Қоғамдық ұйымдар баюдың тағы бір көзіне ие болмақ

11950

Тұтынушылар сот арқылы өндірген өтемақының үштен бір бөлігін салалық қоғамдық ұйымдардың алып қоюын заңдастыратын заң жобасы әзірленуде.

Қоғамдық ұйымдар баюдың тағы бір көзіне ие болмақ

"Жаңа Қазақстанда" қоғам белсенділерінің, үкіметтік емес ұйымдардың дәурені жүретінге ұқсайды. Мысалы, "Қазақстан халқына" қорына қазірдің өзінде 50 миллиард теңгедей қаражат жиналған. Сонша қаражат Аружан Сайынның және басқалардың қайырымдылық қорларына аударылып, солар арқылы таратылуы ықтимал.

Қоғамдық ұйым кәсіпкерді түзей ме?

Енді Үкімет қоғамдық ұйымдарға тағы бір қаржы көзін ұсынып отыр. Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің түсіндіруінше, әңгіме сот шешімі бойынша тұтынушыға өтелетін сомадан алып, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне 30% көлемінде сыйақы беру туралы болып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, егер алданған, зардап шеккен тұтынушы қоғамдық ұйымға көмек сұрап жүгінсе, соңынан оның көмегімен немесе онсыз, сот арқылы айыптыдан 100 мың (не 1 млн) теңге өндірсе, онда қоғамдық ұйым соның 30 мыңын (немесе 300 мыңын) талап етіп, алып қоюына жол ашылады және мұнысы заңдастырылады.

Бұл схема риелторлық қызметке ұқсас: баспана алуға ниетті адам риелтор қызметіне жүгініп, ол оны пәтер сатушымен байланыстырады, бірақ саудаласуда, бағаны түсіруде, үйдің кінәрат-ақауларын анықтауда, мәмілені рәсімдеуде еш көмектеспеуі мүмкін. Соған қарамастан қос тарап келісімге келіп, жылжымайтын мүлік сатылса, риелтор екі тараптан да өз үлесін, ақысын талап етеді.

Осы орайда "тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұтынушы құқығын қорғаушы ұйымдарды кәсіпкерді қорқытатын құрал, қолшоқпар есебінде пайдаланғысы келіп отырған жоқ па?" деген сұрақ туады. Өйткені ведомствоның байламынша, 30 пайыздық алым енгізу "кәсіпкерлік субъектілерін тұтынушылық дауларды соттан тыс тәртіппен және мемлекеттік органдардың араласуынсыз шешуге ынталандыруға", итермелеуге тиіс екен.

"Реттеуді енгізудегі мақсат қандай? Біріншіден, бизнес-қоғамдастық тұтынушылық шағымдарды сот немесе меморгандарда қарауға дейін жеткізбей, өз қызметін өзі реттеуге және ондағы теріс факторлардан өз бетінше арылуға ынталандырылады. Екіншіден, осы тетік арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктер қаржылық қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, мемлекеттік және сот органдарының тұтынушылардың өтініштерін қарау жүктемесі азайтылады", – деген сенімде комитет.

Сондықтан сотта және меморгандарда тұтынушылар мүддесін ұсынатын қоғамдық ұйымдар сот арқылы өндірілетін соманың 30%-ын өз сыйақысы ретінде заңды түрде алып қоя алатын болады. Бұл жерде шешуші бір ұғым – "сот арқылы". Яғни, кәсіпкер мен тұтынушы дауды сыртқа шығармай, сотқа жеткізбей, өзара реттей салса, қоғамдық ұйым олардан отыз пайыздық сыйақы талап етпейді. Тіпті білмей қалады.

28 миллион сыйақы ала алатын еді

Мұндай тетік Бақыт Сұлтановтың министрлігі әзірлеген "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар жобаларында қарастырылған.

Бұл құжаттарда сотта және меморгандарда өкілдік ету қызметтерін жүзеге асыратын тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне сот шешімі бойынша тұтынушыға өтелетін сомадан сыйақы (30% мөлшерінде) есептеу жөніндегі норманы енгізу ұсынылады.

Бұл тетікті енгізу кезеңдері шамамен 2023-2024 жылдарды қамтымақ.

Қалай болғанда, саланы реттеу мәселесі баяғыда пісіп-жетілді, тіпті шіріп кетті десе болады.

Мәселен, салаға жауапты Сауда және интеграция министрлігі 2019 жылы азаматтардан түскен 5 977 өтінішті ғана қараса, 2020 жылы шағымдар легі бірден 20 919-ға дейін өсті. Ал 2021 жылдың 10 айында тіпті 2020 жылғы бір жылдық көлемнен асып түсті.

Өтініштердің ауқымы өзге меморгандар бойынша да күрт артты. Мәселен, 2019 жылы ІІМ, Бас прокуратура және басқа да меморгандарға шамамен 30 мың өтініш түссе, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 48 876 болды. Ал 2021 жылдың 6 айында 26 161 өтініш қаралды.

Айта кететін жайт, қазақстандықтар тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына көп сенбейді, олардың қызметіне жүгінуге құлықсыз. Нақтылай кетсе, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тұтынушылық даулар бойынша соттарға шамамен 565 талап арыз ғана берген және тұтынушыларға небары 94 млн теңгедей өтемақы өндіре алыпты.

Демек мына тетік болғанда, олар 28,2 миллион теңге сыйақы ала алатын еді. Бұл тетік іске қосылған соң бұл ұйымдардың белсенділігі риелторлардай күрт артуы мүмкін. Себебі сыйақы – аса қомақты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу