрақты тұратындарға сатуға, солардың пайдалануына беруге, билік ету құқығына тапсыруға тыйым салынады. Үш жылдан соң оған да рұқсат.

Бірақ Ерланның "биыл үлгерсем" деп отырғаны бекер емес.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл жерде Қазақстанның өзі Еуразиялық одақтың шектеуіне ілігіп отыр. Содан Кеден одағының Бірыңғай кедендік тарифінің 7.1.38 пунктіне сәйкес, Қазақстан азаматтары шетелден қалаған көлемде электромобиль әкеле алмайды. Еуразиялық одақ Қазақстанның жеке тұлғалары үшін қатаң квота бекітті. 2023 жылы біздің азаматтар тек 15 мың дана электромобилді ғана алым, салықсыз әкелуге құқылы.

Салықшылар бұл квота жылда тез таусылып қалатынын ескертеді. Сондықтан сырттан электрлі көлік әкелмес бұрын алдымен жергілікті мемкірістер органына жүгініп, квотаның бар-жоғын анықтап алыңыз.

Қазақстанда электромобильдер тасумен айналысатын фирмалар мен жеке тұлғалар саны жыл санап көбейіп келеді. Инстаграм тиісті хабарландыруға толып тұр. Бірақ арасында алаяқтардың да барын ұмытпаған, әбден тексерген, өзге клиенттерінің пікірін білген жөн. Осы іске маманданған астаналық компанияның өкілі Дамир қазақстандықтар арасында АҚШ пен Қытай электромобилдері танымал екенін айтады. Мысалы, қытайлық жол талғамайтын сәнді, салтанатты көліктердің су жаңа моделінің құны 57 мың доллардан (25 млн теңгеден) басталады. Ұсталған электромобильдер, әрине, арзанырақ тұрады.

Бүгінде бірқатар қазақстандық фирмалар шетелдік ірі автоорталықтармен, салондармен және аукциондармен тікелей ынтымақтастық құруда. Бұларда көлік түрін іріктеумен және жеткізумен майталман мамандары айналысады. Кейбір фирма квотаға алдын ала кіргізу қызметін де көрсететін көрінеді.

Біле жүріңіз: лайфхак, кеңестер

Дамирдің мәліметінше, фирма эксперттері шынымен білікті болса, онда мысалға, Америкадан жеткізілген машина Қазақстанда сатылатын автоға қарағанда 40%-ға дейін арзанға түсу мүмкін.

Бірақ алаяқтарға тап болып, аузы күйіп жатқандар да жетерлік.

Көліктер шетелден теміржолмен де, тіпті ұшақтармен де тасылады. Бірақ жалпы алғанда, ең танымал тәсілі – Каспийдегі теңіз порты арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген автокөліктер арнайы автовозбен теңіз портына жеткізіледі. Сонда жұмысшылар машиналарды мамандандырылған тасымал контейнеріне орналастырып, бекітеді. Ары қарай контейнерлер жүк кемесіне тиеледі. Ақырында Ақтау портына жеткізілуі мүмкін.

Дегенмен әсіресе, Батыс елдерінен көлік тасу ұзақ уақытты алады. 30 күннен асуы мүмкін. Кезек зор болса, одан да ұзайды. Жеткізудің нақты мерзімін компанияның менеджерінен нақтылаған жөн.

Қалай болғанда, теңіз арқылы әкелу – барынша сенімді, қауіпсіз тасымал түрі саналады. Мамандардың мәліметінше, аса қымбат және  ретро автомобильдер жеке контейнерде тасылады. Ал өзге көліктердің бірнешеуі 40, 45 футтық бір тасымалдау контейнеріне тоғытылады.

Бірқатар компания клиентіне контейнердің түрін таңдауына мүмкіндік береді.

Жиі қолданылатын контейнердің түрі:

  • Стандартты 20 футтық контейнер. Ішкі мөлшері: ұзындығы – 5,89 метр, ені – 2,33 метр, биіктігі – 2,38 метр. Көлемі – 33,18 текше метр. Рұқсат етілген ең жоғарғы жүктелуі – шамамен 19 тонна.
  • Стандартты 45 футтық контейнер. Ішкі мөлшері: ұзындығы – 13,56 метр, ені – 2,35 метр, биіктігі – 2,70 метр. Көлемі – 86 текше метр. Максималды жүктелуі – шамамен 27 тонна.
  • Биіктігі арттырылған 40 футтық контейнер. Ішкі мөлшері: ұзындығы – 12,01 метр, ені – 2,33 метр, биіктігі – 2,69 метр. Көлемі – 76,28 текше метр. Ең жоғарғы жүктелуі – шамамен 22 тонна.

Бұлардың барлығы тек жеңіл көліктерді әкелуге есептелген. Ауыл шаруашылығы техникасы басқасымен тасылады.

Мамандар жеткізу құны мемлекетіне, көлік маркасына қарай әртүрлі болып келетінін жеткізді. Демек, оны да менеджерден анықтап алған жөн. Беделді жеткізушілердің сайттарында "жеткізу калькуляторы" бар. Автомобиль порттарға неғұрлым жақын болса, жеткізу бағасы да соғұрлым арзанға түседі.

Барлық фирмаларға ортақ баға саясаты не тарифі жоқ көрінеді. Әрбір тасымалдаушы компания өз бағасын әралуан қағидаттарға негіздеп, әртүрлі қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан бір компаниямен немесе жеке тұлғамен кездесіп, соның айтқанына көніп, ығына жығыла салмай, көлік таситын бірнешеуімен келіссөз жүргізген абзал. Кейбір тасымалдаушылар жеткізу тарифінде тіпті автоның маркасын ғана емес, оның жасын да қосады. Салдарынан бағасы қатты құбылуы ғажап емес. 

Сарапшылар тасымал шығыстарының бастапқы аталған құны ақыр соңында өзгеріп кетуі ықтимал екенін қаперге салады. Бұған түрлі фактор ықпал етіп жатады. Мысалы, егер автомобилдің барлық қажетті құжаттары толық болмаса, талап етілген қағаздары жеткенше жүктің портта қаңтарылып тұрып қалуына қатысты қосымша шығыстар туындайды.

Әрбір мемлекеттен жеткізілетін көліктен нақты қандай құжаттар тізімі талап етілетінін алдын ала білген жәнф сақадай сай еткен маңызды. Мұны да маман түсіндіруге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу