Қазығұрттың басында цемент қалған

6534

Киелі жердегі қазба байлықты игерушінің тым терең қаза бастауы тұрғындарды дүрліктірді. 

Қазығұрттың басында цемент қалған

Бұл аңызға айналған өлке туралы "Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?" деген тәмсілді әрбір қазақ біледі. Дегенмен, бұл жер тек киелі ғана емес, қазыналы да.

Дабыл қаққан жергілікті белсенділердің мәліметінше, қазіргі кезде Түркістан облысының Төлеби және Қазығұрт аудандарының аумағында орналасқан Қазығұрт тауының етегін мекендеген 30-ға жуық ауыл-кент экологиялық проблемаға душар болды. Әсіресе, бұдан Төлеби ауданының "Кемеқалған" ауылдық округіне қарасты 6 ауылдың тұрғындары көп зардап шегуде екен, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, "Кемеқалған" ауылдық округінің Ақбастау ауылына жақын жерде құрылыс материалдарын өндіретін 2 карьер – "Северный" және "Южный" жасанды "қазаншұңқырлары" орналасқан. Екеуінің де өнімі Шымкент қаласындағы цемент зауытына тиесілі.

"Киелі Қазығұрт" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Қасымбаевтың айтуынша, "Северный" карьері сонау 1959 жылдан бері жұмыс істеуде.

"Яғни, осы жерден кен алып жатқанына 62 жыл болды. Сол кездегі білікті мамандар жасаған жобаға сүйенсек, осы жерден тас алу тек 50 жылға ғана жоспарланған. Бұл ретте жергілікті жер бедеріне және экологияға нұқсан келмеуі үшін қазу тереңдігі теңіз деңгейінен 900 метрден төмен түспеуге тиісті. Осылайша, 1993 жылғы экология сарапшыларының берген қорытындысына сәйкес, 913 метр тереңдікке жеткенде тоқтатылуы керек болатын. Енді қараңыз: қазіргі кезде оның тереңдігі 950 метрден асып кетті", – дейді Асқар Есімбайұлы.

Оның дерегінше, осы кезеңде Қазығұрт тауы аумағында 50-ден астам бұлақ суалып, су көздері жойылды. Бұрын таудан арқырай ағатын өзен сарқылған.

"Бүгінде Қазығұрт тауының аумағындағы елдімекендер су көздерінен айырылып, ауызсу тапшылығына кезікті. Сонымен бірге, осы аралықта көптеген табиғи өсімдіктер мен жануарлар түрі жойылды. Қорқыныштысы сол, пайдалы қазбаларды өндіру үшін қаншама жарылыс жасалады. Салдарынан жергілікті халық шаң жұтып отыр, ал олардың тұрғын үйлерінің қабырғалары теңселіп, жарылып кетуде. Бұзылғандары да бар", – деді жергілікті тұрғын.

"Кен қазушылар ауыл мен бейітке төніп келді"

Ауылдықтар бұдан адамға да, табиғатқа да үлкен залал келуде деп алаңдайды.

"Бұлай бара берсе, киелі Қазығұрт тауы болашақта тау қалпынан айырылып, шөгіп, күйреуі ғажап емес. Қазір осы карьерден германиялық құрылыс материалдарын шығаратын "HeidelbergCement" тобына қарасты "ШымкентЦемент" АҚ-ы пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруде. "ШымкентЦемент" осы іс-әрекеттері арқылы Қазақстанның экология саласындағы және өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын бұзып отыр", – деді Асқар Қасымбаев.

Белсенділердің байламынша, біріншіден, инвестор "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінің 25-бабының талаптарын сақтамауда. Ол бапта "елді мекендер жерлерінің аумағында және оларға 1 мың метр қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге тыйым салынады" делінген. Ал "Северный" карьері Ақбастау ауылына төніп тұр. Тым жақын.

Екіншіден, компания елді мекенді ауыз сумен қамтуға арналған жерасты суларын пайдаланып жатыр. Үшіншіден, "Северный" карьерінің ата-бабаларының қабірлері мен зираттарының үстінде орналасқаны тұрғындарды алаңдатады. Ең құрығанда, 100 метр қашықтықта жатса дегенді алға тартады. Төртіншіден, жергілікті жұртшылық "қоршаған ортаны, экологиялық, рекреациялық құндылықты білдіретін аумақтар мен объектілерді сақтау, экологиялық заңнамаларды сақтау жөніндегі міндеттер" орындалмай отырғанын айтады.

"Бізде Түркістан облысы әкімшілігі мен "ШымкентЦемент" акционерлік қоғамы арасында соңғы жасалынған келісімшарт жөнінде де мәліметтер жоқ. Бұл ретте экологиялық сараптаманың жүргізілгенін не жүргізілмегенін де білмейміз. Яғни, заңға сәйкес, әкімдік пен жауапты органдар жергілікті халыққа экологияға қатысты мүлдем ақпарат бермеген. Біз бұл жерде "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңы да бұзылып отыр деп санаймыз. Өйткені бұл аумақта "Көзді ата" киелі обьектісі орналасқан. Ол тарихи-мәдени мұра ретінде қорғауға жатады", – деді тұрғындар.

Жалпы Қазығұрт тауы жақта 10-ға жуық тарихи нысан мемлекеттің қорғауында. Алайда іс жүзінде биліктің қорғап отырғаны басқа сияқты.

"Киелі Қазығұрт" бірлестігінің төрағасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке жазған арызында ұлттық заңнама талаптарын басшылыққа ала отырып, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында "соған қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салуды" талап етті.

Айтпақшы, Нұр-Сұлтанға жүгінбес бұрын белсенділер Түркістан облысы аясында жергілікті органдарға, экологияны сақтауға жауапты ұйымдарға өтініш жолдапты. Бірақ мәселелер шешімін таппаған.

Министр сонда не деді?

Еліміздің бас экологы бұл шағымға үн қатты. Оның мәліметінше, "ШымкентЦемент" АҚ-ның өндірістік қызметінің негізгі түрі – цемент өндіру. Сондықтан ол Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қазығұрт кен орнынан әктас алып, тау-кен жұмыстарын жүргізеді. Оның иелігінде шынымен де екі ірі карьер бар: "Северный" және "Южный"

"Соның ішінде "Северный" телімі Ақбастау ауылынан 400 метр ғана қашықтықта орналасқан. Онда "ШымкентЦемент" 1997 жылғы 10 қарашадағы екі келісімшарты негізінде әктасты (известняк) және саз (суглинки) өндіру жұмыстарын жүргізуде. Алайда шағым иесі сілтеме жасап отырған "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекстің 25-бабы нормаларының қолданылуы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылады. Осыған орай, Кодекстін 25-бабына қатысты толық түсініктеме алу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүгіну орынды деп санаймыз", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз блогында.

Ендеше жер қойнауын игеру талаптарының бұзылуына қатысты шағыммен жұртшылық Бейбіт Атамқұловтың министрлігіне жүгінуі керек.

Ал Экология кодексі талаптарының бұзылып жатқаны ше?

"Түркістан облысы бойынша экология департаменті 2021 жылы 26 сәуірде "ШымкентЦемент" АҚ-ның Қазығұрт кен орнының "Северный" учаскесінде экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Қазығұрттан әктас өндірудің тау-кен жоспары үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2020 жылғы 24 желтоқсанда беріпті. Алайда осы тексеру нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталды", – деді М.Мырзағалиев.

Сондықтан департамент биылғы 28 сәуірде "Шымкентцемент" АҚ-ын Әкімшілік кодекстің 332-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл бап аса жұмсақ жаза қарастыратынына назар аударған жөн: жеке тұлғаларға – 10, орта кәсiпкерлiкке – 50, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 350 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. "ШымкентЦемент" – ірі кәсіпорын саналады. Ол үшін 1 млн теңгедей айыппұл шыбын шаққанмен бірдей болса керек.

Экология министрлігі ең салмақты жаза – "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңда белгіленгенін еске салды: оған сәйкес әлгі қос ауданның әкімдіктері өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте Әкімшілік кодексінің 145-бабы бойынша тарихи-мәдени мұра объектілеріне қатысты талапты бұзған кәсіпорынның жұмыстары тоқтатылады. Әрі 250 АЕК айыппұлы да бар. Бұған қоса, экологиялық ведомство Қылмыстық кодекстің 203-бабында ерекше құндылығы бар заттарды қасақана бүлдіргені үшін – 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы барын ескертті.

Алайда Мәдениет және спорт министрлігі де, Түркістан облысының әкімдігі де әзірге бұл қадамға бармады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу