"ҚазМұнайГаз" компаниялар тобында президенттік кадр резервіне енген 11 білікті маман қызмет етуде

4270

Өткен аптада елордада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшылығы президенттік жастар кадр резервіне енген білікті мамандармен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"ҚазМұнайГаз" компаниялар тобында президенттік кадр резервіне енген 11 білікті маман қызмет етуде

Жиынға "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев, "QazaqGaz" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, сондай-ақ Қордың басқа да портфельдік компанияларының басшылары мен президенттік жастар кадр резервіне енген үміткерлер қатысты.

Алмасадам Сәтқалиев бүгінде Қазақстанда адам капиталын дамыту маңызды екенін атап өтті. Осы орайда Құрманғазы Есқазиев президенттік кадр резервінің маңызына тоқталып, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында қанша үміткер жұмыс істеп жатқандығын айтты.

"Президенттік жастар кадр резервіне қатысып, одан өту үлкен жетістік болып саналады. Олар өз саласының үздік маманы деп ойлаймын. 2020-2022 жылдары аталған резервке "ҚазМұнайГаз" АҚ компаниялар тобының 17 қызметкері енді. Бүгінде оның 11-і компанияда еңбек етуде. Қалған 6 жас маман басқа ұйымдарға ауысып кетті", – деді "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, қазіргі таңда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатының 25%-ын өндіріп, көмірсутектің 81%-ын өңдеп отыр. Компания 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде мұнай өндіру 7,4 млн тоннадан 21,6 млн тоннаға дейін ұлғайды.

"Қазіргі таңда "ҚазМұнайГаз" АҚ компаниялар тобында 44 мыңнан аса адам еңбек етеді. Оның 12%-ы – 30 жасқа толмаған қызметкерлер", – деді Қ. Есқазиев.

Құрманғазы Есқазиев бүгінде технология қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

"Сондықтан заман талабына сай болу үшін нарықта әсіресе тың идеясы бар мамандар әрдайым сұраныста болады. Осында жиналған әрқайсысыңыз компаниямыздың болашағын жарқын етуге, оны дамытуға өз үлестеріңізді қоса аласыздар", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Ол "ҚазМұнайГаз" АҚ басшылығы президенттік кадрлық резервке енген жастардың жұмысқа орналасуы мен қызметте өсуін үнемі бақылауда ұстайтынын жеткізді.

"2013 жылдан бастап ұлттық компанияға құрамындағы ұйымдарда жұмыс істедім. 2019 жылдың соңында президенттік кадрлық резервке алынғаннан кейін Батыс Қазақстан облысындағы "Урал Ойл энд Газ" компаниясында басшылық қызметке тағайындалдым", – дейді "Урал Ойл энд Газ" ЖШС бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Азамат Асанов.

Ол Нұр-Сұлтаннан Оралға көшкеніне еш өкінбейтінін, резервке өткеннен кейін жаңа мүмкіндіктер ашылғанын айтты.

"Жасым 32-де. Алматыдағы КИМЭП университетінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алдым. Кейін "Болашақ" бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Иллинойс университетінде магистратураны бітірдім. 2019 жылдың соңында президенттік кадрлық резервіне өттім. Барлығы әділ болды", – деді маман.

Азамат Асанов компанияда қандай мәселелерге жетекшілік ететініне тоқталды.

"Біздің компания 2008 жылы ашылған "Рожковское" кен орнын жайластыру, алдағы уақытта пайдалануға беру жұмыстарын жүргізуде. Мен мемлекеттік атқарушы органдармен өзара жұмыс істей отырып, жер алу, салық төлеу, міндеттерді орындау мәселелеріне жауап беремін", – деп сөзін түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу