Қазақстанның экономикалық жағдайына қатысты шындықтар жария болды

5380

Республикаға төнген қауіп-қатерлер, оның әлеуметтік-экономикалық жай-күйінің осал тұстары белгілі болды. 

Қазақстанның экономикалық жағдайына қатысты шындықтар жария болды Фото: www.aa.com.tr

Ұлттық банкті басқарып тұрғанда Әнуар Сайденов, 2006 жылдан бастап мерзімді негізде "Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есепті" жариялау дәстүрін енгізген болатын. Еліміздің қазіргі бас банкирі Тимур Сүлейменов сол дәстүрді бұзбай, кезекті есепті жариялады.

Құжатта еліміздің қаржылық тұрақтылығын айқындайтын жүйелік қауіп-қатерлерге және негізгі сыртқы және макроэкономикалық факторларға кешенді талдау жасалады, эксперттік баға беріледі. Қаржылық реттеу шаралары талданып, бизнес-ортаның дамуына қатысты мәселелер көрсетіледі.

"Проблема көтердің бе, шешімін де айт!" деген бар. Бірақ монетарлық реттеуші бұған келгенде түлкібұлаңға салып, тайқып кетті.

"Есеп тек қаржы жүйесінің осалдығының мейлінше маңызды факторларына назар аударады. Оларға мән беру және талқылау сайып келгенде, тәуекелдерді реттеудің неғұрлым тиімді құралдарын іздеуге бастауға тиіс. Есеп беру аясында Ұлттық банкі тек қаржылық тұрақтылық саласындағы зерттеулер мен тәуекелдерді талдау нәтижелерін елге тарату бойынша міндет қойды", – деп түсініктеме берді ҚР ҰБ.

109 беттік, көлемді есепті зерделеудің өзі экономика, қаржы секторы және халық тұрмысы туралы біраз ойға жетелейді.

№1 ой: Халық доллардан бас тартуда, ал, байлар долларға құмар

Ұлттық банктің байламынша, Қазақстанда долларизация деңгейі соңғы 16 жылдағы ең төменгі межеге, минимумға жетті. Бұл ретте валюталық салымдар үлесінің айтарлықтай төмендеуі бөлшек және корпоративтік сегменттерде де байқалады.

Корпоративтік секторда долларсыздану бөлшек секторға қарағанда белсендірек болды: мәселен, заңды тұлғалар бойынша валюталық депозиттер үлесінің ең көп құлдырауы ағымдағы шоттарға және талап етілгенге дейінгі салымдарға тиесілі болды: 13,3 пайыздық тармаққа құлдырап, 43,1%-ға дейін түсті. Бөлшек сегментте доллардан арылу мерзімді және шартты салымдар есебінен болды: 10,9 пайыздық тармаққа шегініп, 28,6%-ға дейін төмендеді.

ҚР ҰБ бұқараның өз қолындағы долларын айырбастап, сыйақысы жоғары теңгелік депозиттерге салуға жүгіргеніне, бай-бағыландар болса, керісінше, долларын сақтағанына назар аудартты.

"2023 жылы долларлану деңгейі мен депозит мөлшері арасында оң байланыс байқалды: салымдағы сома неғұрлым көп болса, оның долларлану деңгейі де соғұрлым жоғары болды. Мысалы, сомасы 1 млн теңгеге дейінгі жинақтарда доллардың үлесі 5,9%-ға дейін кеміді. 500 миллион теңгеден асатын депозиттерде доллардың үлесі 63,8%-дан асады", – деп хабарлады Ұлттық банк сарапшылары.

Дегенмен, бұрынғы жылдарға қарағанда, 2023 жылы депозиттердің барлық топтарында долларлану төмендеген. Ең үлкен төмендеу көлемі ірі салым топтарына тиесілі. 50 миллионнан 500 млн теңгеге дейінгі депозиттерге валюталық салымдардың үлесі 10,8 пайыздық тармаққа азайды. 500 млн теңгеден асатын салымдарда валюта үлесі 10,5 пайыздық тармаққа кеміді. Соған қарамастан, бұл топтарда валюталық шоттардың үлесі бәрібір басым деңгейде қалды.

Бұқара сенген ұлттық валютаға байлар сенбейтінге ұқсайды. "Кімнің патриоттығы жоғары?" деген сауалға жауап іздеген зерттеушілер осы дерекке де назар аударса болады.

№2 ой: Халықтың жинағы өсті, ұлттық компаниялар ақшасын әкетуде

2023 жылы қазақстандықтардың депозиттерге салған қаражатының нетто-ағыны 4,8%-ға немесе 160 миллиард теңгеге ұлғайды.  Яғни, халықтың депозиттерге енгізген қаржысы одан алып қойған ақшасынан осыншағы асып түсті. Қазақстандықтар жинағын теңгеде сақтауды жөн көреді: бір жыл ішінде жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттерінің көлемі 3 трлн 758,4 млрд теңгеге дейін немесе 68,5%-ға ұлғайды.

Ұлттық банкке сенсек, банкке чемодан толы ақшамен келетіндер көбейіпті: негізгі өсім сомасы 10 миллионнан 50 млн теңгеге дейінгі депозиттердің ашылуы (жылдық өсімі +52,5%), 50 миллионнан 500 млн теңгеге дейінгі депозиттер (13,4 есеге өсті) есебінен қамтамасыз етілген.

Валюталық депозиттерден валютаның әкетілуі 0,25 есеге ұлғайды: олардан 273,9 млрд теңгеге барабар сома шешіп алынған.

Жоғары аудиторлық палата "Самұрық-Қазына" қоры тобының, ұлттық компаниялар мен мемұйымдардың қаражатты экономика мен әлеумет игілігіне жарату орнына банкке депозитке салып, ақша табатынын сынап келеді. Сыннан нәтиже шыға бастағандай.

"Банк жүйесінің квазимемлекеттік секторға тәуелділігі төмендеп келеді. Үздік 25 ірі кредитор бойынша деректер талданды. Соның негізінде белгілі болғандай, 2023 жылы квазимемлекеттік сектордың шетелдік валютадағы 1 трлн 284,2 млрд теңгеге барабар және ұлттық валютадағы 152,5 млрд теңге депозиттері әкетілген. Корпоративтік сектордағы басқа заңды тұлғалардың, компаниялардың депозиттері керісінше, ұлттық валютада 224 млрд теңгеге және шетел валютасында 351,2 млрд теңгеге өсті", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

№3 ой: Әлемде дағдарыс байқалады, Қазақстанның қарқыны жақсы

Ұлттық банк сарапшыларының пікірінше, 2023 жылы инфляцияның және отандық валюта нарығындағы құбылмалылық деңгейінің төмендеуі монетарлық сектор тәуекелдерінің төмендеуіне ықпал етті. Қаржы секторының тәуекелдері – долларланудың төмендеуінің жалғасуы, қаржы ұйымдарының пруденциялық нормативтерді сақтауы, сондай-ақ қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың төмендеуі аясында төмен болып қалды. Корпоративтік сектордың тәуекелдері жоғары болып тұр, бұған өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқынының төмендеуі және кәсіпкерлік сенімділік индексінің нашар болуы әсер етті.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, жаһандық экономиканың өсуі 2022 жылғы 3,5%-дан 2023 жылы 3,2%-ға дейін құлдырады. 2024 жылы жаһандық экономиканың өсуі 3,2% деңгейінде ғана күтілуде. Ендеше стагнация басталған. Бұған әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы, сондай-ақ дамыған экономикалардың өсуінің баяулауы түрткі болды. Экономиканың жаһандық өсімі төмендегеніне қарамастан Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны жаһандық экономиканың өсімінен жоғары: еліміздің ЖІӨ-сінің нақты өсімі 2022 жылы 3,2%-ды құрады, 2023 жылдың қорытындысында 5,1%-ға дейін артты.

"ХВҚ деректеріне сәйкес, 2024 жылы 4% деңгейінде Қазақстан экономикасының қалыпты өсу қарқыны сақталады деп күтілуде. 2023 жылы өсуді тежейтін факторлар қатарында мұнай бағасының 17%-ға төмендеуі, сондай-ақ экономиканың жаһандық өсуінің баяулауы болды. Ең жоғары өсім құрылыс (13,3%), көтерме және бөлшек сауда, автомобиль мен мотоцикл жөндеу (11,3%), ақпарат және байланыс (7,1%), көлік және қоймада сақтау (7,1%), баспананы жалға беру және тамақтану қызметін көрсету (6,5%) салаларында байқалды. Ауыл шаруашылығы секторы бойынша теріс динамика тіркеліп, 2023 жылы 7,7% төмендеді (2022 жылы 9,1%-ға өскен еді)", – деп хабарлады Ұлттық банк. Биыл астық мол болса, бұл сектор да жақсы өсім көрсетуге тиіс.

№4 ой: Қазақстан – жалдамалы жұмысшылар елі, кәсіпкерлік те күшейді

Ұлттық банк пандемиядан кейінгі кезеңде, 2023 жылы халықтың нақты табысы қалпына келгенін айтады, бірақ өсім тым мардымсыз: 2023 жылы 4-ші тоқсанда 3,7% өсті.

Кірістер құрылымында айтарлықтай өзгерістер байқалмады: Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі – 65,2 пайызы сол бұрынғыдай біреуге жалданып, жұмыскер ретінде табыс табуды қолай көреді. Сонымен бірге, елдің жәрдемақы және басқа әлеуметтік төлемдер түрінде алатын табысының үлесі 2020 жылғы 27,2%-дан 21%-ға дейін құлдырады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың табысының үлесі тым төмен: он пайызға да жетпейді. Бұл қайта өскендегісі: бір жылда 21,7%-ға артты. Бұл динамика, сарапшылардың пікірінше, кәсіпкерлік қызметтердің жанданғанын дәйектейді. Сонымен қатар, осы санатқа жеке адамдардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан түскен кірістері кіреді, бұл еліміздің ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділікке көбірек араласа бастағанын айғақтайды.

"Жалдамалы жұмыстан түскен кірістің үлесі жыл бойы өзгерген жоқ, шамамен 65,2% деңгейінде қалды. Кірістер құрылымындағы әлеуметтік трансферттердің үлесі жыл соңына қарай 21%-ға дейін төмендеуін жалғастырды. Бұл динамика пандемияға байланысты табысынан айрылған азаматтарға көмек көрсету аясында жәрдемақы төлеу көлемінің және басқа да қолдау шараларының азаюымен түсіндіріледі", – делінген Ұлттық банк есебінде.

№5 ой: Теңге құнсыздануда, бірақ жоғарғы асуы алыс

Доллардың теңгеге шаққандағы бағамның ең жоғары мәні 2022 жылғы наурызда орнағаны белгілі: сонда 1 доллардың құны 512,19 теңгеге дейін шығандады. 2024 жылғы 12 қыркүйекке белгіленген Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 1 доллар 477,62 теңге тұрады. Ал, 2023 жыл керісінше, ревальвация жүрген жыл ретінде есте қалмақ.

"2023 жылдың соңында "теңге–доллардың" ресми айырбастау бағамы бір жылда 8 теңгеге немесе 1,7%-ға нығайып, 1 доллардың бағамы 454,69 теңге болды. Жыл ішінде ресми айырбастау бағамының ең жоғарғы мәні 482,24 теңгені, ең төменгі мәні – 431,06 теңгені құрады", – делінген есепте.

Еркін және өзгермелі айырбастау бағамы аясында ұлттық валютаның айырбастау бағамы нарыққа қатысушылардың консенсусын, сондай-ақ олардың макрошоктар әсеріне қатысты күтуін көрсетеді. 2023 жыл – алдыңғы кезеңдердегі бірқатар сыртқы және ішкі шоктардан кейін тұрақтандыру кезеңі болды. Бұл Ұлттық банк тарапынан валюталық интервенциялар жасауды талап еткен жоқ.

2023 жылы Қазақстан қор биржасында күн сайын сатылған валютаның орташа көлемі 151 млн АҚШ долларын құрады. Ең жоғарғы мән 290 млн доллардан асты. 2021–2023 жылдар аралығында биржадан тыс нарықта барлық валюта бойынша сауда-саттық 13 трлн 466 миллиардтан 52 трлн 794 млрд теңгеге дейін – 4 еседен астамға өсті.

Inbusiness.kz таяуда қазақстандықтардың рубльден бас тартып жатқанын жазды. Мұны Ұлттық банктің деректері де растады. 2022 жыл Ресей валютасының Қазақстанда дәуірлеген жылы болды: RUB/KZT жұбы бойынша сауда көлемі 1 триллион 350 млрд теңгеге жетті. Бұл ел тарихындағы ең үлкен көлем екен. Содан кейін 2023 жылы аталған жұп бойынша сауда көлемі бірден 4 еседен астам төмендеп кеткен.

"2022 жылғы қаңтар оқиғасы және 2022 жылғы ақпанда Ресей–Украина арасында басталған геосаяси қақтығыстың шиеленісуі Қазақстанның валюта нарығына әсер еткен ең үлкен шоктар болды. ҚР ҰБ сол жылғы бірінші жартыжылдықта интервенциялар жүргізді. 2022 жылы нетто-интервенциялар көлемі 1,4 миллиард долларға жетті", – деп атап өтілген Ұлттық банк есебінде.

Алдағы кезеңде қандай "шоктар" болатыны белгісіз. Биыл теңгені күрт құнсызданудан Үкіметтің Ұлттық қордан миллиардтаған доллар алып, биржаны валютамен тоқтаусыз молықтыруы ғана ұстап тұр. ҚР ҰБ есебінде 2023 жылы Ұлттық қордан валютаны сату көлемі 4 триллион теңгеге жеткені айтылған. Сөйтіп, 2022 жылмен салыстырғанда 2 еседен артық ұлғайды. Конвертациялаудың жалпы көлемі 2022 жылы – 4,3 млрд, 2023 жылы – 9,5 млрд долларды құрады.

Бұған қоса, былтыр Үкімет Ұлттық қордың 1,3 триллион теңге қаржысына "ҚазМұнайГаздың" акцияларын сатып алды. Салдарынан, 2023 жылы Ұлттық қорды шығындауда рекорд орнатылды. Биыл бұл рекорд та бұзылмақ. Алайда 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, Ұлттық қор үшін ең күрделі жыл – келесі жыл болғалы тұр. 2025 жылы қордан кем дегенде 5,3 триллион теңге алып қойылады деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу